ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІНІҢ ҚАЙРАТКЕРІ

ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІНІҢ ҚАЙРАТКЕРІ

Бүгін аудан әкімдігінің қолдауымен Манап Көкенов атындағы Жаңақорған аудандық мәдениет үйінде «Тұлға. Тарих. Тағылым» атты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Құрмет", " Парасат" ордендерінің иегері, журналист, баспагер, аудармашы және публицист Нұрмахан Оразбекті еске алу кеші өтті. 

Кешке жиналған қауым қаламгердің кітаптарымен танысып, "Қазақстан" баспасынан жарық көрген кітаптар көрмесін тамашалады.

Алғашқы құттықтау сөз алған аудан әкімі Руслан Рүстемов: «Қаламгер – рухани күштің қайнар бұлағы секілді замана бейнесін зиялы көзбен шеберлікпен суреттейтін шығармашылық өкілі. Бұл тұрғыда Нұрмахан Оразбек – бейбіт өмірдің батыры, қазақ баспасөзінің қайраткері, халықтың мұң-мұқтажын жүрек сүзгісінде саралаған замана заңғары» деп атап өтті.  

Қаламдас әріптестері ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, Мамадияр Жақып, Исрайыл Сапарбай, Серік Ақсұңқарұлының лебізін экраннан тамашалаған көпшілік, Түркістаннан келген ақын Нұрмахан Назаров, Н.Төреқұлов атындағы халықаралық қор басшысы Әбдіжаппар Сапарбай, жазушы-сатирик Нұрмахан Елтайдың естеліктерін тыңдады.

Баспагер Нұрмахан Оразбектің ісін жалғаушы "Қазақстан" баспасының директоры, асыл жары Адия Әбдірәйімқызына ерекше құрмет көрсетіп, алғысын білдірді.

Еске сала кетейік, Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның бастамасымен "Қазақ үні" ақпарат агенттігінде "НҰРМАХАН ОРАЗБЕККЕ “ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ” АТАҒЫН БЕРЕР КЕЗ КЕЛДІ" атты ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жазылған Ашық хат жарияланған болатын.  Бұл 1991 жылы 19 тамызда Кеңес Одағында болған тамыз бүлігінің 30 жылдығы қарсаңындағы ұлт зиялыларының ұсынысы еді. Ашық хатқа Ұлықбек Есдәулет, Дулат Исабеков, Бексұлтан Нұржеке, Смағұл Елубай бастаған көптеген зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері қол қойды.

Құрамында 5 Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, 3 ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, 12 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 40 шақты түрлі халықаралық, республикалық әдеби-мәдени сыйлықтардың иегерлері, барлығы есімдері елге белгілі 50-ге жуық Ұлт зиялысы қол қойған Ашық хатқа қарашаның 4 күніжауап келген болатын

Жауап хатта Мәдениет және спорт вице-министрі Н. Дәуешов «ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ» атағына ұсынылған Н.ОРАЗБЕКТІҢ құжаттары 2022 жылы ҚАРАСТЫРЫЛАТЫНЫН хабарлаған.