НҰРМАХАН ОРАЗБЕККЕ “ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ” АТАҒЫН БЕРЕР КЕЗ КЕЛДІ
2021 ж. 02 маусым
4554
42
ҚР Президенті Қ,Тоқаевқа Ашық хат
1991 жылы 19 тамызда Кеңес Одағында болған тамыз бүлігінің 30 жылдығы қарсаңындағы ұлт зиялыларының ұсынысы
- Бұл “Халық Қаһарманы” атағы мен есте қалдырулар, ескерткіштер Нұрмахан Оразбекке емес, ең әуелі мәңгілік ел болам дейтін қазақ халқына керек! Жер бетіне 70 жыл ойран салған тоталитарлық қоғамның соңғы рет тұяқ сепіген сәтінде оған өршелене қарсы шыққан қайсар тұлғаның қазақтың баласы екендігін ғаламға паш етіп көрсету үшін керек бізге!
Осыдан оншақты жыл бұрын Ресей тағы бiр дүрлiктi. Алтай қыс ұйқыда жатқан орыс аюы орнынан қорбаңдап тұрған. Соңғы президент сайлауына көңiлi толмаған орыс оппозициясы Мәскеудегi қарсылық акциясына қарай ағылды. Оппозиционер-блогер Алексей Навальный ереуiлшiлердi “Чистые пруды” булварындағы “түсiнiксiз қазақ” – Абай ескерткiшi басына жиналуға шақырды. Сол-ақ екен, саяси шеруден хабардар болып, интернетке көз телмiртiп отырғандардың бiреуiнiң: “Ех, Алеша, Абайдың кiм екенiн бiлмегенiң атыңа ұят емес пе?! Нағыз от ауызды оппозиционер Абай емес пе?! -дегенi күллi жер жаһанға жарық жылдамдығымен тарап кеттi. Содан бастап, Батыстағы “окупайуоллстрит” қозғалысына пара-пар “окупайабай” шеруi басталды да жөнелдi. Ресейдiң “Альпина нон фикшн” баспасы сол кезде Абай шығармаларын 330 данамен шығарды. “Өте ме, өтпей ме?” - деген күдiгi болған. Баспа директоры Павел Подкосов оның бiрiншi күнi-ақ сатылып кеткенiн аң-таң қалып айтады. Сонан соң iле-шала 3 мың тиражбен қайта шығарған. Ол да лезде жоқ болады... Абай шығармалары орыс тiлiне әлi өз мәнiнде тәржiмаланып жеткен жоқ. Шала аудармасының өзi құдайы көршiмiздi шалқасынан түсiрдi! Мәскеудегi оппозициялық шерулердi ұйымдастырушылардың бiрi Борис Акунин “Азаматтық белсендiлiк қандай жақсы едi! “Чистые прудыда” отырамын деп, Абайды оқып шықтым, ғажап ақын!” – деп жазады “Альпина нон фикшн” баспасынан шыққан Абай кiтабы хақында. Ресейлiк ақын, әдебет сыншысы Лев Рубинштейн “Бiр ғажайып арқасында Мәскеудiң құрметтi адамы әрi еркiндiк символына айналған дала данышпаны Абай ендiгi жерде еркiндiк сүйгiш Мәскеу жұртымен бiрге жер-жаһанды аралап, өзiнiн бостандық, еркiндiк құқығын талап ететiн болды!” – деп жазды.
Сыңсыған қалың орманның iшiнде аузы аққа жарымай, аш-жалаңаш, шытымыр аяз, азынаған жел өтiнде еркiндiк пен тоқшылықты аңсап өсiп, патшалық-советтiк империялардың темiр шеңгелiне түскен шерлi орыс жұрты Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Блок, Есенин, Евтушенко, Вознесенский сынды аузымен құс тiстеген арқалы ақындарын аттап өтiп, неге Абайдың басына келiп, ботадай боздап тұр? Орыс тарихының арғы жағына бармай-ақ, бергi жағын шолып өтсеңiз, бiрiмен-бiрi iркес-тiркес, қым-қуыт тарихи оқиғалар көз қарықтырады. 1917-жылғы Қазан төңкерiсi, жекеменшiктi жаппай тәркiлеп, бай-бағыландарды жер аударып, атып-асу, қанды қасап репрессия, ұлы отан соғысы, халық шаруашылығын қалпына келтiру, қырғи қабақ соғыс, соңынан Совет одағы секiлдi алып империяның шаңырағының ортаға түсуi—ормандай орыс жұртының жүрегiне зiлдей салмақ түсiрiп, қабырғасын қақыратып-ақ кеттi. Содан берi отыз жыл өткен екен. Бұл—ер жiгiттiң ат жалын тартып мiнiп, азамат атанар тұсы. Не өзгердi?
Орыстар Абайдың Алашқа ғана емес, адамзатқа айтқан сөзiн оқығанда көктен Ғайса түсiп, жерден Мәдi шыққандай болды! Қалың орыс “түсiнiксiз қазаққа” Мұхтар Әуезовтiң “Абай жолы” романы жарық көргенiнен соң, 70 жылдан кейiн қайтадан жалт қарады. Бiрақ... Орыс империясына “түсiнiксiз” болған жалғыз қазақ Абай ғана ма?! Орыс отаршылдығына жанталаса қарсы шығып, өз елiндегi сатқындар мен түбi бiр түркi – қырғыз бай-манаптарының қолынан қаза тапқан қазақтың соңғы ханы Кеңесары Қасымов, Исатай – Махамбет, Қыпшақ Кейкi, Оспан баһадұр, жыртқыштың бодауынан сытылып шығып, өз алдына қазақтың ұлттық мемлекетiн құрмақ болған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Мiржақып Дулат, Жанша, Халел Досмұханбетовтер, Мағжан Жұмабай, осы өзіміздің Әлiмхан Ермеков, Мұхаметжан Тынышбайұлы, Жақып Ақбайұлы, Мұстафа Шоқай, Халел Ғаппасұлы және т.б.с.с. Алашорда қайраткерлерi, герман-орыс соғысында жауды Мәскеу түбiнде тоқтатқан полковник Бауыржан Момышұлы, Рейхстагтың төбесiне жеңiс туын бiрiншi болып желбiретiп, атаусыз қалған Рахымжан Қошқарбаев, төсекте басы, төскейде малы қосылған түрiк-славян жұртының тiлiн зерттеп, орыс эпосы “Игорь жасағы туралы жырдың” төркiнiн түркiден шығарып, басы дауда қалған Олжас Сүлейменов… Құдайы көршiмiздiң “түсiнбей” қалған “түсiнiксiз” қазақтарын санап шығуға осы заманғы электронды есептегiш құралдардың шама-шарқы жетер ме екен, жетпес пе екен?
Осыдан отыз жыл бұрын болған оқиға, тағы бiр “түсiнiксiз қазақ” туралы айтудың ретi бүгiн келiп отыр. 1991 жылы тамыздың 19-шы жұлдызы күнi таң азанындағы Мәскеу радиосының хабарлары КСРО Жоғары Кеңесi төрағасы Лукьяновтың мәлiмдемесiмен басталды. Содан кейiн КСРО вице-президентi Янаевтың жарлығы оқылды. Iле-шала кеңес басшылығының мәлiмдемесi жарияланды. М.С.Горбачевтың денсаулығына байланысты өзiнiң мiңдеттерiн орындай алмауына, бұл мансаптың Янаевтың қолына көшуiне байланысты елдiң жекелеген жерлерiнде алты айға төтенше жағдай енгiзiлдi. КСРО-да төтенше жағдай жөнiндегi Мемлекеттiк Комитет құрылып, оның құрамына Қорғаныс кеңесi төрағасының бiрiншi орынбасары Бакланов, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасы Крючков, премьер-министр Павлов, iшкi-iстер министрi Пуго, КСРО шаруалар одағының төрағасы Стародубцев, Мемлекеттiк кәсiпорындар ассоциациясының төрағасы Тезяков, Қорғаныс министрi Язов, КСРО Президентi мiндетiн атқарушы Янаев кiргенiн хабарлады.
Сол күнi Қарағанды облыстық “Орталық Қазақстан” газетiнiң бас редакторы Нұрмахан Оразбеков кеңсесiнiң есiгiн жауып алып, бiр мақала жазды. Айдары: “Жексенбiден дүйсенбiге қараған түнi Кеңес Одағында төңкерiс жасалды». Тақырыбы: “Иә, бұл – төңкерiс!”. “Иә, көреген саясатшылар әлдеқашан айтқан диктатура қатерi iс жүзiне айналды, – деп жазды Нұрмахан Оразбеков, – Заңды сайланған Президенттiң денсаулығы кенеттен нашарлап, елдi басқара алмайтын жағдайға жеттi деген қып-қызыл өтiрiкке сене қоятын ақымақ бүгiнде күндiз қолыңа шам алып iздесең де табыла қоймас. Иә, бұл – қып-қызыл төңкерiс!”
Газеттiң ертеңгi санына кетiп бара жатқан материалды секретариаттағы, басқа да жiгiттер оқиды. Сол кезде редакцияға жазушы Жайық Бектұров келе қалады. Бұл өзi сталиндiк репрессияның өткелегiнен өткен өте сақ адам.
– Бiр тыңдаса, Сiздi тыңдайды, сөйлесiңiз! –деседi жiгiттер. Жақаң:
– Ең болмаса, шапкасын жұмсартсайшы. «Кеңес Одағында маңызды оқиға болды» десең де, жетедi ғой. Көкейiмiздегi сөзiмiздi айтамыз деп, көрдiк қой азапты! –дейдi.
Сонда Н.Оразбеков:
– Жақа, сөздi шығын қылмаңыз. Ендiгi кезек бiздiкi шығар, бәлкiм. Тағдыр солай болса, бұқпантайлағанмен құтыла алмаспыз! – деп көнбеген.
Тәңiрi сол кезде Қазақстанның Халық Қаһарманы атағын осы Нұрмахан Оразбековтiң маңдайына жазғандай едi. Ол сол кезде, қазақ өз алдына, аузы дуалы орыс журналистикасы да айта алмаған сөзді айтқан! Бiрақ, оны өз Тәуелсіздігін елден кеш алған өзiнiң қазағы да, ойы озық, демократияшыл орыс көршiсi де түсiнген жоқ... Ол кезде ақылымыз алтау, ойымыз жетеу болған шығар? Содан бері 30 жыл өтті. Есімізді әлі жиған жоқпыз ба?!
Нұрмахан Оразбеков–“Орталық Қазақстанның” редакторы боп келген бетте газеттiн мандайындағы “Барлық елдердiң пролетарлары, бiрiгiңдер!” – деген ұранды алып тастаған адам. “Кiтабы жоқ жазушы” Жайық Бектұровтың сандығында 30-40 жыл бойы жарыққа шықпай, сарғайып жатқан Алашорда ардақтылары туралы жазбалар осы газетте жалғанның жарығына шықты. Мағжан Жұмабайдың “Батыр Баян” дастанын осы газет республикада бiрiншi болып жариялады.
Тамыз бүлігі кезінде,-- қалың орыс орманының өзі ұйқыдан ояна алмай, озат ойлы орыс журналистері үндей алмай қалғанда, Алаштан алдаспандай жарқырап шығып: “Бұл--мемлекеттік төңкеріс!”-деп жаһанға жар салған журналист Нұрмахан Оразбектің есімі ұмылылмауға тиіс!
Ал сол тамыз бүлігінде Мәскеудегі топалаңның арасында танкінің астына түсіп қап, мерт болған үш адамына “Ресейдің Батыры” атағын бергенін еске сала кетейік.
Ал Қазақтың қайсар қаһарманы Нұрмахан Оразбек ондай ерлікке, ондай құрбандыққа өзі ұстаз тұтып өткен Алаш арыстарындай саналы түрде барды!
Егер ТЖМК (ГКЧП) біраз уақыт болса да, өмір сүріп кеткенде, олардың нөмірі бірінші жауы Нұрмахан Оразбек болар еді де, қарауылға алғашқы болып ілінер еді…
“Ел болған соң ер туғызбай отыра алмайды” (Мағжан) дегенімізбен, құрсағынан жаралған ер-ұлдарының қадір-қасиетін білмесе, елдің де еңсесі төмендей береді ғой?..
Сонымен, біздің ұсынысымыз:
1.Биыл-- Ұлттық Тәуелсіздігімізге отыз жыл. Осы ұлыстың ұлы жылы қарсаңында Нұрмахан Оразбекті “Халық қаһарманы” атағымен марапаттайтын кезең келді!
2.Туған жері Түркістан мен еңбек еткен жері Алматыдан Нұрмахан Оразбектің атына көше беру және мектеп атын берк мәселелерін жедел қолға алу қажет!
3.Туған жері Түркістанда, еңбек еткен жері Қарағандыдағы облыстық “Орталық Қазақстан” газеті алдында және Алматыда ескерткіш-бюстін орнату керек.
Бұл “Халық Қаһарманы” атағы мен есте қалдырулар, ескерткіштер Нұрмахан Оразбекке емес, ең әуелі мәңгілік ел болам дейтін қазақ халқына керек! Жер бетіне 70 жыл ойран салған тоталитарлық қоғамның соңғы рет тұяқ серпіген сәтінде оған өршелене қарсы шыққан қайсар тұлғаның қазақтың баласы екендігін ғаламға паш етіп көрсету үшін керек бізге!
Құрметпен,
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты;
Дулат ИСАБЕКОВ, жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты;
Бексұлтан НҰРЖЕКЕ, жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Смағұл ЕЛУБАЙ, жазушы, ҚР Еңбегі сіңген қайраткері,
Исраил САПАРБАЙ, ақын. “Парасат” ордені иегері, Тәуелсіз “Тарлан-Платина” сыйлығының лауреаты;
Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты;
Құлбек ЕРГӨБЕК, филология ғылымы докторы, профессор;
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ, ақын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты,
Көпен ӘМІРБЕК, сатирик, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты;
Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, ақын, “Жұлдыз” журналы бас редакторы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері;
Жарылқап БЕЙСЕНБАЙ, журналист, жазушы;
Темірғали КӨКЕТАЕВ, физика ғылымы докторы, профессор;
Әлихан БӘЙМЕН, мемлекет және қоғам қайраткері;
Қазыбек ИСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,
Жанарбек ӘШІМЖАН, журналист, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты,
Мақпал МЫСА, ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты;
Мамадияр ЖАҚЫП, Қазақстанның Құрметті журналисі;
Сейітқазы МАТАЕВ, ҚР Журналистер одағының төрағасы;
Жанғали ЖҮЗБАЙ, Қазақстанның Еңбегі сіңген қайраткері; күйші, профессор;
Бөрі ИСА, ҚР Мәдениет қайраткері, профессор, күйші;
Бейсенбай СҮЛЕЙМЕНОВ – жазушы, қоғам қайраткері. Президент сыйлығының лауреаты;
Қалдыбек ҚҰРМАНӘЛІ, композитор, Қазақстанның Еңбегі сіңген қайраткері;
Дәурен ҚУАТ, жазушы, “Қазақ әдебиеті” газеті Бас редакторы, Халықаралық Алаш сыйлығы лауреаты;
Құлтөлеу МҰҚАШ, “Қазақ үні” газеті Бас редакторы, Қазақстанның Мәдениет қайраткері;
Зейнолла АБАЖАН, журналист, ҚР Ақпарат ісінің үздігі;
Нұргелді ӘБДІҒАНИ, “Абайкз” порталы Бас редакторы, ҚР Ақпарат ісінің үздігі;
Ақылбек ИСАБЕКОВ - заң ғылымдарының докторы, профессор;
Алмас МӘУЛЕНОВ – филология ғылымдарының докторы, профессор;
Әбжаппар ӘБДӘКІМОВ, тарих ғылымының докторы;
Әлібек ШЕГЕБАЙ – ақын, Қазақсьанның “Серпер” жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облысы филиалы төрағасы;
Жексенбек НҰРЖАУОВ – ҚР Мәдениет қайраткері, күйші;
Зейін ӘЛІПБЕК– журналист. ҚР журналистер кәсіподағының президенті.
Қойлыбай АСАН, филология ғылымы докторы;
Бекжан ӘШІРБАЕВ – ақын, композитор;
Тыныс ӘМЕТҰЛЫ, Қазақ ССР Оқу-ағарту ісінің үздігі;
Нұрлан ӘБДІБЕК, ақын, журналист, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың лауреаты;
Геройхан ҚЫСТАУБАЙ, журналист, қоғам қайраткері;
Жомарт ЖЕҢІС, тарих ғылымы кандидаты, профессор, "Күлтегін" ғылыми зерттеу орталығының директоры.
Жылбек СЕНБЕКҰЛЫ – журналист;
Алмас АҚЫЛБЕК – Түркістан облысы «Отырар алқабы» газетінің бас редакторы.
Асқар ДҮЙСЕНБІ– ақын, композитор, ғалым.
Әбдімәлік БЕЛГІБАЙ, журналист, Қ.Қазиев атындағы сыйлықтың лауреаты;
Бағлан ОМАР– күйші-композитор, продюсер;
Бекбала АҚЫЛБЕКОВ - Атырау облыстық прокуратурасының басқарма бастығы.
Алтынбай МҰСА, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, “Алтын Алма” отбасылық ансамбль жетекшісі;
Азамат ТАСҚАРАҰЛЫ, ақын, Qazaquni.kz ұлттық порталы Бас редакторы, Мемлекеттік “Дарын” жастар сыйлығы лауреаты.
“Қазақ үні” газеті