«ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ» атағына ұсынылған Н.ОРАЗБЕКТІҢ құжаттары 2022 жылы ҚАРАСТЫРЫЛАДЫ – вице-министр Дәуешов
2021 ж. 04 қараша
1455
0
Биыл, 2021 жылдың 2 маусымында “Қазақ үні” газетінде «НҰРМАХАН ОРАЗБЕККЕ “ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ” АТАҒЫН БЕРЕР КЕЗ КЕЛДІ» атты ҚР Президенті Қ,Тоқаевқа Ашық хат жарияланды. Бұл 1991 жылы 19 тамызда Кеңес Одағында болған тамыз бүлігінің 30 жылдығы қарсаңындағы ұлт зиялыларының ұсынысы еді.
Құрамында 5 Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, 3 ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, 12 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 40 шақты түрлі халықаралық, республикалық әдеби-мәдени сыйлықтардың иегерлері, барлығы есімдері елге белгілі 50-ге жуық Ұлт зиялысы қол қойған Ашық хатқа жақында жауап келді.
Алдымен Ашық хаттың маңызды тұстарымен қысқаша таныстырып өтейік.
«Сол күнi, 1991 жылдың 19 тамызында Қарағанды облыстық “Орталық Қазақстан” газетiнiң бас редакторы Нұрмахан Оразбеков кеңсесiнiң есiгiн жауып алып, бiр мақала жазды. Айдары: “Жексенбiден дүйсенбiге қараған түнi Кеңес Одағында төңкерiс жасалды». Тақырыбы: “Иә, бұл – төңкерiс!”. “Иә, көреген саясатшылар әлдеқашан айтқан диктатура қатерi iс жүзiне айналды, – деп жазды Нұрмахан Оразбеков, – Заңды сайланған Президенттiң денсаулығы кенеттен нашарлап, елдi басқара алмайтын жағдайға жеттi деген қып-қызыл өтiрiкке сене қоятын ақымақ бүгiнде күндiз қолыңа шам алып iздесең де табыла қоймас. Иә, бұл – қып-қызыл төңкерiс!»
Тәңiрi сол кезде Қазақстанның Халық Қаһарманы атағын осы Нұрмахан Оразбековтiң маңдайына жазғандай едi. Ол сол кезде, қазақ өз алдына, аузы дуалы орыс журналистикасы да айта алмаған сөзді айтқан! Бiрақ, оны өз Тәуелсіздігін елден кеш алған өзiнiң қазағы да, ойы озық, демократияшыл орыс көршiсi де түсiнген жоқ... Ол кезде ақылымыз алтау, ойымыз жетеу болған шығар? Содан бері 30 жыл өтті. Есімізді әлі жиған жоқпыз ба?!
Нұрмахан Оразбеков–“Орталық Қазақстанның” редакторы боп келген бетте газеттiн мандайындағы “Барлық елдердiң пролетарлары, бiрiгiңдер!” – деген ұранды алып тастаған адам. “Кiтабы жоқ жазушы” Жайық Бектұровтың сандығында 30-40 жыл бойы жарыққа шықпай, сарғайып жатқан Алашорда ардақтылары туралы жазбалар осы газетте жалғанның жарығына шықты. Мағжан Жұмабайдың “Батыр Баян” дастанын осы газет республикада бiрiншi болып жариялады.
Тамыз бүлігі кезінде,-- қалың орыс орманының өзі ұйқыдан ояна алмай, озат ойлы орыс журналистері үндей алмай қалғанда, Алаштан алдаспандай жарқырап шығып: “Бұл--мемлекеттік төңкеріс!”-деп жаһанға жар салған журналист Нұрмахан Оразбектің есімі ұмытылмауға тиіс!
Сол тамыз бүлігінде Мәскеудегі топалаңның арасында танкінің астына түсіп қап, мерт болған үш адамына “Ресейдің Батыры” атағын бергенін еске сала кетейік.
Ал Қазақтың қайсар қаһарманы Нұрмахан Оразбек ондай ерлікке, ондай құрбандыққа өзі ұстаз тұтып өткен Алаш арыстарындай саналы түрде барды!
Егер ТЖМК (ГКЧП) біраз уақыт болса да, өмір сүріп кеткенде, олардың нөмірі бірінші жауы Нұрмахан Оразбек болар еді де, қарауылға алғашқы болып ілінер еді…
“Ел болған соң ер туғызбай отыра алмайды” (Мағжан) дегенімізбен, құрсағынан жаралған ер-ұлдарының қадір-қасиетін білмесе, елдің де еңсесі төмендей береді ғой?..
Сонымен, біздің ұсынысымыз:
1.Биыл-- Ұлттық Тәуелсіздігімізге отыз жыл. Осы ұлыстың ұлы жылы қарсаңында Нұрмахан Оразбекті “Халық қаһарманы” атағымен марапаттайтын кезең келді!
2.Туған жері Түркістан мен еңбек еткен жері Алматыдан Нұрмахан Оразбектің атына көше беру және мектеп атын берк мәселелерін жедел қолға алу қажет!
3.Туған жері Түркістанда, еңбек еткен жері Қарағандыдағы облыстық “Орталық Қазақстан” газеті алдында және Алматыда ескерткіш-бюстін орнату керек.
Бұл “Халық Қаһарманы” атағы мен есте қалдырулар, ескерткіштер Нұрмахан Оразбекке емес, ең әуелі мәңгілік ел болам дейтін қазақ халқына керек! Жер бетіне 70 жыл ойран салған тоталитарлық қоғамның соңғы рет тұяқ серпіген сәтінде оған өршелене қарсы шыққан қайсар тұлғаның қазақтың баласы екендігін ғаламға паш етіп көрсету үшін керек бізге!»-дейді Ашық хат жазушылар.
Ашық хат авторларының ішінде қаламгерлерлер Дулат ИСАБЕКОВ, Бексұлтан НҰРЖЕКЕ, Смағұл ЕЛУБАЙ, Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ, Исраил САПАРБАЙ, Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ, Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ, Құлбек ЕРГӨБЕК, Әлихан БӘЙМЕН, Көпен ӘМІРБЕК, Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары , ақындар Қазыбек ИСА, Жанарбек ӘШІМЖАН, Мақпал МЫСА секілді секілді аттары алды әлемге белгілі қаламгерлер, қоғам мен мәдениет қайраткерлері және тб бар. (http://qazaquni.kz/.../158233-nurmaxan-orazbektin-esimi...)
Енді ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, ақын Қазыбек Исаның атына келген Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Н.Дәуешевтің осы Ашық хатқа жауабымен таныс болыңыздар.
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Исаға
Құрметті Қазыбек Жарылқасынұлы!
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) Сіздердің белгілі жазушы, журналист және баспагер Нүрмахан Оразбектің есімін ұлықтау бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың атына жазған ашық хаттарыңызды қарастырып, келесіні хабарлайды.
1. Нұрмахан Оразбекке «Халық қаһарманы» атағын беру мәселесіне қатысты:
Мемлекеттік наградалармен наградтауға ұсыну тәртібі «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 12 желтоқсандағы Заңына және Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 8 қарашадағы № 90 өкімімен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік наград аларымен наградтауға ұсынудың және оларды тапсырудың тәртібі туралы нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.
Бұл ретте Министрлікке үміткерлерден наградтауға қатысты бұрын келіп түскен құжаттар ағымдағы жылдың шілде айында Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияның отырысында қаралып, қорытынды шешім қабылдау үшін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияға жіберілгендігін жеткіземіз.
Осы орайда Министрлік Нұрмахан Оразбектің қолданыстағы заңнама талаптарына сай құжаттары жолданған жағдайда 2022 жылы жоспарланып отырған комиссия отырысында қарастыруға дайын екендігін хабарлайды.
2. Нұрмахан Оразбектің есімін Түркістан және Алматы қалаларындағы көшелерге және мектептерге беру бойынша:
Қолданыстағы «Қазақстан Республикасындагы тіл туралы» ҚР Заңының 25-1) бабы 1-тармағының 4) тармақшасына сәйкес Республикалык ономастика комиссиясы (бұдан әрі - Комиссия) жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары бойынша облыстық маңызы бар қалалардың қаладағы аудандарына, құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша қорытындылар береді.
Осы ретте аталған мәселелер ең алдымен жергілікті мәслихаттың тұрақты комиссиясында қаралып, облыстық мәслихат пен әкімдіктің бірлескен шешімімен Комиссияның қарауына ұсынылуы қажет.
Сонымен катар осы Заңының 25-1 бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес білім мекемелеріне атау беру мәселесі де жергілікті әкімдіктердің ұсыныстары негізінде жүзеге асырылады. Мәселе ең алдымен ұжымдық жиналыста қаралып, хаттамамен ресімделеді. Жергілікті білім басқармасының үсынысымен әрі қарай мәслихат пен әкімдіктің бірлескен шешімімен Комиссияның қарауына ұсынылады.
Осы ретте Алматы қаласы мен Түркістан облысы әкімдігі тарапынан аталған түлғаның есімін білім мекемесіне және көшелердің біріне беру туралы ұсыныс түскен жағдайда, мәселе белгіленген тәртіпке сәйкес Комиссияда қаралады.
Сондай-ақ. ағымдағы жылы өткізілетін Ұлттық санаққа байланысты 2021 жылғы 1 мамырдан 1 қарашаға дейінгі аралықта ономастикалық нысандарға (көше, даңгыл) атау беру және оларды қайта атау жұмыстарына уақытша шектеу қойылғанын жеткіземіз.
Өз кезегінде Алматы қаласы және Түркістан облысының мәліметіне сәйкес Ұлттық санақ өткеннен кейін Нұрмахан Оразбектің есімін Алматы, Түркістан қалаларындағы көшелердің біріне беру мәселесі қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес қарастырылатын болады.
3. Түркістан, Қарағанды және Алматы қалаларында ескерткіш орнату мәселесіне қатысты:
Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының 11 -бабы 9) тармақшасына сәйкес монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі жұмысты, сондай-ақ 10) тармақшасына сәйкес мемориалдық тақталарды орнату жөніндегі жұмысты облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары жүргізеді.
Осы орайда Нұрмахан Оразбекке ескерткіш орнату туралы Алматы қаласы және Түркістан, Қарағанды облыстарының әкімдіктерінен тиісті ұсыныс түскен кезде Министрлік өз құзыреті шегінде заңнамада белгіленген тәртіппен оны Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияның (бұдан әрі - Комиссия) қарауына ұсьнатынын жеткізеді.
Өз кезегінде Алматы қаласы, Қарағанды, Түркістан облыстарының ақпараттарына сәйкес:
Алматы қаласынының Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссиясының кезекті отырсының қарауына Нұрмахан Оразбектің өзі тұрған үйінің қабырғасына мемориалды тақта орнату мәселесі ұсынылатын болады.
Сондай-ақ Түркістан қаласында ескерткіш орнату бойынша ұсыныс 2022 жылы Комиссияның қарауына ұсынылатыны, ал Қарағанды қаласында аталған тұлғаға бюст орнату мәселесі «Монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 28 сәуірдеғі № 103 Бұйрығына сәйкес әкімдікке тиісті құжаттар ұсынылу қажеттігін мәлімдегенін назарыңызға ұсынамыз.
Вице-министр Н. Дәуешов