Желтоқсан көтерілісіне қатысқан 516 адам ақталды
2021 ж. 11 қазан
1923
1
Желтоқсан көтерілісіне қатысып, ақталғандардың саны 516 адамға жетті. Бұл жайында Мәжіліс депутаты, “Ақ жол” фракциясы мүшесі Қазыбек Исаның жариялаған сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабында айтылған, деп хабарлайды «Қазақ үні» тілшісі.
«Желтоқсан қаһармандарының ерлігін насихаттау мақсатында деректі фильм түсірілуде. Студент жастар арасында Халық қаһарманы Қ.Рысқұлбековтің құрметіне бокстан, Е.Сыпатаевтың құрметіне қазақша күрестен турнир ұйымдастырылады. Қазақтың батыр қыздары Л.Асанованың, С.Мұхамеджанованың және К.Молданазарованың құрметіне өңірлерде оқушылар арасында шығармашылық патриоттық іс-шара өткізіледі. Жалпы елімізде Желтоқсан қаһармандарына арналған алаңдар ашу, ескерткіш, монументтер орнату бойынша жұмыс бюджеттің мүмкіндіктеріне сәйкес жүргізілуде», - деп жауап береді Ералы Тоғжанов.
Вице-премьердің дерегінше, Тәуелсіздік алған уақыттан бері елімізде Желтоқсан оқиғасы мен оның қатысушылары есімімен 111 нысан ашылды. Бұдан бөлек, ҚР Президентінің 1991 жылғы 12 желтоқсандағы № 540 Жарлығына сәйкес елімізде желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтар қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауаптылықтан босатылды.
«1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысып, оқудан, жұмыстан шығып қалған азаматтардың «ақтау туралы» анықтаманы қолданыстағы заңнамаға сәйкес өзінің дәлелді құжаттарын жергілікті прокуратура органдарына ұсыну арқылы ала алады. Анықтама алу тәртібі барынша жеңілдетілген. 2020 жылы Алматы қаласында ақталған желтоқсандықтардың саны 400 адам болса, 2021 жылы 516 адамды құрады», - делінген жауапта.
Еске сала кетейік, биылғы жылдың 20 шілдесінде “Ақ жол” партиясының Алматы қалалық филиалы офисінде Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса Желтоқсан ардагерлері және тіл күрескерлерімен кездесу өткізген еді. Басты тақырып -Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығы және Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесі болды.
Қыркүйек айында ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Тоғжановқа Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына арналған депутаттық сауал жасаған болатын. Онда "Желтоқсан көтерілісі – ұлт азаттық көтеріліс ретінде танылып, бағалануы қажет" екендігі айтылған еді.
Депутаттық сауал қоғам мен Желтоқсан көтерілісі қатысушылары тарапынан қолдау тапты. Аталмыш сауалға Түркістан облысының Желтоқсан қаһармандары атынан профессор Бекжігіт Сердәлі өз пікірін редакциямызға жолдап, алғыс айтқан болатын.