Қазақ жастары кеңес империясына қарсы алаңға пұл сұрап шыққан жоқ - Тіл сұрап шықты! – Қазыбек Иса
2021 ж. 07 қыркүйек
2371
3
Желтоқсан көтерілісі – ұлт азаттық көтеріліс ретінде танылып, бағалануы қажет
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Тоғжановқа Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына арналған депутаттық сауал жасады, - деп хабарлайды «Қазақ үні» ақпарат агенттігі.
“Ақ жол” демократиялық партиясы ұлттық ұстаным жолында қашанда қайрат көрсетіп келеді. Біздің Ұлттық тарихымызда әлемге әйгілі Желтоқсан көтерілісінің орны ерекше!
1986 жылы әлемдік алпауытқа айналып тұрған қаһарлы Кеңес империясынан теңдік сұрап, Азаттық үшін алаңға шыққан көтеріліске биыл 35 жыл.
Жетпіс жылдық тас бұғау да жігерін жасыта алмаған, ұлттық намысын тұншықтыра алмаған Қазақ жастары алаңға шыққан күн - Тәуелсіз ел үшін ең қастерлі күндердің бірі болуы тиіс!
Қазақ жастары қылышынан қан тамған кеңес империясына қарсы алаңға жан үшін шыққан жоқ, нан үшін шыққан жоқ, Намыс үшін шықты! Пұл сұрап шыққан жоқ, Тіл сұрап шықты! Жоғалып бара жатқан Ұлттық Рухтың атойлап, алаңға шыққан аттаны еді бұл!
Әлемге әйгілі ақынымыз, қаһарман қайраткер, мұзбалақ Мұқтар Шаханұлы сол бір қиын кезеңде Желтоқсан ақиқатын Мәскеуде әшкерелеп, Кеңес одағынан әділдік талап еткен еді. Ал енді бодандықтан Бостандыққа қол жетіп, Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отырғанда, өз елімізде сол әділдік орнады ма?
Қазақ жастары қызыл қанын төгіп жүріп, Қызыл империядан талап еткен Ұлт мүддесі қазір Тәуелсіз Қазақ елінде қорғалып жатыр ма?
Ең бастысы - сол Тәуелсіздік жолында құрбан болып, ауыр зардап шеккен Желтоқсан қаһармандарының қазіргі жағдайы қалай?
Желтоқсан көтерілісінің Тәуелсіз ел тарихындағы зор маңызын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында айқын көрсетіп берді. «Биыл әйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тәуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мәні зор. Бұл орайда, Азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек», – деді мемлекет басшысы.
Алматыдағы Желтоқсан көтерілісі 70 жылдық Кеңес империясына қарсы көтерілген әлемдегі тұңғыш көтеріліс! Ол Кеңестер Одағындағы одақтас республикалардың Тәуелсіздік үшін күрес шеруін бірінші бастап берді.
Желтоқсанның сол бір ызғарлы күндері тек Алматыда ғана емес, Қазақстанның көптеген қалаларында халық кеңестік тоталитарлық режимге қарсы шыққаны белгілі. КСРО Ішкі істер министрлігі Алматы,Ташкент, Новосибирск, Челябинск Фрунзе, Тбилиси және тб қалалардағы бөлімшелерін Алматыға шұғыл жеткізіп, әскерлер саны 5700-ге жеткен.
Тек Алматы қаласының өзінде 8500-дей адам ұсталды. Оның 1772-і жараланды. Прокуратура 5324 адамды, Қауіпсіздік комитеті 850 адамды тергеген. Тұтқындалғандардан 600-дей адам ақталып шығып,103 адам сотталған.
Бұл мәліметтерге қарасақ, бұл қазір ешқандай да оқиға, немесе толқу емес, мұзды алаңда мұздай қаруланған қалың әскерге қарсы шыққан, жан алып, жан беріскен қан майдан, нағыз халық көтерілісі екеніне көз жеткізуімізге болады.
Ұлт мүддесін қорғап алаңға шыққан желтоқсандықтардың басты талабы - «Әр халыққа өз басшысы» деген ұран болды. Бұл 70 жылдық кеңес империясы тарихында билікке қарсы алғашқы ашық айтылған Тәуелсіздік идеясы, алғашқы айқас еді. Мыңдаған жастардың аяусыз жазаланып, қудалануы да, бұл жай оқиға емес, нағыз көтеріліс болғандығының айқын белгісі!
Ендеше неге Кеңес Одағының қызыл империясына қарсы шыққан Желтоқсан көтерілісі – ұлт азаттық көтерілісі ретінде танылмайды?!.
Алматыдағы Желтоқсан көтерілісінен кейін болған, қазақ жастарының қаһармандығынан қуат алған Баку, Тбилиси, Вильнюс қалаларындағы оқиғалар ұлт азаттық көтеріліс ретінде заңды танылып, ЮНЕСКО деңгейінде мойындалды.
Бізде 1916 жылғы Торғай, Қар¬қара ұлт азаттық көтерілістерінің 100 жылдығы, 1917 жылғы Алашорданың 100 жылдығы, Желтоқсанның 30 жылдығы мемлекеттік деңгейде атап өтілмеді.
1991 жылы ҚР Президентінің «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқандары үшін жазықсыз сотталғандарды ақтау туралы» Жарлығы шыққасын, нақақ сотталған 103 адамның 92- сі ақталған.
Желтоқсан көтерілісіне қатысқандардан тек тастүрмеде қанішерлер қолынан қапыда қаза тапқан қаһарманымыз Қайрат Рысқұлбековке ғана “Халық Қаһарманы” атағы берілді. Ал, Ресей 1991 жылғы 19 тамызда Мәскеуде болған ГКЧП бүлігінде топалаңда танкінің астына түсіп қалған үш адамға “Ресей Батыры” атағын берді. Біз неге ел тәуелсіздігі жолындағы нағыз көтерілісте алаңға шыққаны үшін мерт болған Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджановаларға «Халық Қаһарманы» атағын бермеске?
Желтоқсан көтерілісіне қатысып, оқудан, жұмыстан шығып қалып, сол кездегі қоғамдық-саяси ортадан қуғын-сүргін көріп, моральдық зардап шеккенін әлі растай алмай, анықтама ала алмай жүрген азаматтар әлі көп. Оларды «Желтоқсан көтерілісіне қатысушы» ретінде тануда қаптаған қолдан жасалған бюрократиялық кедергілер тосқауыл болуда. Жалпы, Желтоқсан көтерілісі күндері Ел болашағы үшін, ерлік көрсетіп, әділдік сұрап алаңға шыққандардың барлығын «Желтоқсан көтерілісіне қатысушы» деп тану керек.
Сол бір қаһарлы, қиын кезеңде Азаттық үшін алаңға шыққандардың бәрі батыр, бәрі бақытты!
Енді бүгінде «Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы» ҚР заңына Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларға жеңілдік қаралатын арнайы өзгеріс енгізу керек. Қазіргі қолданыстағы заң бойынша Желтоқсандықтарға болмашы жеңілдіктер тек зейнетке шыққанда ғана немесе мүгедек болып қалғандарға ғана қаралған. Желтоқсанда мұзды алаңда қарулы әскермен қақтығысып, қуғын-сүргіннен денсаулықтары сыр берген желтоқсандықтардың зейнетке жететіндері де санаулы шығар...
Қазақстан Президент арнайы атап айтқан Желтоқсанның 35 жылдығын біздің үкімет қалай атап өтпекші? Әзірге біз білетін алғашқы «сыйлық»- Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Желтоқсан атындағы жалғыз көшенің атын алып тастау болды!?. Міне, осындай масқараға да куә болып отырмыз!?.
Осы мәселелерге орай «Ақ жол» партиясының ұсыныстары:
1. 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Кеңестік қызыл империяға қарсы шыққан Желтоқсан көтерілісі – ұлт азаттық көтеріліс ретінде танылып, бағалануы қажет. Желтоқсандықтарға «Желтоқсан көтерілісіне қатысушы» құқықтық мәртебесі берілуі керек.
2. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев еліміздегі айрықша атаулы күндер қатарында атаған Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығы ресми деңгейде атап өтілуі керек.
3. Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы заңға Желтоқсан көтерілісіне қатысушыларды қолдап, көтермелейтін арнайы өзгеріс енгізілуі керек.
4. Желтоқсан көтерілісіне қатысып, оқудан, жұмыстан шығып қалғанын әлі растай алмай жүрген азаматтарды «Желтоқсан көтерілісіне қатысушы» ретінде тануда қолдан жасалған қаптаған кедергілерді жойып, анықтама алуды жеңілдету керек.
5. Азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы тиіс. Жастарымызға патриоттық тәрбие беру үшін оқулықтарда жеткілікті жазылуы қажет.
Қазақстан қалаларында Желтоқсан қаһармандарына арналған алаңдар ашылып, монументтер орнатылуы тиіс.
Құрметпен, «Ақ жол» фракциясы мүшелері