Желтоқсан көтерілісінің қатысушылары Қазыбек Исаға алғыс айтты
2021 ж. 08 қыркүйек
2006
0
Кеше ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Қазыбек Иса ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына арналған депутаттық сауал жасағанын хабарлаған болатынбыз.
Аталмыш депутаттық сауалға Түркістан облысының Желтоқсан қаһармандары атынан профессор Бекжігіт Сердәлі өз пікірін редакциямызға жолдаған еді.
Құрметті Қазыбек Иса!
Сіздің ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына орай “Ақ жол” партиясы фракциясы атынан депутаттық сауал жолдағаныңызға, шыны керек, Желтоқсан көтерілісінің куәгерлері ретінде бөркімізді аспанға ата қуандық! Желтоқсан көтерілісінің маңызын ашатын бірқатар ұсыныстар жолдаған екенсіз, толығымен қуаттаймыз! Әсіресе, «Қазақ жастары алаңға шыққан күн – Тәуелсіз ел үшін ең қастерлі күндердің бірі болуы тиіс!», «Қазақ жастары қылышынан қан тамған кеңес империясына қарсы алаңға жан үшін шыққан жоқ, нан үшін шыққан жоқ, Намыс үшін шықты! Пұл сұрап шыққан жоқ, Тіл сұрап шықты! Жоғалып бара жатқан Ұлттық Рухтың атойлап, алаңға шыққан аттаны еді бұл!» деген ойларыңыз біздің көкейімізге қонды әрі дұрыс берілген баға деп есептейміз.
Біз, Түркістан қаласының Желтоқсан қаһармандары, «Тұран қырандары» деген желтоқсаншы күрескерлер ұйымын құрып, бірнеше жылдан бері бүгінгі жастардың жанында болып, Тәуелсіздіктің қандай қиындықпен келгенін, сол кездегі өздерің сияқты өрімдей жастардың тоталитарлық өктем билікке қарсы қайсарлықпен қаймықпай қалай қарсы тұра алғанын, кейбіріміздің оқудан қуылып, жұмыстан шығып қалып, сол кездегі қоғамдық-саяси ортада қуғын-сүргін көріп, моральдық зардап шеккенімзді, ақтап алатын анықтама ала алмай жүргенімізді, өмірімізге өшпестей сызат түссе де, әлі күнге дейін мойымай, жігеріміз мұқалмай, аттан түспей, еліміздің келешегі үшін, жарқын болашағы үшін жұмыс істеп жатқанымызды жігерлерін қайрай айтып отырамыз.
Сіздің Парламенттің биік мінберінен желтоқсаншы ардагерлерге құрмет білдіріп, Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігін лайықты бағалап отырғаныңызға және азаттық күрескері ретінде мәртебесін алуы тиіс деп, мәселені нақты қойып отырғаныңызға түркістандық желтоқсаншылар атынан алғысымызды білдіреміз!
Парламенттің биік мінберінде отырған депутаттар, егер Тәуелсіздіктің бағасын шын ұғынатын болса, жан жүректерімен сезінетін болса, Сіздің осы ұсынысыңызды толығымен қолдайды деп сенеміз!
Бекжігіт Сердәлі,
профессор, ҚР мәдениет қайраткері.
Түркістан қаласы