«ЖЫЛ АДАМЫ – 2019» АНЫҚТАЛДЫ
2019 ж. 29 желтоқсан
9146
4
«ҚАЗАҚ ҮНІ» республикалық қоғамдық-саяси газеті мен Qazaquni.kz ұлттық порталының
«ЖЫЛ АДАМЫ – 2019»
таңдаулылары анықталды!
«Қазақ үні» газеті мен Qazaquni.kz ұлттық порталының 2019 жылғы «Жыл адамдары» сараланды. Еліміздің еңселі болуы үшін еңбектеніп жүрген ел азаматтарының жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарларын атап өту мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан осынау жоба аясында оқырмандар қалаған тұлғасын таңдай алды.
Дауыс беру телефон сауалы, смс, электронды пошта хабарлары және әлеуметтік желі арқылы өткізілді. Арнайы құрылған Сарапшылар алқасы 2019 жылдың үздіктерін анықтады.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 28 жылдығына орай таңдалған «Жыл адамы – 2019» байқауының жеңімпаздарымен таныс болыңыздар!
Жылдың басты оқиғасы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігін тоқтатты. Қазақстанның жаңа Президенті сайланды. ҚР Президенті жанынан Ұлттық қоғамдық сенім Кеңесі құрылды
Жыл жетістігі – Сириядағы Қазақстан азаматтарын эвакуациялау бойынша бірнеше кезеңнен тұрған "Жусан" операциясы өткізілді
Жыл датасы – 9 маусым, ҚР Президенті сайлауы
Жыл жазушысы – Роллан Сейсенбаев пен Ырысбек Дәбей.
Әйгілі қазақ жазушысы Роллан Сейсенбаевтың Арал теңізі тағыдырын арқау еткен «Өлілер кезген құм-шағыл» романы PEN America-2020 әлемдік премиясына үміткер ретінде тіркелді. Жазушының бұл туындысы 1991 жылы жарық көрген. АҚШ-тың Amazon Crossing компаниясы аталмыш романды ағылшын тіліне аударып, үздік шығармалар қатарына қосты.
Ырысбек Дәбей биылғы жылы "Қоңыз" деп аталатын көркем туындысын жарыққа шығарды. Аталмыш туынды Жаңаөзен қырғынына арналған, бұл қазақ әдебиетінде әлі жазылмаған тақырып. Кітап оқырмандар мен әдебиет сыншылары тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Жыл ақыны – Байбота Қошым-Ноғай.
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Байбота Қошым-Ноғайдың биылғы жылы «Мен жазбаймын өлеңді...» атты аудармалар, өлеңдер мен дастандар жинағы жарық көрді. Сонымен қатар, балаларға арналған «Әліппе» атты балабақша бүлдіршіндерінің сауатын ашуға арналған кітабы «Асыл кітап» баспасынан 5000 мың данамен екінші мәрте жарық көріп отыр. Ол,сонымен қатар, биыл өткен Ілияс Жансүгіров атындағы республикалық мүшәйрада Бас жүлдеге ие болған.
Жыл саясаткері – Өмірзақ Шөкеев.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Ер Түріктің бесігі атанған киелі Түркістанның рухани жаңғыруы, жаңа бағытта дамуы жолында табанды еңбек етіп келе жатқан сарабдал саясаткер. Сонымен қатар, Арыс қаласындағы апат кезінде халықтың жанынан табылып, қаланың қалпына келуіне көп еңбек сіңірді. Арыстағы барлық құрылыс жұмыстарын өзі бақылап, бір ай бойы аймақ тұрғындарымен бірге тұрды.Жыл депутаты – Кәрібай Мұсырман.
Мәжіліс депутаты Кәрібай Мұсырман Нұр-Сұлтан қаласында белгілі мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеновке ескерткіштің орнатылуына үлкен септігін тигізді. Депутат халқымыз айрықша ардақ тұтатын тарихи тұлғаның дүниеге келгеніне келесі жылы 105 жыл толатынын ескере отырып, оған астанада лайықты ескерткіш орнату мәселесін қарауын өтінген болатын. Халық қалаулысының хатына Нұр-Сұлтан әкімінің сол кездегі орынбасары (19 маусым, 2019 ж.) Ерлан Каналимов қол қойған ресми жауапта қала әкімдігі Жұмабек Тәшеновке ескерткіш орнату үшін жер телімі және қаржы көзі қарастырылып жатқандығын хабарлады. Ескерткіш елордадағы Жұмабек Тәшенов көшесінің бойында орнатылмақ.
Жыл министрі – ҚР Білім министрі Асхат Аймағамбетов.
Еліміздің Білім және ғылым саласының тізгінін ұстағанына көп уақыт өтпесе де сала бойынша көптеген мәселелердің оң шешімін табуына ықпал етіп жүрген министр. Атап айтқанда, бүгіндері қолданыстан алынып тасталған «Әліппе» оқулығын қазақ тіліне бейімделген Ахмет Байұрсынұлының әдістемесі негізінде енгізуге шешім қабылдағаны – білім саласындағы маңызды жұмыс. Сондай-ақ, биылғы жылы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы бойынша әзірленген «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы мақұлданды. Ендігі жерде жаңа заң аясында мұғалімдердің жүктемесі азайып, олар өздеріне тән емес жұмыстарды орындаудан босатылмақ.
Жыл әкімі – Ерлан Айтаханов.
Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов үшінші мегаполистің әкономикалық-әлеуметтік саласын көтеруге қатты кірісуде. Әсіресе, қала шетіндегі елді мекендер мәселесін қолға алуда. Ол сонымен қатар өзінің қазақ руханиятының қамқоршысы екенін көрсете білді. Әкімнің бастамасымен Шымкент қаласында қазақ ақындарының өлеңдері жазылған баннерлер ілініп, қазақ поэзиясы насихатталды. Сонымен қатар, Ерлан Қуанышұлының қолдауымен Шымкент қаласында белгілі ақын, Қазақстанның Халық жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов бастаған бірнеше ақынның жыр кештері жоғары деңгейде аталып өтілді.
Жыл ректоры – Рәбиға Қуатбекова.
Шымкент қаласындағы академик А. Қуатбеков атындағы халықтар достығы университетінің ректоры Рәбиға Қуатбекова еліміздің білім саласының дамуына елеулі үлес қосқан жан. Жыл сайын жоғарғы оқу орнының бірнеше түлегі халықаралық және республикалық білім сайыстарында бас жүлделерге ие болады. Мысалы, биылғы жылы өткен «ХХІ ҒАСЫР КӨШБАСШЫСЫ» атты халықаралық үздік студенттер байқауында, университеттің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 4 курс студенті Бексейіт Әшірбекұлы І дәрежелі дипломмен және төсбелгімен марапатталды. Білікті мамандар даярлауға зор үлес қосып жүрген Рәбиға Әбдімұсақызының да еңбегі елеусіз қалмай, Түркістан облысы әкімі Өмірзақ Шөкеевтің атынан арнайы марапатқа ие болды.
Жыл қаржыгері – Еркін Етекбаева.
Еліміздің қаржы саласының дамуы жолында ерен еңбек етіп келе жатқан мамандардың бірі – «ForteBank» бас бухгалтері Еркін Етекбаева. Ол биылғы жылы CFO SUMMIT тұжырымы бойынша «CFO-2019» үздік қаржыгері атанды.
Жыл қайраткері – Ислам Әбіш пен Серік Төкиев.
Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Ислам Әбіш басына әділетсіздікпен іс түссе де, қалың қазаққа руханият жанашыры ретінде танымал. Оның Өскемен қаласы әкімі қызметіндегі ерен еңбегі туралы қала халқы ерекше ілтипатпен еске алады. Су ресурстары комитеті төоағасы кезінде қазынадан триллион үнемдегені үшін түрмеге түсті. Ислам Әбішевтің сот процессі қоғамда қызу талқыға түскен іс. Сот процесіне еліміздің түкпір түкпірінен белсенділер келіп қатысуда. Бұл сот ісінде Ислам Әлмаханұлы елімізде тұңғыш рет соттың қазақ тілінде өтуін, соттардың қазақ тілін жетік білуін талап етті. Әбішевтің сот процесі туралы «Қазақ үні» порталы үзбей ақпарат таратуда. Ислам Әбішевпен бірге сотқа тартылған белгілі спорт қайраткері Серік Төкиев еліміздегі қазақ күресінің дамуына орасан зор еңбек сіңірген маман. Оның бастамасымен қазақ күресінен бірнеше әлем біріншіліктері өтіп, қазақ күресіне деген әлем халықтарының қызығушылығы артты.
Жыл режиссері – Талғат Теменов.
Алпыс бес жасқа толған ҚР Халық артисі, профессор Талғат Теменовтің шығармашылық апталығы биылғы жылы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында өте жоғары деңгейде өтті. Белгілі режиссердың сахналық қойылымдары көрерменді баурады. Олардың қатарында «Тыраулап ұшқан тырналар», «Аққудың көз жасы», «Отелло» пьесалары бар. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрына арнайы ат басын бұрып, Т.Теменовтың «Тыраулап ұшқан тырналар» пьесасын тамашалап, жоғары баға беруі – өнер иесіне көрсетілген зор құрмет.
Жыл актері – Альмира Тұрсын.
Белгілі режиссер Ақан Сатаевтың аты аңызға айналған сақ патшайымы "Томирис" туралы тарихи фильмінде басты рөлді ойнаған Альмира Тұрсын кино әлемінде ә деген бетте-ақ жарқ етіп көрінді. 28 жасар Альмира мамандығы психолог екеніне қарамастан, Томирис бейнесін тамаша сомдап, әртістік шеберлігі көрермендер тарапынан жоғары бағаланды. "Томирис" фильмі республикамыздың әрбір аймағындағы кинотеатрларда аншлагпен көрсетілуде.
Жыл сазгері – Рахат-Би Әбдысағын.
Композитор и пианинашы, өнертану ғылымының магистрі, республикалық «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Президенті «Ең дарынды өнерпаз» Кубогының иегері, Италияның атақты "Санта Чечилия" музыкалық академиясының ең жас түлегі.
Жыл әншісі – Ержан Максим.
Жас әнші Ержан Максим биылғы жылы Ресейде өткен «Голос. Дети» байқауында жеңіске жетті. Сонымен қатар, Ержан балалар арасындағы «Евровидение» байқауына қатысып, қазақ және ағылшын тілдерінде ән шырқап, жүлделі екінші орынға ие болды.
Жыл суретшісі – Арыстанбек Шалбаев.
Танымал суретші Арыстанбек Шалбаев Алматы тұрғындары мен қонақтарының көзайымына айналған әл-Фараби даңғылы, 127 – Үлкен Алматы өзені мекенжайында орналасқан «Әлемдерді біріктір» муралын қалпына келтірді. Мурал Алматыда жөндеу жұмыстары кезінде бүлінген болатын. «Әлемдерді біріктіре отырып» муралын 2015 жылы Қырғызстан суретшілерінің тандемі – Doxа Art тобы (Дмитрий Петровский, Сергей Келлер) салған болатын. Өз кезегінде қала билігі де - мурал салу жөніндегі жобаның белсенді қатысушысы. Тұрғын үй қабырғаларының ең қызықты және эстетикалық тартымды жұмыстармен безендірілуі үшін әкімдік жанындағы арнайы комиссия базасында эскиздерді келісу арқылы мурал салуға рұқсат беріледі.
Жыл заңгері – Досжан Әміров.
Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміровтың биылғы жылы "Қазақ үні" ақпарат агенттігінде жарық көрген "Мемлекеттік тілді меңгеру – еліміздің әрбір азаматының міндеті" атты мақаласы қоғам тарапынан үлкен қызығушылыққа ие болды. Себебі, бүгінгі таңда сот саласында Мемлекеттік тілдің үстемдігі байқалмайды. Оған дәлел ретінде Су ресурстары комитетінің экс-төрағасы Ислам Әбішев сотында судья Қ. Мекемтастың қазақ тілінде екі беттік қаулы жазып, адвокаттар одан 78 қате тапқаны туралы айтуға болады. Досжан Әміров өз мақаласында сот саласының қазақ тіліне көшу керектігін атап өтіп, оның бірнеше жолдарын да көрсете білді.
Жыл ұстазы – Әлия Ахметова.
Белгілі педагог, Көкшетау қаласындағы «Таңдау» көпсалалы гимназиясының жоғары санаттағы тарих пәнінің мұғалімі. Қазақстандағы білім саласындағы олқылықтарды ашық сынаған Әлия Ахметовамен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсыруымен министр Асхат Аймағамбетов кездесіп, пікірлескен болатын.
Жыл журналисі – Нұргелді Әбдіғани.
Жас журналист Нұргелді Әбдіғани Abai.kz сайтындағы өткір мақалаларымен оқырманға жақсы таныс. Әсіресе, ұлттық мүдде мен Мемлекеттік тіл мәселесіне қатысты мақалалары қоғамның қолдауына ие болып отырады. Соның бірі қазақ тіліне қарсы шыққандар туралы "Қазақ тіліне қырын қарайтындар – өзіміздің айыртілділер" атты мақаласы "Қазақ үні" ақпарат агенттігінде жарияланып, оқырманның көп пікірін жинай алды.
Жылдың тіл қайраткері – Қазыбек Иса.
Белгілі ақын Қазыбек Иса "Қазақ үні" ЖШС президенті болғанымен, "Жыл адамы" сауалнамасына еш қатысы жоқ екенін редакция ұжымы атынан мәлімдейміз. Үздіктерді анықтау барысында жиналған оқырмандар хаты мен смс хабарламалар нәтижесінде, сонымен қатар, белгілі қоғам қайраткерлері кіретін арнайы сараптамалық топтың шешімімен осындай таңдау жасалып отыр. Оның басты себебі, биыл Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Ұлттық Кеңестің алғашқы отырысында Қазыбек Иса Мемлекеттік тіл мәселесін көтерген болатын. Бұл қазақ тілі мәселесінің Президент деңгейінде алғаш рет көтерілуі. Өз сөзінде ол Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау керектігін, сонымен қатар, Тіл туралы заңнан орыс тілін алып тастау керектігін, яғни, ресми тіл статусынан айыру қажеттігін атап өткен болатын.
Жыл дәрігері – Бауыржан Ракишев.
Кардиохирург, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығының бөлімше меңгерушісі. Бауыржан биылғы жылы «Жүз жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанды.
Жыл спортшысы – Нұрқожа Қайпанов пен Бекат Нұрдәулетов.
Нұрқожа Қайпанов Сиянда өткен Азия чемпионатында еркін күрестен бірінші орынға ие болып, қазақ күресі тарихында ең жас (21 жаста) Азия чемпионы атанды.
Бекзат Нұрдәулетов – Екатеринбургта өткен бокстан әлем чемпионатында алтын медальға иеленген жалғыз қазақ боксшысы болды. Финалға жолдама алу үшін Бекзат 2016 жылы Олимпиада чемпионы атанған кубалық Хулио Сесара Ла Круспен қолғап түйістіріп, айқын басымдықпен жеңіске жетті.
Жыл диаспора үздігі – Владислав Тен.
Елордадағы "Лингва Тен" тілдерді оқыту коучинг орталығының, «Мәміле-Тен» қазақ тілін оқыту астаналық клубының бас директоры. Оның қазақ тілін қалай тез меңгеріп алуға болатындығы туралы мақалалары оқырманның үлкен сұранысына ие. Владислав өзінің бір жылда қазақ тілін еркін меңгеріп алғанымен қоймай, елорда тұрғындарына да қазақ тілін меңгеру бойынша дәрістер өткізеді.
- Серік Төкиев
- Нұрқожа Қайпанов
- Байбота Қошым-Ноғай
- Бекат Нұрдәулетов
- Асхат Аймағамбетов
- Өмірзақ Шөкеев
- Бауыржан Ракишев
- Ислам Әбіш
- Владислав Тен
- роллан сейсенбаев
- Қазыбек Иса
- Рахат-Би Әбдысағын
- Рәбиға Қуатбекова
- Досжан Әміров
- Ержан Максим
- Ерлан Айтаханов
- Еркин Етекбаева
- Нұргелді Әбдіғани
- ырысбек дәбей
- жыл адамы 2019
- Альмира Тұрсын
- Арыстанбек Шалбаев
- Талғат Теменов
- Әлия Ахметова
- Кәрібай Мұсырман