Қазыбек Иса. АЛТЫН ОРДАНЫҢ ТОЙЫНА ПУТИНДІ ШАҚЫРУ КЕРЕК ЕДІ!

ЕНДІ ЖОШЫ ХАННЫҢ ТАҚҚА ОТЫРҒАНЫНЫҢ 800 ЖЫЛДЫҒЫНДА ҰМЫТПАЙЫҚ!

Кешелі бері Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының Білім және ғылым жөніндегі комитетінің төрағасы Вячеслав Никоновтың Ресйдің Бірінші арнасындағы «Қазақстанның территориясы – Ресей тарапынан үлкен сыйлық» деген сөзіне қатысты әлеуметтік желі дүрілдеп тұр. Бұрын белгілі сайрағыш саясаткерлер Жириновский, Лимоновтардың және тағы басқаларының біздің мемлекеттігімізге қарсы сөздер айтып қоятынына жеңіл қарап үйреніп қалған едік... Енді міне Думаның төрінен комитет төрағасы Вячеслав Никоновтың "жаңа" жалалы сөзі естілді... Оның Ресей Президенті Путин басқаратын "Единая Россия" партиясы мүшесі екені де ойландырмай қоймайды. Осы жазда елдің бәрі аты жаман індетпен алысып жатқанда, Путиннің өзі де жаман індетін жасырмай, Тәуелсіз мемлекеттер территориясына кезекті тасын лақтырып жіберген еді. Иә, Ресей президенті 2015 жылы да "Қазақстанда бұрын мемлекет болмаған" деп соғып жіберген болатын. Сол жылы "Ақ жол" партиясы төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев бастап, 5 адам Қазақ хандығының 550 жылдығын мемлекеттік деңгейде тойлауды ұсынып, Елбасыға хат жазған едік. Көп ұзамай тарихи маңызы зор мемлекеттік мерейтой мерейімізді асырды. Ал Қазақ Елінің тарихы Қазақ хандығының бастауы - Алтын ордадан ары асып, Көк түріктер қағанатына, сақтар мен ғұндарға дейін барып, 3 мың жылдан асатыны анық. Кешегі Никоновтың сөзіне байланысты "Ресей депутатына не дейсіздер?" деп, біздің атымызды да тіркеп, ұлт мүддесіне алаңдап жатқан ағайындарға айтарымыз, бұл Ресей саясаткерлері тарапынан жасалып жатқан алғашқы арандатушылық әрекет емес. Кезінде көрші елдің көсемсіген депутаты түгілі, көсеміне де жауап берген едік. Бұл да, Никоновтың бықсытып отырғаны сол баяғы ойдан шығарылған "жер мәселесі...". Биылғы жаздағы Ресей Президентінің "Россия 1 ұлттық арнасында": «Возникает вопрос: если та или иная республика вошла в состав СССР, но получила в свой багаж огромное количество российских земель – традиционных российских исторических территорий, а потом решила выйти из состава? Но тогда бы выходила хотя бы, с чем пришла, и не тащила с собой подарки от русского народа»-деген еді. Сол кезде, 2020 жылдың 24 маусымында "Қазақ үні" газеті/сайтында: "ТАҒЫ ШАЙҚАЛА БАСТАҒАННЫҢ МИЫ ШАЙҚАЛА БАСТАЙДЫ… Путин өз сөзінің кейіпкеріне айнала бастады…" атты мақаламызда қарымта жауап берген болатынбыз. "Әрине, Кремль қожайынының бұл сөзі ешқандай ұғымға сыймайды. Себебі ешқандай республика Ресейден «сыйлық» алып кеткен жоқ, өз территориясы бойынша кіріп шықты Кеңес Одағына. Ал Қазақстан Одақтан ең соңғы болып, тіпті, Ресейден де кейін 1991 жылы 16 желтоқсанда шықты. Ал бас жағына барыса берсек, Омбы, Астрахан секілді көптеген қалаларды айтпағанда Қазақтанның Кеңес Одағына кіргендегі алғашқы астанасы Орынбордың өзі Ресейде қалып қойды. Егер бәріміз де тарихи жерлерімізді түгендеуге кірісетін болсақ, өзіміз үндемей-ақ, бейтарап тұлға Белоруссияның басшысы, батыр батько Александр Лукашенконы сөйлетеміз: «Бату ханның кезіне оралсақ, бүкіл Ресей мен Шығыс Еуропаны Қазақстан мен Моңғолияға беру керек». Бұл қазақтың жыртысын жыртып, тура айтылған сөз Путиннің: «Қазақстанда бұрын ешқандай мемлекет болмаған» деген сандырағына да лайықты жауап"-деп жазған едік. Бұл мақаламыз орыс тілінде де "Из-за потрясений трона случаются сотрясения мозга..." деген тақырыппен жарық көрген болатын. Достық қарым-қатынас туралы шартымыз бар стратегиялық серіктес ел болып табылатын көрші елдің шовинистік пиғылдағы саясаткерлері мен Ресей президентінің бұрынғы Кеңес одағын аңсап жүргені бір бұл емес. Бұрыңғы Кеңес одағын қалпына келтіру керектігін әр сөзінде айтып қалып жүруі олардың теріс пиғылын анық аңғартады. Путин кейінгі кезде ЕурАзия экономикалық одағын бұрынғы саяси одаққа – Кеңес одағының көшірмесіне айналдырғысы келіп жүргенін де ашық білдіре бастаған. Тек биыл 2020 жылдың мамыр айында өткен Еуразиялық одақтың Жоғарғы кеңесі мәжілісінде қасқа жолға түскен Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қасқайып қарсы шығуының арқасында алдын ала кесіп-пішіп қойған жаңа келісімге қол қойылмай қалды. Ресей көсемінің көсеуіне дем берген Думаның ойсыз депутаты Никоновтардың да жалалы сөзге жабысып жүргені де осы Кеңес одағын аңсаудан туған әрекет деуге болады. Шамасы, Ресей президенті Владимир Путин өзінің бір кезде айтқан белгілі сөзін ұмытып қалған сияқты. Ол Кеңес одағын қайта қалпына келтіруге ұмтылу туралы сұраққа: «Кеңес одағын қайта орнатқысы келгендердің жүрегі бар, бірақ миы жоқ» деген еді… Шын тарихқа үңілсек, Москвадан бастап барлық орыс княздықтары салық төлеп тұрған Алтын Орданың Россияның құрылуына негіз болғанын озық ойлы орыс ғалымдары мойындап, мақалалар мен арнайы кітаптар жазуда қазір. Ал Алтын Орданың атасы Жошы ханның кесенесі Қазақстанда, Ұлытауда екенін биыл Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтіп жатқан еліміздің көрші мемлекеттердің есіне тағы бір салып қойып жатқаны дұрыс болған екен. Тек Мемлекетіміздің басты мерекесіне айналуы тиіс осы Алтын Орда мерейтойын пандемияның қол байлауынан ба, жоқ, әдеттегідей көрші елдің көңіліне жалтақтадық па, өз деңгейінде атап өте алған жоқпыз! Оны мемлекеттік мерейтойды әлемге әйгілеп, Путиннен бастап, барлық мемлекет басшыларын шақыру керек еді. Ендеше, ҚР Президенті жаныңдағы Ұлттық Кеңестің 2019 жылғы алғашқы отырысында жасаған баяндамамызда ұсынғанымыздай, 2023 жылы Алтын Орданың негізін салған Жошы ханның таққа отырғанының 800 жылдығын атап өтіп, бұл жолы кеткен есені қайтаруға тиіспіз! Бұл мемлекеттің мерейін асырар тойға қонақ етіп, алғашқылардың ішінде Ресей президенті Путинді шақыруды ұмытпау керек! Никоновтың арандатушы сөзіне қарсы әдеттегідей еліміздегі партиялардың ішінде алғашқы және әзірге жалғыз партия "Ақ жол" саяси мәлімдеме жасады. Сонымен бірге "Справедливая Россия" партиясы төрағасы С.М. Мироновқа партияның атына сай шындықты қолдап,Ресей Думасында Қазақстанның "Ақ жол" партиясы мәлімдемесін жариялауды сұрап партия төрағасы Азат Перуашев хат жолдады. Егер партия "Справедливая Россия" деген атына шын лайық болса, Ресей Думасында "Ақ жол" партиясының ақиқатты айтқан мәлімдемесін жариялауы тиіс! Кеше бұл Ресей Думасы депутатының елімізге жала жапқан сөзіне қарсы "Қазақ үні" сайтында бас редактор Азамат Тасқараұлының «Тәуелсіздіктің құнын құл ғана білмейді» атты мақаласы жарияланған болатын. Сонымен бірге бүгін сайтымызда белгілі ғалым, тарих ғылымының докторы, профессор Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдиновтың "РУКИ ПРОЧЬ ОТ КАЗАХСТАНА! СЕВЕРНЫЙ КАЗАХСТАН ВСЕГДА БЫЛ, ЕСТЬ И БУДЕТ ИСКОННО КАЗАХСКОЙ ЗЕМЛЕЙ!" атты мақаласы жарияланды. Мұнда білікті, ұлтшыл ғалым Солтүстік Қазақстанның бағзыдан бері қазақ жері екенін соқырға таяқ ұстатып,керең еститіндей нақты тарихи құжаттармен керемет дәлелдеп беріп, Ресей депутатын кез келген ел эфирінде ашық пікірталасқа шақырды! Біздің тарихшы ғалымымыз білген деректердің біреуін де білмей-ақ, Ресейдің ғылым докторы атанып, Ресей Думасының ғылым және білім комитетін қалай басқарып отырғанына таңғаласың... ҚР Сыртқы істер министрлігі Ресей Думасы депутаты В.Никоновқа қарсы нота жолдады. Ал Ресейдегі Қазақстан Елшілігі қақпасына "Северный Казахстан- русская земля" деген плакат іліп кеткені бұл шетін мәселенің көшелі органдардан көшеге де шыға бастауы деп білу керек. Бұл арандатушылық әрекетке де көрші елдің жауапты орындары жауап беруі тиіс. Ұлттық рух Ұлттық мүддемізді қорғаудан басталады! Көк түріктеген көктеген Тәуелсіз Қазақ Елінің Көк Туы көкте мәңгі желбірей берсін! Қазыбек ИСА, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңес мүшесі