Мұхтар Тайжан бірыңғай аграрлық салық енгізуді ұсынды
2019 ж. 15 ақпан
2398
1
Бүгін Мәжілісте үкіметтік емес ұйым өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері ауылшаруашылығы жерлерін пайдалануға байланысты өз ұсыныстарын жеткізді. Ол ұсыныстар «Жер ресурстарын ұтымды пайдаланудың өзекті мәселелері» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында айтылды, - деп хабарлайды Мәжілістің баспасөз қызметі.
Шара барысында Мұхтар Тайжан бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Қоғам қайраткерінің айтуынша, жерге мемлекеттік меншікті сақтай отырып, ауылшаруашылығы жерлерін жалға беру институтын жетілдіру. Осы ретте жалға беру құқығы ашық электрондық түрде тек қана Қазақстан азаматтарының арасында және тек қана қазақстандық заңды тұлғалармен жүзеге асырылуға тиіс.
Сонымен қатар, М.Тайжан ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілер төлеп отырған, қолданыстағы бірнеше салық түрлерін біріктіретін,бірыңғай салық түрін енгізуді ұсынды.
Бүгінгі күні пайдаланылмай тұрған ауылшарушылығы жерлеріне аздаған салық салынады. Ал, жұмыс істеп тұрған ауылшаруашылығы кәсіпорынына 7 қосымша салық қаралған. Егер бірыңғай аграрлық салық түрі енгізілсе ол оның бос тұрмай, жұмыс істеуіне жол ашатын болады.
Сондай-ақ, жерді пайдаланудың барлық процестеріне қатаң бақылау жасау үшін ғарыштан мониторинг жасауды заңдастыру ұсынылды.
М. Тайжанның пікірінше, ауылшаруашылығы жерлерін көпжылдық және сенімсіз банктік кепілдіктерден шығару мәселесі де заң тұрғысынан шешімін табуы қажет.