Ресейдің Қаржы министрлігі ЕАЭО ортақ валютасы енгізілуі мүмкін екенін мәлімдеді
2018 ж. 24 желтоқсан
3456
0
Ресей Федерациясының Қаржы министрлігі 2020-2021 жылдары Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭО) бірыңғай цифрлық валюталардың пайда болуын мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы Ресей Қаржы министрінің орынбасары Алексей Моисеев журналистерге берген сұхбатында айтты, — деп хабарлайды newsasia.kz ақпарат агенттігі.
«ЕАЭО-да (Ресей, Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан, Армения — ред) бес мүше-мемлекет бар болғандықтан, келіссөздер кем дегенде 2019 жылдың соңына дейін созылуы ықтимал, және 2020-2021 жылдары ортақ валюта енгізілуі мүмкін», — деді Моисеев ТАСС агенттігі тілшісінің сауалына жауап бере отырып.
Моисеевтің айтуынша, бұл идеяға ЕАЭО-ға қатысушы елдер ғана емес, сондай-ақ Одақ елдерінің ірі сауда серіктестері болып табылатын басқа мемлекеттер де қолдау көрсетуде. Бұл мәселе сараптамалық топтармен әзірленуде. Сонымен қатар, Қаржы министрлігі басшысының орынбасары, мұндай сандық валютаны енгізу, әсіресе, АҚШ-тың экономикалық санкциялары жғдайларында қажет екенін атап өтті.
Еске сала кетейік, бұған дейін ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов ЕАЭО елдерінде бірыңғай электронды валюта енгізуге қарсы екенін мәлімдеді.
«Біз қолдамаймыз. Бұл менің жеке әрі саяси тұлға ретіндегі позициям»,- деді министр.
Сүлейменовтің пікірінше, ұлттық валюта – ту, елтаңба, әнұран сияқты ел егемендігінің символы. Сондықтан оны барынша қорғап, дамытып, сақтауымыз керек.
Министр бұл ұсынысты Ресейдің ұлттық төлем кеңесі жасағанын атап өтті.
«Оларда бірқатар ұсыныс бар, бірақ бұл Ресей тарапының ресми ұсынысы емес. Мұндай идеяны Қазақстанның кез келген қаржыгерлер қауымдастығы да көтере алады», — деді Сүлейменов.