АҚШ пен ЕО Ресейді толық күйретуге бекінді - Әзімбай Ғали
2018 ж. 06 қыркүйек
5774
0
АҚШ пен Еуропалық Одақ осы жылдың аяғына таман тағы да санкциялар соққылайды. Рубль одан ары төмендейді. Біз де теңгені төмендетуге мәжбүр боламыз. Басқа жағдайда Ресей тауарлары бізді басып кетеді, бірақ Батыс шет елдік тауарларын сатып алу тым қымбат түседі.
АҚШ пен Еуропалық Одақ Ресейді толық дағдарысқа апарып, күйрету мақсатын қойып отыр. Қырымды Украинадан тартып алам деген Ресей үлкен бәлеге қалды. Сонымен Біріккен Батыс елдері Ресейді ыдырату мақсатын қоймақ. Ресейде саяси тиянақсыздық өсіп келеді. Путин жақсы тактик, бірақ нашар стратег деуші еді сарапшылар, ол рас болып шықты. Меніңше, сол қайраткердің тактикасы да, стратегиясы бірдей Ресейді құрдымға жетелеп келеді.
Бірнеше мысал: интернетте Путинді, оның саясатын жамандау көбейіп келеді. Көп наразылықты пенсиялық реформа туғызды. Шал-кемпірлер шеруі әлі тоқтар емес. Оппозициялық бағыттағы сарапшылар шетелден азаматтық алып, толық пәрменмен Путинді сынауда. Путин екі соғыс жүргізіп келеді: Шығыс Украинада және Сирияда. Адам шығынын есептемегенде миллиардтаған доллар шығын. Ресейдің орыс халқының басым көпшілігі әлі Путинді қолдайды, тіпті жақсы көреді. Олар Путин Қырымды Ресейге қайтарды деп оған дән риза. Ал менің пікірім, орыс жұртшылығының да жүйкесі жұқарып келеді: не элитарлық төңкеріс, не халық бұлқынысы болуы ықтимал. Қара да тұр! Ресейдегі келеңсіздіктен азаматтық соғыс, бандитизм көтерілуі мүмкін.
Ресейде 800 мыңға жуық қазақ тұрады. Енді олар аталған қалыптасқан жайсыздықтар мен қауіптерді сезінуі байқалады, олар атамекенге көше бастады. Атамекенге көшкендерге жағдай жасау мемлекетімізге сын. Елге қандастарымыздың қосылуы - ырыс. Ал қандай басқа зауал бар? Мәселен, Қазақстандағы Ресей банкілеріндегі (олардың көбісі санкциялардың астында) өзіміздің қаржы салымдарды жабу керек. Барлық Ресей қаржы институттарымен қатынастарды үзі керек. Бұдан былай Ресей корпорацияларының көбісі санкциялардың астында немесе санкцияларға түседі. Біздің экономикалық ведомстволар сондай пәрмен-ақыл беріп жатуы ықтимал. Экономикалық бизнес қатынастарды тек Батыс елдерімен жүргізген жөн. Қытай экономикасы да АҚШ санкцияларынан түсіп жатыр. Ал Иранның жағдайы Ресей мен Қытайдан да нашар. Орта Азия елдерінің экономикасы тым әлсіз. Олардың құқықтық режимі тым қолайсыз. Қолайлы фактор: мұнай бағасы жоғары. Биыл бидай мен ұн нарық бағасы тәуір көрінеді, бірақ сатып алушы қат. Жалпы алғанда біз үшін геосаяси және геоэкономикалық конъюктура жаман емес сияқты.
Әзімбай Ғали,
Қазақ үні