Құрылыс компанияларының баға саясатын қадағалау қажет
2017 ж. 13 сәуір
2049
2
"Ақ жол" ҚДП төрағасы, мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің қолжетімді жатақхана салу бойынша көтерген бастамасына ұсыныс
"Ақ жол" партиясының төрағасы, мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің ауылдан келген жастарды, баспанасыз жүргендері қолжетімді жатақханалармен қамту туралы ұсынысы қоғамда қызу талқыланып жатыр.
Орыс тілді БАҚ-тың бұра тартқанына қарамастан, қазақ жастары, баспана ала алмай жүрген бұқара халық бұл бастаманы қолдап отыр.
Алайда, бізде мәселені көтеру бар, жүзеге асыру бар және оның қалай жүзеге асырылатынын қадағалау бар. Әгәрәкім, Азат Тұрлыбекұлының бастамасы іске асып жатса, соңғысына көңіл бөлінсе дейміз.
Себебі, біздің құрылыс компаниялар мемлекеттен субсидияларды қырып алып, "баспанамен қамту" деген ұранмен тұрғын үйлерді салуын салып алады, ал оларды эксплуатациялауға келгенде өз ойларына келгенін істейді. Ойына келгенін істейді дегенім - пәтер бағасының ақылға қонымсыздығы.
Мәселен, бұған дейін Астана қаласында "малосемейкалар" талай салынды. Мысалы, елорданың Манас көшесінде орналасқан "Солнечный город" (BI-групп) тұрғын үй кешені. Ондағы 20 кв.м. пәтердің бағасы 7 миллион теңгеден кем түспейді. Бұл үйлер де кезінде жастарға, баспанасыздарға қолжетімді болсын деп салынған. Ал, ауылдан келіп базар жағалап, күзетші болып жүрген жастарға 7 миллион тұрмақ, 700 мың теңгенің өзі көлдей дүние. Тіпті, бюджеттік мекемеде, құйқалы жерде жұмыс істейді-ау деген жастар үшін де бұл өте үлкен баға.
[caption id="" align="aligncenter" width="633"] "Солнечный город" тұрғын үй кешені[/caption]Тағы бір мысал. Дәл Азат Перуашев айтып отырған қолжетімді жатақхананың біреуі Астананың Х. Досұхамедов көшесінде орналасқан. Дәретханасы мен жуынатын бөлмесі екі-үш отбасыға ортақ. Ондағы 18-19 кв.м. пәтерлердің бағасы 6 миллион теңгеден түспейді. Ал, бұл үйлердің салынғанына да бәленбай жыл болды.
Айтпағымыз, қолжетімді жатақхана бастамасы, әрине, жақсы. Дегенмен, сол жатақтарды салып, оны халыққа сататын құрылыс компанияларының жұмысына назар аударсаңыздар. Және қазірден бастап сол жатақтағы пәтерлердің бағасын белгілеп қойсаңыздар - ХАЛЫҚПЕН ақылдасып. Мәселен, бір бөлменің құны - 3 миллион теңгеден аспаса... Міне, сонда ғана бұл халыққа көмек, нақты іс, сүбелі шаруа болмақ.
Мен "Ақ жол" партиясының бастамаларын, Азат Тұрлыбекұлының идеяларын ұдайы оқып, бақылап, қолдап жүремін. Бұл мәселеде де мәжілісмен халыққа пайдасы тиетін жайттарды басты қаруы етіп алатынына сенгім келеді.
Азамат Тасқараұлы,
"Қазақ үні" ұлттық порталының Бас редакторы