НАЗАРБАЕВ: РЕСЕЙГЕ САЛЫНҒАН САНКЦИЯ ДҰРЫС
2016 ж. 30 қараша
3884
19
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресейлік «Россия 24» арнасына сұхбат берді, - деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Ресейлік арнаға сұхбат берген Елбасының әңгімесі елдің экономикалық ахуалы әм Халықаралық қатынастар төңірегінде өрбіген.
«Abai.kz» порталы, Елбасының кезекті сұхбатына шолу жасап өткенді жөн көрдік. Нелер айтылды, нелер қалыс қалды?..
Сұхбатын Кеңестік жүйенің тас-талқаны шыққан кезеңдегі еміс-еміс естеліктерімен бөлісуден бастаған Елбасы ойын былай жалғапты:
«Бізде, аға буында естеліктер қалды. Өздеріңізге белгілі, мен екі дәуір мәдениеттің тәрбиесімен өстім. Әуелі, менің қанымда ағып жатқан туған мәдениетім, қазақы тәрбием болса, екіншісі – маған ерекше жақын орыс мәдениеті, орыс тәрбиесі».
Кешегі қоғамның құлауына құлазып жүрген кей топтардың пікіріне де Елбасы осы жолы жауап беріпті.
«Жүздеген жылдар тарихы бар барлық империяның ақыры не болды? Сондықтан, ең бастысы Қазақстанның да, Ресейдің де алдында жейтін наны бар, энергиясы бар. Ешкімнен сұрамаймыз. Ол кезде не болды? Одақтың ыдырауына субьективті себептер болды. Кадрлық шешім солай болды. Бұл туралы біз талай рет айттық. Сондықтан бос былшылды доғарып, іспен айналысу керек».
Естеріңзде болса, осыдан сәл ертеректе қазақстандық саясаттанушы Әзімбай Ғалидің сұхбатын жариялаған едік. Онда Ресей экономикасының өлімші хәлі туралы баяндалып, алып территориялы Ресейдің әлемдік алпауыттар тізімінен шеттеп жара жатқандығы айтылған-тын. Осы тақырыпқа тоқталған Елбасы Ресейге салынған Батыс және АҚШ санкцияларының әділ екендігін айтыпты.
«Біз бен С із Пайғамбар емеспіз ғой. Сондықтан тура былай болады деп дөп басып айта алмаймыз. Қазақстанда да, Ресейде де үлкен аграрлық кешен бар. Алайда біз бидайды да, етті де, сүтті де, көкөністі де аяғына дейін өңдемейміз. Еуропадан дайын консервілерді сатып ала саламыз. Оны өзіміз неге істемейміз?.. Ал енді осының бәрін өңдеп алу үшін машина жасау өнеркәсібін барынша дамыту қажет. Ол өндіріс заманға сай болуы шарт. Мәселен, мұнайды өңдеу үшін заманауи мұнай өңдеу зауыты қажет. Ол құрал-жабдықтар өте қымбат. Міне, осыны қолға алған жөн. Сосын нанотеxнологиялар, баламалы энергетика, биоxимия сияқты ғылыми-теxнологиялық жұмыстарды да ұмытпау қажет. Бір жағынан Ресейге санкция салынғаны дұрыс болды. Қазір оған жақсы бір серпіліс керек. Білекті сыбанып, жұмысқа кіріссе, бір жерден жарып шығады», - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.
Одан әрі Қазақстан мұнайының қайдан келгендігі туралы сөз өрбіген.
«Қазақстанға Кеңес одағынан сыбаға болып қалған мұнай шикізаты бар. Барлық қазба байлықтың түрлері бар. Қазақстан қазбаның үстінде отыр. Рас, біз шикізат өндіреміз. Басқалар оны өңдейді. Сол себепті де экономика өлмейді».
Өткен жолы Депутат Сұлтанов алқын-жұлқын ұсыныс жасалғаны белгілі. Астананың атауын өзгертуді ұсынды. Өзргерткенде де Елбасының есімін Елордаға берген жөн деді. Осыған қатысты Мемлекет басшысы былай депті:
«Мен осында тұрамын ғой. Бәрін естіп, көріп жатырмын. Интернетте де жазып, айтып жатыр. Сондықтан мен жауап беруім керек болды. Бұл - бренд. Сондықтан Оны өзгертудің еш қажеттілігі жоқ. Дәл осы Астанада тұңғыш рет XXI ғасырдағы ЕЫҚҰ саммиті өтті. Азияда қысқы ойындары өтті. Енді міне, ЭКСПО өтеді. Барлығында Астананың аты аталады. Мұны ауыстырудың не керегі бар енді?».
Сонымен, бір сағатқа созылған сұхбаттың ауаны кешегі қоғам естеліктерінен басталып, бүгінгі экономикалық әм Халықаралық ахуалдар, ЕАЭО-ның келешегі төңірегінде болған.
Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті Орталық Азиядағы терроризм мен экстремизмді болдырмауға қатысты ҰҚШҰ-ға мүше елдердің ортақ ұстанымының өзектілігін атап өткен.
Нұрзат Тоғжан