Үкімет бюджетті қайта қарауға кірісті
2016 ж. 24 ақпан
1471
0
Үкімет бюджетті қайта есептеп жатыр. Тіпті Министрлер кабинеті валюталық курс пен мұнай бағасына қатысты болжамдарын өзгертіп тастаған деп хабарлайды КТК арнасы.
Енді жаңа бағаға байланысты, елдің басты қаржылық құжаты қайта жазылатын болды. Айта кетсек, республикалық бюджет әлемдік тұрақсыз экономикаға байланысты осымен үшінші рет түзетіліп отыр. Жаңа бағамға халық та ыңғайлана беруі тиіс.
Сонымен үкімет былтыр қарашада бекітіліп қойған ел бюджетін араға 3 ай салып қайта қарауға кірісті. Триллиондарды калькуляторға салып, теңгелерді түгел санап жатыр.
Уақыт тығыз. Сондықтан үкімет күні-түні дамыл таппай, 3 жылдық бюджетпен шұқшиып отыр. Әсіресе, Қаржы, Экономика министрлері Бақыт Сұлтанов пен Ерболат Досаевтың біраз терлеуіне тура келеді. Ал доллар қымбаттағалы дауы көп бюджет 250, кейін 300 теңгемен есептелсе, енді 360 теңгемен жабылмақ. Басты қаржылық құжатты бастан-аяқ төңкеріп жатқан Досаев ешкімге артық бір тиын да бермейтінін қадап айтты.
"Бізде қосып беретін ақша жоқ. Екінші жағынан 300 миллиардттай теңге бюджетке келмейтін кірістер бар. Бұл жетіспеушіліктің орнын толтыруымыз керек", - дейді Досаев.
Бюджет былтыр мұнайдың баррелі 40 доллармен есептеліп қойған. Енді ол да 30 доллармен қайта саналмалақ. Сондықтан жоспарланған ішкі жалпы өнімнің өсімі 2,1 пайыздан 0,5 пайызға азайғалы тұр. Тіпті өнеркәсіп саласында құлдырау байқалып, әсіресе тау-кен өндірісі тежелуі мүмкін. Оның үстіне «қара алтыннан» түскен пайдамен жыртығын жамап отырған Қазақстан мұнай өндіруді кемітіп тастапты.
"Мұнайдың бағасы 2016 жылы 30 доллар болады, инфляция сол деңгейінде қалады. 6,8 пайыз мөлшерінде. Энергетика министрлігінің болжамы бойынша, мұнай өндіру 77 миллион тоннадан 74 миллионға дейін түседі. 3 миллионға төмен", - деді Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев.
Досаев сондай-ақ, зейнетақы қорындағы ақшаның экономикаға жұмсалуынан қорықпауға кеңес берді. Бір анығы - жұрттың жылдар бойы жинаған миллиондарын кез-келген банк ала алмайды. Мемлекет тарапынан талап та, бақылау да күшті. Ал үкімет әлемдік дағдарысқа қарсы тұру үшін 2025 жылға дейін жоспарланған жаңа бағдарлама жазып жатыр.
Бұл стратегиялық құжатта ел экономикасының дамуын тежейтін қауіп-қатерлер анық көрсетілмек. Ал қайта қаралып жатқан республикалық бюджетке байланысты шығындар тағы миллиардттап қысқартылуы мүмкін. Десек те, премьер Кәрім Мәсімовтың командасы басты қаржылық құжатты әуелі парламентке бекітіріп алуы тиіс. Осыған қарағанда, нағыз талас тартыс алда сияқты.