Еліміздегі кәрі қыздар мен сүрбойдақтардың тағдыры ешкімді алаңдатпай ма?
2016 ж. 18 мамыр
4644
1
Қазақ елінің демографиялық мәселесі әлі күнге дейін өзекті тақырып болып тұр. Мемлекеттік деңгейде шешім күтетін демографияға қатысты кәріқыздар мәселесін заң шығарушы қос палата азаматтарының ортақ қазанға салып қайнатпақ түгілі, маңайлатуға да қауқарлары жетер емес. 7-8 жылдай бұрын депутаттар екі әйел алу туралы мәселені қозғап, жұрт біраз даурығып басылған еді. Енді бәрі үнсіз. Кейбір дерек көздері еліміздегі кәріқыздар саны 1.5 миллионға жетеді, дейді.
Жалғызбастылар қоғамға жат адам сияқты, әрқайсысы өз тағдырымен оқшау күн кешіп жатыр. Парламенттегі ұзақ үнсіздіктен кейін, әркім өз тағдырына өзі қожайын деген ойды ұққандаймыз. Бір жағынан бұл дұрыс та шығар. Алайда, елімізде ер азаматтардан әйелдердің саны көп болса, бұған кәрі қыздар кінәлі емес шығар.
Екі әйел алу мәселесін мемлекет таяу кезеңде заңдастыра қоймасы анық. Өйткені, екі әйел алуға заңмен некеге тұрған белі жуан бәйбішелер келісімін бере қоймайды. Дәл қазіргі уақытта бәйбішенің келісімінсіз екі әйел алу, шаңырақтағы әлеуметтік қарама-қайшылықтарды өршітіп, отбасының ойранын шығаруы мүмкін. Себебі, біздің қоғам мұндай әлеуметтік реформаға әлі дайын емес. Сонымен, кәрі қыздарға балалар үйінен бала асырап алғаннан басқа жол қалмағандай. Көлденең көк аттыдан бала тауып алуға көбісі ұялады. Бала асырап алу үшін жекеменшік баспана, басқа да тұрмыстық жағдайлар сай болуы керек. Ал сүрбойдақтар мен отырған қыздарымыздың әлеуметтік жағдайы қанттай болып тұрмағаны белгілі. Көбісі баспанаға зәру.
Медицинаның соңғы жетістіктерінің бірі - экстрокорпоралдық медициналық ұрықтандыру (экомед) қызметін, елімізде бір рет тегін пайдалануды заңдастырғаны белгілі. Бірақ, эмбрион өсіп-жетіліп өмірге сәбидің келуіне кепілдік берілмейді. Сәтсіз болған жағдайда, қайта ұрықтандыруға ақша төлеуі керек. Ал, көрші Ресейде қашан әйел жатырында эмбрион өсіп-жетіліп, өмірге нәресте келгенше, ұрықтандыру қызметі қайталана береді екен. Осы қызмет елімізде баласы жоқ әйелдерге бала тапқанша бірнеше рет тегін жасалынса, бала тууға әрекеттенуші әйел саны артар еді. Жасы келген қыздар да, бір есебін тауып, бала табуға әрекет жасар ма еді? Олай дейтініміз, ЭКОМЕД орталықтарында дайын донорды (мәліметтері айқын аталық ұрықты) әйелге ұсына алады екен.
Кәріқыздардың проблемасы осылай жалғаса берсе, күндердің күнінде олар әлеуметтік құндылықтарға мұқтаж, қоғамның басым бөлігін құрайтын үлкен топқа айналуы қауіпті жағдай. Қауіпті жағдайдың алдын алып, нақты шешімдер қаралмаса, әлеуметтік-демографиялық апатқа соқтырмасына кім кепіл? Демографиялық стратегияны жан-жақты дамыту үшін, түрлі механизмдерді іске асыратын уақыт әлдеқашан жетті. Мәселен, өз басым мынадай ұсыныстарды ортаға салар едім.
1. Бала асырап алған жалғызбастыларға (әйел, не еркек болсын) егер үйі жоқ болса, тегін пәтер берілсе. Егер баланы асырап алу патронаттан тыс рәсімделсе, бала 18-ге толғанша арнайы жәрдемақы төленсе;
2. Экстрокорпоралды медициналық тегін ұрықтандыру қызметі бала табуға қабілетті, перзенті жоқ, күйеуі бар әйелдерге мемлекет есебінен барлық құқықтары сақталына отырып, денсаулығы көтерсе, қашан бала тапқанша қайталанып отырса;
3. Еліміздің барлық аймақтарында неке және отбасы істері жөніндегі басқару жүйелері арқылы ақылы танысу клубтары (бойдақтар үшін) ашылып, жүйелі, нәтижелі жұмыс жүргізсе;
4. Мүгедек емес, тұрмыс құрмаған, 25 жастан асқан қыздар мен 30 жастан асқан үйленбеген жігіттерге (жұмыс істесе де, істемесе де) ай сайын бойдақ салық салынып отырса. Дені сау баласын балалар үйіне, немесе, далаға тастап кеткен дені сау азаматтарға қылмыстық жазадан тыс (егер заң жүзінде баласын тастағаны дәлелденсе) бір реттік қомақты айыппұл салынса;
5. Заңды некелі күйеуінен балалары болса да, отбасының қаржылық жағдайы көтерсе, бала тудыруға қабілеті бар күйеуіне шариғат некесімен екінші әйел алуға, нотариалды куәландыру келісім-шартымен (келісім-шарт екі әйел мен ер азаматтың өзара құқықтарын айқындауы керек) рұқсат беретін, ұлттың демографиялық өсімін қолдайтын патриот әйелдерге, арнайы жарлықпен үкіметтік награда есебінде, медалімен бірге "Мейірім" (басқаша атай беруге болады) сыйлығы тағайындалса. Сыйлықтың құны - 10000 (он мың) доллардан кем болмаса. Бұған қоса, екінші әйелден туған балалар, бірінші әйелден туған балалармен тең әлеуметтік құқықтарды пайдалануы туралы келісім-шартта нақты көрсетілсе;
Осы сияқты ұсыныстарды қолдайтын заң тетіктерін үкімет арнайы заң күші бар қаулымен, немесе жарлықпен күшіне енгізсе, қазақтар демографиялық өсімді шегіне жеткізуі әбден мүмкін. Бүгінгі күнгі ұлт алдындағы жауапкершілік демография мәселесін мықтап қолға алуды үндейді. Өйткені, қазақ көбеюі керек. Ел арасынан бұдан да жақсы ұсыныс айтушылар табылатынына сенемін. Ұсынысым біреуге ұнап, біреуге ұнамағанымен, оқырманның пікірін ортаға салуға түрткі болар деген ойдамын.
Озық, әрі өміршең идеялар туындап, депутаттар қолдап, қазақты көбейтуге бағытталған әлеуметтік жағдайдың бәрі жасалып отырса, ішкі, сыртқы жағдайымыз берік, әрі бүтін болар еді. Сонда кәріқыздар өз еркімен екінші әйел болса да, отбасын құрып, бала сүйіп, бақытты ғұмыр кешер еді.
Сондықтан, қоғамның бітеу жарасына айналған кәріқыздар мен сүрбойдақтар мәселесін шешу кезек күтпейтін іс саналады. Депутат мырзалар ұлт алдындағы парызын адал орындағысы келсе, осы мәселені тезірек талқыға салуы тиіс.
Ділдәгүл НҰРМАХАНБЕТ
Алматы