Уақит Шалекенов: Қазақтың сөйлеу мәнері телесериалдардағыдай дарақыланып кете ме деп қорқамын
2016 ж. 10 ақпан
4197
0
Елімізге белгілі тарихшы-ғалым, профессор, әрі этнолог, әрі археолог, қазіргі кездегі тарихшылар қауымының ақсақалы әрі кейінгі толқынның ұстазы, екінші дүниежүзілік соғысқа 18 жасында қатысып, Отан қорғаған ардагер Уахит Шалекенов бүгінде тоқсанның тұғырлы белесіне жетті.
Ұстазымыздың өмір жолын шартты түрде бірнеше кезеңге бөліп қарасақ, қазақ халқының «басында қатты болса, соңында тәтті болады» деген мәтелі ойға оралады. Нарын құмдарында көшіп жүрген қазақы ауылда дүние есігін ашқан Уахаң, 5-7 жасынан бастап тағдырдың ауыр сындарына тап болады. Уахаңның бір ғасырға жуық ғұмыры қазақ елінің ХХ ғасырдың 20-жылдарынан күні бүгінге дейінгі жалғасып жатқан тарихымен тығыз байланысты.
1929-1933 жылдары елімізде болған аграрлық өзгерістер мен оның ауыр салдарлары, аштық пен қырғыннан, бас сауғалап басқа жаққа көшуден ағайын-туыстары құтыла алмапты. Бұл туралы Уахаң көп айта бермейді. Тек бір әңгімесінде ғана аштықтан бүкіл ауылдастарының қырылып, аман қалғандары жан-жаққа босып кеткен інісі мен қарындасының аштықтың құрбаны болғаны, өзінің 7-8 жасында Нарын құмдарында балпақ пен борсық аулағаны туралы ауыр күрсіне отырып айтқаны бар. Содан үдере көшкен елмен бірге Қарақалпақ жеріне келіп, табан тірейді. Елмен бірге ауыр күндерді басынан өткере жүріп, әйтеуір жан сақтайды.
Көп ұзамай соғыс өрті тұтанып, ел қорғау үшін майданға аттанады. Кіші командирлер даярлайтын курсты шұғыл түрде тәмамдап, 1942 жылы жазда Харьков түбіндегі ауыр ұрыстардың қақ ортасына түседі. Майданда ауыр жараланып, Тәшкендегі госпитальда адам қатарына қосылады. Сөйтіп, көп ұзамай елге оралады. Бұл – Уахаңның өміріндегі бұған дейін атап өткен «қатты» кезең болатын.
Ұстазымыздың бұдан кейінгі өмірінде «жылымық» кезең басталады. Оған Нүкіс педагогика институтының тарих факультетіндегі студенттік жылдар, алғашқы еңбек жолын бастауы, ғылымға бет бұрып, аспирантурада оқып, кандидаттық қорғап, ғылыми мекемеде мамандығы бойынша қызмет жасауы, отбасын құрып ұрпақ өсіруі, ғылым докторы дәрежесін алып, профессор атануы – осылай жалғасып кете береді. Бұл кезеңдегі жылдар Уахаңды азамат ретінде қалыптастырады, ғалым ретінде дүйім елге белгілі етеді. Өткен ғасырдың 60-жылдары қай мамандық саласы болмасын, әсіресе, тарих мамандығы бойынша ғылым докторы дәрежесін иеленіп, профессор атағын алу екінің бірінің қолынан келе бермейтін. Ал сондай атақ-дәрежеге ие болғандар кешегі Кеңестер одағы құрамындағы республикаларда саусақпен санарлықтай еді. Ал автономиялы республика мәртебесі бар Қарақалпақстан үшін профессор Уахит Хамзаұлы ғылымды ұйымдастырушы таптырмас кадр болатын.
- Уахит аға, бүгінгі БАҚ-қа көңіліңіз тола ма?
- Бүгінгі ақпарат құралдарындағы ұлттық тәрбие көрмеген көптеген журналистертердің әрбір жазба-сызбалары да “қазақы әлемнен” мүлдем хабарсыз екендіктерін дәлелдеп отыр. “Сен” деген анайылықты радио, теледидар, газет-журналдарда өте дөрекі және жөн-жосықсыз әрбір сөйлем арасында: біреумен сөйлесерде, сөз бастарда, қасында қарсы қарап тұрса да “сен” деп сөйлеуді жаман әдетке айналдырған. Бұл - қазақ деген халық үшін мәдениетсіздік, тәрбиесіздік.
Бүгінде көп отбасында баласы әкесіне “сен” деп әкіреңдесе, немересі атасына, ағасына “сен” деп едіреңдейді; әжесіне, апасына қыздары; әпкесіне сіңлісі - “сен” деп бажылдағаны, бұл отбасы мүшелерінің арасында шынайы сүйіспеншіліктің жоқтығын білдіреді. Қазақ үшін «сен» деп сөйлеу - өштесудің, ат құйрығын кесісудің белгісі.
Әрбір газет редакторы, теледидар басшысы қол астындағы қызметкерлеріне: “Анайы сөздерді сыпайы сөздермен сөйлетіп, алмастырып басыңдар десе” бес жылда рухани жұтаңдықтан біраз арылып қалар едік. Кеңес Одағы орнаған соң “кеңесше оқымыстыға” айналғандар, “қатын” деген сөзден жиіркеніп, газет, кітап бетінен теріп алып, оның орнына “мәдениетті сөйлейміз» деп “әйел” деген сөзді қолданды. Қазір “қатын” деген сөзден ата жауымыздың сөзіндей қорқамыз. Ол ешқашан қазақтың сөзі болмаған сияқты. Қазақстан телеарналарындағы телесериалдарды аударғандар қазақ емес, өзге ұлт өкілі сияқты. Қазақтың көркем әдебиетін, Абайдың аудармаларын мүлдем оқымаған деседе болады. Шетелдіктер қалай сөйлесе солай аударады. Қазақтың Ұлттық менталитетіне салып аудару саналарына кірмейді.
Телехикаялардағы аудармалардың қасіреттісі - біздің солтүстікте орысы бар, орманы бар, шалақазағы бар - бәрі жабылып “қазақша үйренеміз” деп, қазақшаны осы анайы аудармадан үйреніп жүр. Ертең бұлардың сөйлеу мәнері, сыйластығы осы телесериалдардағыдай дарақыланып, сыпайлығы жоғалып кетеме деп қорқамын.
- Тарихқа көз жүгіртсек, бір ғана XX-ғасырдың ішінде Ресей қазақ халқына жақсы да, жаман да қырымен келген секілді?
- 1901 –1910 жылдары Ресей империясы Столыпиннің реформасына орай «өз еркімен» қосылған қазақ халқын шұрайлы жерінен қуып, қызын қатын, әйелдерін күң, баласын құл етті. Қарсыласқанын атты, түрмеге жауып, қазақтың тазартылған шұрайлы жеріне ішкі Ресейден орыс мұжықтарын тарақандай қаптатты. 1916 көтерілісте, 1918-1920 жылдары ақ пен қызылға бөліп, азамат соғысында миллионға жуығын қырды. 1921–1923 жылдары бір жарым миллионын аштан өлтірді. 1927–1929 байларды кәмпескелеу, ату, асу. 1930-1931 ж. Алаш арыстарын қамады, атты. 1932-1933 ж. 3 миллион қазақ аштан қырылып, көмусіз қалды. 1937-1939 ж. 66 000 бас көтерер сауаттыларын «халық жауы» деп көзін құртты. 1941-1945 ж. Екінші дүниежүзілік соғысты «Ұлы Отан соғысы» деп тағы үш жүз мыңын опат қылды. 1951-1953 ж. тағы репрессия. 1945-61 жылдар «тың игеру» деген қарғыс атқыр науқанмен қазақтың жеті жүз мектебін жауып, қаңғып келген төремшіктердің қолынан қанша қазақтың қызы зорланып, қанша асыл аналарымыздың ары тапталып, айбынды ерлеріміздің қаншасы «бұзақылардың» қолынан қайтыс болғаны белгісіз. 1979-1989 ж. қазақ үшін бір тиын құны жоқ «Ауған соғысында» нар жігіттер шейт болды. 1961-1984 ж. қазақ жаппай ішкілікке салынып, мешіттер бұзылып дінсізденіп, ділсізденіп, қазақ тілін анайы түрде жойып, ұлттық рухынан айырылып есеңгіреп қалды. 1986-1987 ж. бас көтерген қазақ жастарын қанға бояп, соттады, түрмелерге тығып өлтірді.
Қарап отырсаңыз, арасын ұзатпай, үнемі қазақ халқын жойып отырған. Төбе шашың тік тұрып, жүрегің жарылып кететін, мыңдаған фильмдерге арқау болатын, жантүршігерлік сұмдық оқиғалар емес пе? Осыларды әшкерелеп тарихи, деректі фильмдер түсірсе, қазақ халқының Ресей империясы алдында езіліп қалған еңсесін көтерер еді-ау! деп ойлаймын.
- Уәке, кейбір сауатсыз қандастарымыз әлі күні көршілерімізге жалтақтап жүр?
- 24 жылдан берi ел президентiнен бастап балабақшадағы балаға дейiн “Тәуелсiздiгiмiзге бiр жыл, он жыл, жиырма үш жыл, жиырма төрт жыл толды” деп тойлап келемiз. Ал сонда тәуелсiздiктi бiз кiмнен алдық? Ресейден алдық. Ал ендi “Ресейден алдық” деп неге айтпаймыз? Неге айта алмаймыз? 1731-1991 жылдар арасында қазақтар Ресейге қарсы 360 рет көтерiлiптi. Ал 1918-1986 жылдардағы, яғни Кеңес одағы кезiндегi көтерiлiстердiң барлығы кiмге қарсы болған едi? Әрине, Ресейге. Ендi бiзге де “Ресейден тәуелсiздiк алдық” деп айтуға болады ғой. Жоқ, айта алмаймыз. Сонда бiздiкi неғылған құлдық сана? Осыған басым қатады...
Ресей империясының қазақ халқын қырғынға ұшыратқаны жайлы орыс жазушысы Герцен “Колокол” дейтiн атақты шығармасында: “Көне өсиет соғыстары мен моңғол шапқыншылығы дәуiрiнен бергi тарихта дәл осындай жиренiштi, құтырған шапқын болған емес... Бұл қанды оқиға болашақта тарихи шежiреге енуi тиiс”, – деп жазады. Ертеректе ауыл ақсақалдары айтатын: орыс басқыншылығына қарсы шыққан ауылдарды патшалы Ресей әскерлерi түгел қырып, мал-мүлкiн тонап, киiз үйлердi өртеп, тiрi жан қалдырмай, босаған жерге Ресейден орыс шаруаларын әкелiп орналастырды деп.
Кешегi қазақ кеңес әдебиетiнiң негiзiн қалаған классик жазушылар мен қып-қызыл ақындар: “Жаңа заманның өнерiн, ғылым-бiлiмiн меңгеру үшiн ең әуелi орыс тiлiн үйрену, орыс хатына жетiгу керек. Қазақтар сонда ғана алдыңғы қатарлы жұрттармен терезесi тең халыққа айналмақ, сонда ғана түнектен шықпақ. Сондықтан да қазақ зиялылары орыс атын жатырқамауға, орыс мәдениетiнен нәр алып, орыс ғылымынан қанығуға тиiс, сол арқылы адамзат қолы жеткен барлық рухани және материалдық байлық билiгiне көтерiлемiз” деп шақырды. Ал қане, жеткен жетiстiгiмiз? Керiсiнше, тәуелсiздiк алғанда “ғылым мен бiлiмнiң шыңына шығу” былай тұрсын, әлемдiк мәдениеттi меңгерген ұлт емес, тiлiн, дiнiн, мәдениетiн өзi жойып жатқан ел екендiгiмiздi бiр-ақ бiлген жоқпыз ба?!
Керек десеңiз, бiлiм, ғылым, технологияны былай қойып, жөнi түзу баспана да сала алмайды екенбiз ғой. Қазақтар орысша оқып, бiлiм-ғылым меңгерген болса, онда бүгiн миллиондаған доллар шығындап “Болашақ” бағдарламасымен шетелге жастарымызды оқытып, ақ тер, көк тер болмас едiк-ау...
- Әңгімеңізге рахмет, Уахит ата.
Жұмамұрат Шәмші
qazaquni.kz