ФУТБОЛ КЛУБТАРЫНАН 20,1 млрд ҮНЕМДЕЛІП, ФЕДЕРАЦИЯНЫ МЕМЛЕКЕТ ҚАРЖЫЛАНДЫРМАЙТЫН БОЛДЫ - Үкімет
2022 ж. 04 ақпан
1518
0
КӘСІБИ ФУТБОЛ КЛУБТАРЫ ЖЕКЕШЕЛЕНУДЕ
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, «Ақ жол» фракциясы мүшесі Қазыбек Иса еліміздегі миллиардтар бөлініп отырған футболдың дамуы нәтижесіз, мүшкіл халде қалып келе жатқаны туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Тоғжановқа «ХАЛЫҚ ҚАРЖЫСЫН ФУТБОЛҒА ӘЛЕМГЕ МАСҚАРА БОЛУ ҮШІН ҚҰЙЫП ОТЫРМЫЗ БА?!» атты депутаттық сауал жасаған болатын.
Айта кету керек, депутаттық сауал 14 қарашада 2022 жылғы футболдан әлем чемпионатына іріктеуде Қазақстан ұлттық командасының Франция командасынан 8:0 болып, футбол тарихындағы масқара есеппен ойсырай жеңіліп, елдің қатты наразылығына ұшырап, қоғамда резонанс тудырғанда жасалған еді.
Депутаттық сауал да қоғамда резонанс тудырды. Әлеуметтік желілерде рекордтық деңгейде тарады. Қолдау пікірлердің көптігі сонша, есебі жоқ.
Ол депутаттық сауалдың қысқаша түйіндері мынадай:
- Халық қазынасы қазақ футболшысын дамытуға емес, шетел футболшысын байытуға жұмсалып жатыр!?
- Миллиардтар алып отырған қазақ футболында гол жоқ! Ал ауылдарда қаржы тапшылығынан жол жоқ!
- Нәтижесіз футболға бөлінген 133 млрдқа кемінде 133 мектеп салуға болар еді…
- Гол салмайтын, тек халық қазынасына қол салатын, қол салғанда мол салатын футболға миллиардттарды босқа шашуды тоқтататын уақыт жетті! - деген өткір сұрақтар көтерілген болатын.
Бұл депутаттық сауалымызға Үкіметтен жауап кешігіп жетті. Заңда белгіленген мерзім бір ай болғанда «Ақ жолдың» депутаттық сауалы бойынша футбол бюджеті қайта қаралып жатқаны жөнінде, толық есептеліп біткенде жауап берілетіні туралы ескертпе келген еді.
Енді міне, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Тоғжановтың толық жауабын жариялап отырмыз.
Құрметті депутаттар!
Кәсіби футболды дамыту мәселелеріне қатысты сауалдарыңызды қарап, келесіні хабарлаймыз.
Кәсіби футбол клубтарын жекешелендіру туралы
Елімізде 49 кәсіби футбол клубы бар, олардың 14 Премьер лигада, 12 Бірінші лигада, 23 Екінші лигада өнер көрсетеді.
Қазіргі уақытта мемлекетке түсетін ауыртпашылықты азайту мақсатында жергілікті атқарушы органдар кәсіби футбол клубтарын жекешелендіру немесе сенімгерлік басқаруға беру жұмыстары жүргізілуде.
Атап айтқанда «Шахтер» (Қарағанды обл.) және «Қайсар» (Қызылорда обл.), «Ордабасы» (Шымкент қ.) футбол клубтары сенімгерлік басқаруға беріліп, «Тобыл» футбол клубы (Қостанай обл.) жекешелендірілді.
Сонымен қатар, Ақмола облысының әкімдігі «Оқжетпес» футбол клубын 2023 жылы жеке меншікке өткізуді жоспарлап отыр, ал Маңғыстау облысының әкімдігі өзіне тиесілі кәсіби футбол клубтарын жекешелендіру мәселесін пысықтауда.
Бұған қоса, бұқаралық және балалар спортына жаңа серпін беру үшін былтырғы жылы кәсіби спортты мемлекет есебінен қаржыландырудың лимиттері бекітілді (футбол клубтары үшін лимиттің шекті мәні жылына 1,2 млрд теңге, басқа ойын спорт түрлеріне 450 млн теңге).
Нәтижесінде кәсіби клубтардан 20,1 млрд теңге көлеміндегі қаражат мемлекеттік спорттық тапсырысқа, спорт инфрақұрылымына, бұқаралық спорттық іс-шараларға қайта бағдарланды.
Балалар футболын дамыту туралы
Футбол еліміздегі ең танымал спорт түрі болып табылады. Жалпы спорттың бұл түрімен елімізде 875 мыңнан астам адам шұғылданады, соның ішінде 503 мың адам ауылдық жерлерде. Мемлекеттік спорт мектептеріндегі (балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері, олимпиадалық резерв даярлау орталықтарында, спортта дарынды балаларға арналған спорт мектептерінде) 853 футбол бөлімшесінде 34 мыңға жуық бала айналысады.
Анықтама: Ақмола - 1776 Ақтөбе -1678, Атырау – 876, Алматы обл. - 2461, ШҚО – 2427, Жамбыл - 2448, БҚО - 422, Қарағанды - 2330, Қызылорда - 1549, Қостанай - 2774, Маңғыстау - 1590, Павлодар - 2428, СҚО - 1144, Түркістан - 6399, Алматы қ. – 334, Нұр-Сұлтан қ. – 582, Шымкент қ.– 2524.
2020 жылдан бастап мемлекеттік спорттық тапсырыс шеңберінде кәсіби спорттық клубтардан бағытталған қаражат есебінен тегін футбол секцияларына 26 212 бала жазылды.
2012 жылдан бері кәсіби футбол клубтары жанында арнайы орталықтар мен академиялар құрылып жатыр. Бүгінгі күні мұндай 17 орталықта 7-18 жас аралығындағы 6 954 бала жаттығады.
Қазақстан футбол федерациясы (бұдан әрі − Федерация) мен Білім және ғылым министрлігі «Ұлттық мектеп лигасы» және «Футбол сабағы» жобаларын бірлесіп іске асыруда. 2021 жылы Ұлттық мектеп лигасының сайыстарына 6 мыңнан астам оқушы қатысты. «Футбол сабағы» жобасының шеңберінде 1000 орта білім беру мектептерінде аптасына бір рет футболдан жаттығулар ұйымдастырылады. Осы бастаманың арқасында 600 мыңға жуық бала футболмен айналысу мүмкіндігіне ие болды. Федерация оқу-жаттығу үрдісін қамтамасыз ету мақсатында жобаға қатысатын мектептерге 10 мың сапалы футбол доптарын бөлді.
Сонымен бірге Федерацияның бастамасымен былтыр әуесқой футбол секциялары арасында ел біріншілігі өтті. Оған 1,5 мың бала жаттығатын 44 балалар командалары қатысты. Спорт мектептерінде, орталықтар мен академияларда жаттығатын 13-17, 17-19 жастағы балалар арасында дербес сайыстар тұрақты түрде өткізіледі.
Балалар бапкерлерін даярлауға қатысты
Қазіргі уақытта елімізде 40 жоғары оқу орнында «дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша жаттықтырушы кадрлары даярланады.
Статистикалық деректер негізінде қазіргі уақытта елімізде футболдан 5 000-нан астам жаттықтырушы бар. Олардың ішіндегі 1072 жаттықтырушысы балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде.
Сондай-ақ, УЕФА құрамына кірген мемлекеттердің футбол федерациялары оның «Жаттықтырушылар конвенциясын» қабылдап, міндетті түрде жаттықтырушыларды дайындап, олардың біліктілігін арттыруға тиіс.
Осыған орай, 2007 жылы бапкерлерді дайындау үшін техникалық орталық құрылып, онда соңғы 14 жыл ішінде 1315 бапкер даярланды, соның іщінде 45 бапкер PRO лицензиясына, 224 − А лицензиясына, 20 − А Еlite Youth лицензиясына, 235 − С лицензиясына, 243 − B лицензиясына және 23 − B goalkeeper лицензиясына қол жеткізді.
Сонымен қатар, кәсіби футбол клубтардың фитнес-жаттықтырушылары, футбол дәрігерлері, менеджерлер, скауттар, талдаушылар, футбол алаңдарының агрономдары мамандары арасында олардың біліктілігін көтеру мақсатында жүйелі түрде шетелдік мамандарды шақыру арқылы семинарлар өткізіледі.
Тегін футбол алаңдарын салуға қатысты
Қазіргі уақытта елімізде 316 толық көлемді футбол алаңы бар, оның 221-і табиғи жабыны бар, 95-і жасанды және 1 894-і стандартты емес өлшемдегі футбол алаңдары. Сонымен қатар, 10 өңірде 148 футбол манеждері бар. Бұған қоса инфрақұрылыммен халықты қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджет және бюджеттен тыс қаражат есебінен шағын көлемді футбол алаңдары салынуда.
Футбол саласын қаржыландыру туралы
Қазіргі уақытта кәсіби футбол клубтары бірнеше көзден қаржыландырылады. Қаражаттың негізгі бөлігі жергілікті бюджеттен келіп түседі.
Жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес 2020 жылы кәсіпқой командаларды қамтамасыз етуге шамамен 28,6 млрд теңге бөлінді, ал 2022 жылы 16,9 млрд теңге қарастырылған.
«Астана» футбол клубы «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» корпоративтік қоры есебінен қаржыландырылады. 2020 − 2021 жылдары аталған қор елордалық ұжымға 20 млрд теңге бөлді.
2021 жылы «Астана» футбол клубына бөлінген қаражат көлемі 11 млрд теңгеден 9,4 млрд теңгеге дейін азайтылды. 2022 жылы шығындар одар әрі қысқартылады.
Футболдан ұлттық құраманы сапалы дайындау мақсатында Ұлттық Олимпиада комитеті Федерацияға 2018 − 2021 жылдары 195 млн теңге көлемде қолдау көрсетті.
Кәсіпқой командалардан бөлек Федерацияға «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» корпоративтік қоры тікелей қолдау көрсетеді. 2018 − 2021 жылдары футбол бірлестігіне 4,4 млрд теңге көлемінде қаражат бағдарлады.
Аталған қаражат футболды дамыту мен насихаттауға, отандық құраманың оқу-жаттығу процесін жүзеге асыруға және халықаралық іс-шараларға қатысу үшін пайдаланылды.
Даму стратегиясына сәйкес 2022 жылдан бастап Федерация мемлекеттік қаржыландырудан бас тартты.
Сонымен қатар, 2012 − 2021 жылдар аралығында УЕФА тарапынан клубтарды лицензиялау жүйесін, бұқаралық футбол бойынша УЕФА жарғысын, УЕФА жаттықтырушылар конвенциясын, әйелдер мен балалар-жасөспірімдер футболын дамыту бағдарламаларын жүзеге асыруға, УЕФА Ұлттар Лигасына қатысуға және елордада Федерацияның базасын салуға 30,5 млн евро көлемінде қаражат бөлінді.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Тоғжанов
КӨҢІЛДЕ КӨП КҮМӘН БАР…
Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановқа толыққанды жауабына рахмет айта отырып, көңілімізде күмәнді ойлар қалғанын да жасырмаймыз.
1."Футбол клубтары үшін лимиттің шекті мәні жылына 1,2 млрд теңге" дегені бұл қаржыны үнемдеуге жатады ма? . Себебі бұл лимит бұрыннан 1,2 млрд теңгенің айналасы еді. Ал бізге жеткен ақпарат бойынша мемлекет басшылығынан футбол клвбтарына бөлінетін қаржы 800 миллион теңгеден аспауы керек деген нұсқау болған. “Ақ жолдың” шулы депутаттық сауалынан кейін бұл мәселе қайта көтеріліп, пысықталып, нақтыланған.
2. «Футболмен 875 мыңнан астам адам шұғылданады, соның ішінде 503 мың адам ауылдық жерлерде” деген мәлімет те сенімді емес. Бұны қалай санаған? Негізі, 100-110 х 64-75 метр аралығындағы табиғи шөпте ойналған ойынды футбол деп айтады. Бұндай алаң тіпті Қазақстанның бас қаласы Нұр-Сұлтанда да жоқ. Себебі “Астана-Арена” табиғи емес, жасанды алаң болғандықтан стандартты футбол алаңына саналмайды. Мейлі, жасанды алаң дегенге көнгеннің өзінде, 100-110 х 64-75 метр аралығындағы футбол алаңдары саусақпен санарлықтай. (Жабық футбол алаңдары туралы сөз қозғаудың өзі ұят, 2-3 ғана болуы керек. Ашық жатқан футбол алаңдары қыстың аязды күндері 5 ай босқа жататынын айтпай-ақ қояйық. Сол себепті УЕФА-ға мүше елдер ішіндегі Қазақстан ғана қыстың күндері ойындарын тоқтатады). Ал бұл өлшемнен кішкентай футболды мини-футбол дейміз. Мини-футболдың ойын шарттары мен өлшемдері футболға сәйкес келмейді (мысалыға мини-футболда оффсайд жоқ секілді).
Қызықты дерек: Қазақстан бойынша бюджеттен ең көп қаржы бөлініп келген Астана футбол клубы, қыстың күндері 5-6 ай бойы мини-футбол мен футзал ойнайды. Тіпті жаттығуларының көбі футзалда өтеді. Себебі жабық футбол алаңы жоқ. Ойланып көріңізші, полдың паркеттің үстінде бутцымен қалай жүгіреді? Футзалдағы доптың өлшемі басқа, кішкентай болады. Салмағы ауыр болады. Ойын ережелері мүлдем басқа. Аутты қолмен лақтырмайды аяқпен тебеді. Былайша айтқанда футзал мүлде басқа спорт түрі. Астана футбол клубында тіпті жабық мини-футбол алаңы да жоқ. Айта берсе, арман көп…
Енді осындай жыларман жағдайда, 875 мың адам футболды қандай алаңда ойнайды екен деген заңды сұрақ туады. Одан бөлек, футбол: кәсіпқой және әуесқой болып екіге бөлінеді. Мысалыға, “Астана-Аренада” жұмыстан кейін барып доп тебетін мемлекеттік қызметкерлер көп. Оларда футбол ойнағанға саналады ма? Бұл санға қарап, байқауымша әр үйдің ауласында доп тепкеннің бәрін есептеген сияқты.
Ашық, жабық футбол алаңы деп бөлмегеннің өзінде 30 жыл ішінде Қазақстанда 2 стадион ғана салынғанын жаздық. Қалған стадиондардың бәрі Кеңес одағынан қалған, жарамсыз стадиондар. Ракеткасы жоқ адам теннис қалай ойнайды, қолғабы жоқ адам қалай бокстасады? Сол секілді футбол алаңы жоқ адам қалай қай жерде футбол ойнайды?
Мектептерде футбол лигасы деп ауыз толтырып жазады. Ол футбол емес, мини-футбол. Тіпті жылдың 6 ай бойы футзалда өтетінін білесіздер ме? Себебі футбол алаңы жоқ.
3. «40 жоғары оқу орнында «дене шынықтыру және спорт мамандығы бойынша жаттықтырушы кадрлары даярланады”-дейді жауапта. Осының ішінде қаншасында футбол жаттықтырушылары даярланады? Бұлардың бәрі футболдың ережелерін біледі дегенге күмәніміз бар. Себебі бұлар жаттықтырушылар емес, Мектептегі «Дене шынықтыру» пәнін жүргізуге даярланатын мұғалімдер. Жаттықтырушы мен мұғалім екі бөлек.
4. «Толық көлемді 221 табиғи жабыны бар футбол алаңдары бар»-дейді. Осының қаншасы УЕФА сертификациясынан өткен?
Міне, үкімет басшысы орынбасарының жауабынан кейін де көп сұрақтың жауапсыз қалғанына куә болып отырмыз.
Футболға баса назар аудармай, көрген күніміз осы…
Қазыбек Иса,
Қазақ үні