ӘЛЕМГЕ МАСҚАРА БОЛУ ҮШІН МИЛЛИАРДТАР ШАШУДЫ ТОҚТАТУ КЕРЕК! - Қазыбек Иса
2021 ж. 13 қараша
11235
3
Басты кінә - бас жаттықтырушыда емес - біздегі футбол жүйесінде!
Франциядан 8:0 есебімен масқара болып ұтылған ұлттық құрама футболшыларын елге кіргізді ме?!.
Анау жылы туыс ел Түркиядан 6:0 болып ұтылғанда жерге кіріп кете жаздап едік… Енді мынау футбол тарихында болмаған масқара жеңіліске ұшырадық!?.
Гол салмайтын, тек Халық қазынасына қол салатын, қол салғанда мол салатын футболға миллиардттарды шашуды тоқтату керек, оның орнына балалар спортын дамыту керек деп талай мәселе көтерді “Ақ жол” партиясы.
Бүгін “Қазақ үні” ұлттық порталы бас редакторы Азамат Тасқараұлы “Қош бол, Қазақ футболы!?.” мақаласында футболға кетіп жатқан есепсіз қыруар қаржының есебін жариялады. 2019-2020 жылдары аймақтағы футбол клубтарының өзіне 71 млрд жұмсалған. Ал “Астана” клубының өзіне былтыр 15 млрд, “Қайрат” клубына 9 млрд жұмсалған!?.
Бірақ нәтиже қайда?!.
Франция - Қазақтан 8:0
Ұяттан өл!!!
Өзімізді әлемге масқара ету үшін миллиардтар жұмсауды тоқтату керек!
Бұлардың орнына тек қазақ балаларынан құралған, Португалиядағы халықаралық матчта ерекше ойынымен кубок жеңіп алған “Арландар” клубын (президенті Фазылбек Әбсаттарұлы) жіберу керек еді…
Бұл жерде кінә Ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Талғат Байсуфиновта емес. Бұл біздегі жалпы Футбол федерациясының, футбол жүйесінің кінәсі! Ұлттық құрама - айсбергтің ұшы ғана!
Шетелден легионер футболшылар әкелуді тоқтату керек! Өткенде чемпиондар лигасында ма, Қарағандының “Шахтері” ойнады. 11 футболшының 8-і шетелдік, үшеуі ғана қазақстандық, бірақ қазақ емес….
Футбол клубтарының легионерлерге неге құмар екені қазір ешкімге жасырын емес. Оған төленетін қомақты қаржыдан үлес алып отырады олар.
Одан кейін, кезінде “Ақ жол” фракциясы депутаттық сауал жасап көтергендей, балалардың футбол мектептерін дамытуға жұмсау керек қаржыны.
Біздің Қазақстан футбол федерациясының бір сорақылығы, 15 жасқа дейінгі Қазақстан чемпионатына еш уақыттағы өңірлердегі аудандық балалар клубтары қатыса алмайды. Себебі, федерация ережесі бойынша, өңірлердегі футбол клубтары республика чемпионатына қатысу үшін сол жерде жоғары лигада ойнайтын футбол клубы болуы керек екен!?. Ал жоғары лигада ойнайтын футбол клубы аудан түгілі, қалалар түгілі облыс орталықтарының өзінің бәрінде жоқ қой?!. Бұл ендеше шалғайдағы Шардараның, жырақтағы Жымпитының немесе шекарадағы Нарынқолдың балалары ешуақытта футбол чемпионатына қатыса алмайды деген сөз. Ал алыс өңірлерде кімдер тұрады? Яғни қазақ балаларының футболға жақындай алмай жүргенінің басты себебі осында жатыр…
“Арландар” клубы астанамызда болғасын және президенті Фазылбек Әбсаттарұлының жанкештілігінің арқасында Портуғалияға жетті…
Футболдың ішінде жүрген мамандардың айтуынша, бар мәселе жемқорлық жүйеде дейді. Қанша жерден Талғат Байсуфиновтың орнына Зидан, Гвардиоланы Қазақстанға жаттықтырушы қылсаң да, қазақ футболын дамытып жібере алмайды. Жемқорлық жүйенің асқынғаны соншалық, Пеле, Марадона, Месси, Роналду секілді дарынды балалар Қазақстанда туылса, олар сөзсіз Пеле, Марадона, Месси, Роналду бола алмас еді. Бұл жемқорлық пен сорақы жүйе қаншама Месси мен Роналдуды ауылдан шығармай сөндірді екен… Футбол басшылығындағылар 30 жыл бойы миллиардтарды жұтып отырса да,«бюджетіміз Еуропа деңгейіне жетпейді» деп келе жатыр. Ал Фазылбек Әбсаттарұлының айтуынша, халқының саны 4 млн. экономикасы бізден 3 есе кішкентай, лигасы 1991 жылы құрылған, 1995 жылға дейін соғыс өртіне оранған – Хорватия өткен жылы әлемнің футбол державаларын күйрете отырып, әлем чемпионатында финалға шықты. Алпауыт Франциямен тең деңгейде ойын көрсетті. Бюджеті әлемнің 50 еліне кірмесе де, футболының даму деңгейі әлемнің топ 10-дығына кіреді” дейді. Яғни, Хорватия – футболды ақшасыз да ойнауға, дамытуға болатынын дәлелдеген ел.
Қазақ футболы даму үшін алдымен “Авгийдің атқорасын” тазалауымыз керек!
Ол үшін Қазақстан футбол жүйесін жолға қою қажет!
Қазыбек ИСА,
Қазақ үні