Украина оқиғалары Путиннің рейтингін көтерді
2014 ж. 06 маусым
1912
0
Мәскеудің Украинадағы әрекеттеріне Батыс қаншама наразы болса да, Ресейде Путиннің рейтингісі өсіп барады.
Ресейде президент Владимир Путиннің рейтингісі шарықтап тұр. Социолог Лев Гудковтың айтуынша, мұның себебі – Ресейдің Украинаға жасап отырған қысастығы.
Ресейдегі "Левада" тәуелсіз социологиялық зерттеулер орталығының басшысы Гудков: "Украинаға қарсы аяусыз науқан басталды. Билік соғыс тілін, "фашизмге қарсы күрес" пен жаппай жұмылдыру тілін қолданып отыр" дейді.
Батыс Ресейдің Қырымды қосып алғанына, Украинадағы сепаратистік бүліктерді қолдап отырғанына наразы. Бірақ Ресейдің өз ішіндегі көңіл-күй мүлде басқа. Мәскеудің Киевтегі билікті "неонацистер" деп атап, оларға қарсы жорығын бастағаны ресейліктерді қатты "шабыттандырған".
"Левада" орталығы осыған қатысты сауалнама жүргізіп, нәтижесін өткен аптада жариялады. Оған қарағанда, Путиннің президенттік қызметіне ресейліктердің 83 пайызы риза. Жыл басынан бері Путиннің рейтингісі 18 пайызға өскен.
Бұған дейінгі оның ең жоғары рейтингі 2008 жылдың қыркүйегіндегі 88 пайыз болған. Бұл – Грузиямен Ресейдің соғысы аяқталғаннан бір ай өтіп, Оңтүстік Осетияның Грузиядан бөлініп шыққан кезі.
Путин рейтингісінің Ресей әскери қақтығыстарға араласқан сайын өсе бастайтыны қазір ешкімді таңғалдырмайтын болды.
Путин Шешенстандағы, Грузиядағы, енді, міне, Украинадағы қақтығыстың "қаһарманы" болып отыр. Осы жанжалдар кезінде ол үнемі "Ресейдің абыройы асқақтасын", "Батыс бізді түсінбейді" деген идеологиялық үгітке жүгініп отырды.
"Путин әр кез патриоттық рух пен милитаристік, жауынгерлік риториканы күшейтеді. Егер Путин рейтингісінің тарихына қарасақ, алғашқы өрлеуі Екінші шешен соғысы мен Мәскеудегі жарылыстардан кейінгі уақытқа тұспа-тұс келеді. Ол кезде бар-жоғы екі айдың ішінде Путиннің рейтингісі шарықтап кетті", - дейді Гудков.
Сәуір айында Ресейдің тағы бір әлеуметтану агенттігі – мемлекет қаржыландыратын ВЦИОМ (Всероссийский центр изучения общественного мнения) бөлек сауалнама жүргізген. Оған қарасақ, ресейлік респонденттердің 82 пайызы "еліміз әлемдік саясатта маңызды роль ойнайды" деп жауап берген.
Алты жыл бұрынғы дәл осындай сауалнамада бұл көрсеткіш небары 58 пайыз болған еді. Респонденттердің төрттен бірі Ресейдің әлемдік саясатқа ықпалын "аса зор" деп белгілесе, жартысынан көбі "айтарлықтай ықпалды" деген.
Ресейге бірнеше апта бұрын халықаралық санкциялар салынды, бірақ бұған қарамастан Путиннің Ресей ішіндегі саяси позициясы нығайып жатыр. Өткен жылдың күзінде басталған Украина дағдарысына дейін Путиннің рейтингісі құлдырап кеткен еді.
"Левада" орталығы Путиннің жеке басының рейтингісін 2013 жылдың қыркүйегінде сауалнама арқылы зерттеді. Путиннің президент ретіндегі рейтингісінен оның айырмасы – ресейліктердің жартысына жуығы ғана оны "жақсы адам" деп санаған.
Ақпанда Сочиде өткен, 51 миллиард доллар жұмсалған қысқы олимпиада да Путиннің рейтингісін 3-4 пайыздан артық көтере алмаған.
Ал бұл жобаға Путиннің әжептәуір үміт артқаны белгілі.
"Меніңше, былтырғы күз көп нәрсені өзгертіп кетті", - дейді Лев Гудков.
Киевтегі Майдан шерулерін Путин ұйымдастырған жоқ. Бірақ ресейлік "Ведомости" газетінің журналисі Максим Трудолюбов айтқандай, "Путин жағдайды жақсы сезеді, сондықтан бұл аласапыран кезеңді пайдаланып кетуге әбден дайын болған".
"Украина шығысындағы жағдай қантөгіс пен тұрақсыздыққа ұласып барады. Бұл жерде Ресей президенті отпен ойнап отыр" дейді сарапшылар.
Трудолюбовтың пайымдауынша, Қырымды қосып алу ақырында Кремльдің өзіне ауыр соққы болып тиюі мүмкін. Соңғы айларда саяси процестерді басқару немесе реттеу мүмкін болмай қалды. Қазір ешкім "Украинадағы қақтығысты тоқтатамын" деп 100 пайыз кепіл бола алмайды. Оқиға тым қауіпті болып барады.
"Азаттық" радиосы