Мемлекет қаржысын АУТСОРСИНГ "АУСЫЛЫ" ЖҰТУДА...
2017 ж. 21 ақпан
2621
0
Мемлекеттік арналарға бөлінген қаржының "аутсорсинг" деген бәленің кесірінен "ат төбеліндей" ғана топтың қалтасында кетіп жатқанын шырылдап талай жазғанбыз. Назар аударған жан болмады. Осы тв саласын талай жыл қадағалап отырған АП-ның бас идеологы Бағлан Майлыбаевтың қолына кісен салынғалы бері оның дәл осы аутсорсингке қатысы барлығы, оның компанияларының мемлекеттік арналарда аутсорсинг тәсілі арқылы ойына келгендерін істегені жайлы деректер жариялана бастады.
Мәселенің ақ, қарасын тергеу анықтап, сот шешімін шығарар. Мәселе басқада. Майлыбаев мен айтқан «ат төбеліндей» топтың бірі ғана. Онымен тоқтап қалуға болмайды. Оны түбіне дейін қазу керек! Сол кезде талай былықтың шығуы әбден мүмкін. Бүтіндей бір арнаның қаржы көп бөлінетін «май шелпек» бағдарламаларын әкесінікіндей иеленіп алғандар әлі де жетеді. Төменде екі-үш жыл бұрын жазған жазбамды тағы да назарларыңызға ұсынып отырмын. Тиісті органдарға осы жолы ой салар, бәлкім?
АУТСОРСИНГ ДЕГЕН «АУСЫЛ» БАР
Парламент қабырғасында вице-спикер Дариға Назарбаева мемлекеттік тапсырыс тендерлерінің 37,8 пайызын ұтып, 400 миллиард теңгенің жұмысын игерген адамдардың атын атап, түсін түстеуді талап етті. Қазақстандық «Форбстың» жазуынша бюджет қаржысының арқасында 15 адам байып шыға келіпті. Өте орынды көтерілген мәселе. Енді «Мемлекеттік тапсырыстар жөніндегі заңға» шұғыл өзгерістер енгізіліп жатыр. Мені осыған ұқсас екінші мәселе қатты алаңдатады.
Сол Дариға ханым ішкі «кухнясын» бүге шегесіне дейін білетін мемлекеттік телеарналарда «мем.тапсырысқа» ұқсайтын бірдеңе бар. Нарық менеджерлері «аутсорсинг» деп атайды. Ол да арналардағы бюджеттің ақшасын бөтен компанияларға тапсырыс бойынша беруге арналған әдіс. Мұнда да миллиардтар айналымға түседі. Бір айырмашылығы – аутсорсингке бағдарлама берілерде ешқандай тендер өткізілмейді. Телеарнаның өз ішіндегі «көркемдік кеңес» осы мәселеге байланысты шешім шығаруы тиіс. Ал, «көркемдік кеңестердің» көз бояу үшін құрыла салған «қуыршақ» екендігін, кімге , қанша қаржыға бағдарлама беру керек екендігін бірінші басшының айналасындағы ат төбеліндей ғана топтың шешетіндігі қазір ешкімге құпия емес.
Нәтижесінде, соңғы үш-төрт жылда бюджет қаржысының арқасында «Форбсқа» кірмесе де, қалтасы қалың шоу-бизнес өкілдерінің тізімін бастаған мықтылар пайда болды. Қымбат бағдарлама да солардікі, ақшасы көп ұзақ сериалдар да солардікі. Қарапайым журналистер кіре алмайтын есікті «Есентаевалар теуіп кіретін» заман туды. Олардың жасаған жұмысының сапасын қарап, қайтарып жіберіп, қайта жасатып немесе бюджеттің есіл ақшасын орнына қойып жатқандарды және байқамадық.
Егер әлдебір құрылыс компаниясы бюджет ақшасына мектеп салып, ол сапасыз болып шықса сөзсіз жауапқа тартылады. Ал, сапасыз, рейтингі төмен бағдарлама, сериал түсіргендер мен оны бергендер неге жауапқа тартылмайды? Бұл да бюджеттің, халықтың қаржысы ғой...
Парламентте осындай мәселелерді өткір қойып жүрген депутаттардың бар екенін білеміз. Олар «аутсорсинг» деген бәленің нақты механизмін анықтап беріп, бюджет ақшасының азғантай топтың қалтасында кетпеуіне тосқауыл қоятын заңдық негіз қалыптастыруға ықпал етеді деп сенемін. Осы аутсорсингтің дұрыс жасалмай жатқандығынан қазірдің өзінде жүздеген кәсіби журналистер жұмыссыз қалды. Ертең одан да көп болады... «Аутсорсинг» деген қазір журналистер үшін «аусылдан» да ауыр болып тұр.
Арман Сқабылұлы,
Фейсбук парақшасынан