Біздің қазақ қоғамының биліктегілерге сенуден қалғаны соншалық, ұлтсыздыққа ұрынған толып жатқан шикі реформаларға үмітпен емес, тағы не бүлдірер екен деген күдікпен қарайтын болып алған. Егер Қазақстанның саяси жағдайы тым күрделі, кез-келген бастаманы Ресейпен "келісіп пішетіндей" күйде тұрса да, шенеуніктеріміз әр нәрсені ұлтына барынша (максимум) пайдалы етіп шешуге тырысуы тиіс еді.
Өкінішке қарай, бізде бәрі керісінше болып жатыр. Бұл жерде Кремльмен кіндігі байланып қалған биліктегілердің бос жалтақтығы мен құлдық психологиясы көзге ұрып тұрғанымен, өзімнің осындай түпкі мақсатын ел түсінбейтін біртүрлі реформалардың екінші қырына үңілуге тырысатын әдетім бар. "Үштұғырлы тіл" саясаты ең алғаш жұрттың талқысына ұсынған кезде оның астарында орыс тілін бірте-бірте қолданыстан шығарып, оның орнын альтернатива сияқтанған ағылшын тілімен алмастыруды көздейтін жоспар жатқандай көрінген.
Себебі, орыс тілін қоғам өмірінен бірден алып тастауға орыстар емес, мәңгүрттенген қазақтардың өзі бірінші болып қарсы шығады. Орыстар үнемі соларды қолдап қана отырады. Егер олар қарсы болмаса, басқа отандастарымыз мұндай реформаларға түсіністікпен қарар еді. Әттең, бәрі мен ойлағандай болса ғой, шіркін! Кейін бұл реформаның да ұлтсызданған идеологиямен уланған министрлердің кезекті шатпағының бірі екеніне көзім жете бастады. Жарайды, барлығы мен ойлағандай болсын дейік. Егер бұл реформалар тура осындай жақсы жоспармен жасалғанда, оны қолдай кетуге халық дайын ба? Қалай қолдауы керек?
Ол үшін өзін қазақ санайтын арлы азаматтардың барлығы баласын қазақ мектебі мен қазақ балабақшасына беріп, қоғамда қазақыландыру процесіне деген "қажеттілік" тудыруы тиіс екен. Сонда орыс мектептері мен балабақшалары босап қалып, кейін олардың көбі қазақ мектебі болып қайта ашыла бастайды... Кінәнің бәрін өзімізден іздеу керек...
Айтпақшы, ұлтсызданған шенеуніктер дегенде есіме түсіп отыр. Европада "орысша жазатын қазақ жазушысы" деген дүбәра түркесті түсінбейді. Қазақстанның осындай бірер қаламгері туралы сөз қозғалғанда, әлгі европалықтар: "Онда олар қазақ жазушысы емес, орыс жазушысы болды ғой!" деген екен. Міне, логика! Қай ұлттың тілінде сөйлейтін болсаң, бәрібір сол ұлттың дүниетанымы мен болмысынан асып кете алмайсың.
Орысқа тиген қазақ қызының да қазақ қызы болудан қалып, орыс атанып шыға келеді деп жүргенім содан. Өйткені, қай ұлттың баласына ана болсаң, өзің де сол ұлттан болып саналасың. Орысша сөйлейтін қазақ ұлтшылы (патриоты) деген ұғым да дәл осы секілді құлдық психологиядан туған дүбәра тіркес екенін ұғатын уақыт туды, ағайын..... Қазақтың патриоты қазақша ойлап, қазақша ғана сөйлеуі тиіс!
Жолымбет Мәкіштің фейсбуктегі жазбасынан