Белсенді Павлодар мен Петропавл атауларын қазақшаландыруды ұсынды
2016 ж. 14 шілде
5238
15
"Пауладар мен Петропаул қалаларының атауларын өзгерту керек!" деп, одан қалса "былай атауымыз керек!" деп, бекерден-бекер аузымызды ауыртып, тектен-текке басымызды қатырамыз. Билік өзгертпейтінін біліп отырып, солай айтамыз. Дайындық жұмысы жоқ, ел санасын оятуға қадам жасау жоқ. Қазақ ұйықтап жатыр, дейміз. Қазақ оянуы үшін не істеуіміз керек? деген мәселеге бас ауыртаймыз. Күні кеше жер мәселесін көтергенде "қазақ оянды" дедік. Ол кезде қазақты оятқандардың бірі, менің пікірімше, Мақсат Ілиясұлы болатын. Мәкең күнде, күніне бірнеше рет жер мәселесіне қатысты ақпарат беріп тұрды. Елі оятуға, Мәкеңдей үлес қосқан жандар бірен саран ғана. Ал, бостан-босқа "өзгерту керек" деп, айқайлау - псевдопатритизм, деп білемін. Неге? Себебі: 1.) Қала халқының ұлттық демографиясына қатысты мәселе бар. 2.) Қала халқының ұлты қазақ тұрғындары әлі оянбады. Өздері ана тілінде құжат толтырмайды, ұл-қыздарымен өзге тілде сөйлеседі, өзгетілді БАҚ-ты оқиды, шетелдік кәбілді ТА-ларды қарайды .т.т. 3.) Қала халқы өзі тұратын қала атауының өзгеруіне қарсы болса, ол атауды "өзге қалада тұратын" өзге азамат өзгерте алмайды. 4.) Үкімет те аталған қалалардың атауының өзгеруіне пейіл танытып отырған жоқ. Әйтпесе, тәуелсіздік алған 1990-1991 ж.ж. жылдары өзгерте салар еді. Жамбыл - Тараз, Гурьев - Атырау, Шевченко -Ақтау болып жатқанда тізімге қоса салар еді ғой.. Енді біздің қолымыздан не келеді? Айтайын. Пауладар облысы атауын өзгертуіміз керек. Бұл қолымыздан келеді! Себебі, Пауладар облысы тұрғындарының басым көпшілігі ұлты қазақ азаматтар, әрі олар аймақ атауының өзгеруін күтіп жүргендер. Демек, облыс атауын өзгертуді қолдайтын тұрғындар саны әлдеқайда көп. Бұдан біз не ұтамыз? 1.) Біз аймақ тұрғындарының құжаттарынан Пауладар есімін шығарып тастар едік. 2.) Демек, Пауладар атау тек қала тұрғындарына ғана қатысты болып қалар еді. Пауладар атауын қолдану аясы барынша тарылып қалар еді. 3.) Аудан атауын атағанда облыс атауы қоса аталатынын ескерсек, Пауладар облысы деген атауды да атамай қояр едік. 4.) Облыс бойынша мекеме, кәсіпорындар атаулары, мөрлері т.т.с.с. бәрі өзгерер еді. 5.) Аймақ Қазақстанның мемлекеттік тілінде аталғаны - сол аймақтың Қазақстан жерінде екендігін білдірер еді. 6.) Аймақ тұрғындары елдіктің, тәуелсіздіктің рухын сезінер еді, өзін таныстырғанда келген жерін айтып: "мен - пауладарлықпын" демес еді, "мен - баянауылдықпын!" деп, мақтанар еді. 7.) Облыс бойынша, яғни аудандарда тұратын балалар - мектеп оқушылары, студенттер дәптер сыртын толтырғанда, бастары салбырап, өзге елдің "әлдекімін" атап жүрмес еді, Қаныш Сәтбаевтың жерлесі екенін айтып, "баянауылдық" болғанын мақтан тұтып, патриоттық рухта тәрбиеленер еді.
Осылай жалғастыра беруге болады. *** Кезінде, Кереку қаласында тұрғанымда, Ерлан Арын ағамыз Пауладар облысы әкімі болған кезде Әкім атына: Аймағымызда Пауладар атау көп екен - "Павлодар (город)", "Павлодарская (область)", "Павлодарский (район)", "Павлодарское (село)" - Бір аймаққа "пауладар" атауы көптік етпей ме, тым болмаса облыс атауын өзгерту керек емес пе?" деп жазғанмын. Тілдер басқармасынан келген жауапта: "қарастарымыз" деп жазып еді. Осы ұсынысқа қалай қалай қарайсыздар, достар?