Дариға Назарбаева ТМД Парламентаралық Ассамблеясының шараларына қатысты

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева бастаған қазақстандық парламентшілер Санкт-Петербургтегі ТМД Парламентаралық Ассамблеясының шараларына қатысты, – деп хабарлайды newsasia.kz ақпарат агенттігі.

Халықаралық терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі конференцияда сөз алған Сенат басшысы халықаралық терроризм қазіргі замандағы ең өткір мәселелердің бірі екенін атап өтті.

«Терроризм жойқын апатқа ұшыратады, экономикалық және әлеуметтік өмірдің құлдырауына алып келеді. Бұл апатқа балалар мен әйелдер және қарттар алдымен душар болады. Адамдар кедейлік пен соғыстан қашуға мәжбүр болады – жаһандық қауіпсіздікке төнетін қатер назардан тыс қалатын көші-қон туғызады. Бұл өз кезегінде, бұған дейін тұрақты әрі қорғалған болып көрінетін дамыған елдерде жаңа проблемалар туғызады», – деді Д.Назарбаева.

Сенат басшысы лаңкестікке қарсы күрес – бұл жекелеген мемлекеттердің немесе олардың топтарының емес, бүкіл әлем қоғамдастығының ісі екеніне назар аударды. Түрлі қарама-қайшылықтарға қарамастан әлемдік және өңірлік алып мемлекеттер Таяу Шығыста ИГИЛ-ге қарсы күресте іс-қимылды үйлестіруді қолға алды. Дегенмен, терроризм ошағы толықтай жойылған жоқ.

Сенат Төрағасы Қазақстан терроризмге қарсы іс-қимылда Біріккен Ұлттар Ұйымының орталық үйлестіруші рөліне қолдау білдіреді. 2017-2018 жылдарда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болған кездегі біздің еліміздің жеті басымдығының бірі осы мәселе болған еді. БҰҰ аясындағы мемлекеттердің жаһандық террорға қарсы коалициясын құру жөніндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы әлемдік қауымдастығының кең қолдауына ие болды.

Жоғарғы Палатаның басшысы 2018 жылдың қыркүйек айында БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясы аясында лаңкестіктен азат әлемге қол жеткізу жөніндегі дағды кодексіне қол қойылғанын хабардар етті. Бұл құжатқа 70-тен астам мемлекет қосылды.

«Біз әлем қоғамдастығы терроризм мен діни экстремизмді жоятын жаңа тәсілдер мен шешімдер әзірлеуді қажет ететініне сенімдіміз. Бейбітшілік пен қауіпсіздік жолындағы күресте бірлікке қол жеткізудің баламасыз жолы ретінде ауқымды үнқатысу қағидаттары олардың негізінде жатуға тиіс», – деді Д.Назарбаева.

Сенат басшысы конференцияға қатысушыларға арнаған сөзінде жаңа сын-қатерлер ұлттық парламенттер мен парламентаралық ұйымдар деңгейінде өзара белсенді іс-қимылды талап ететінін атап өтті. Терроризмге қарсы іс-қимылда ұлттық заңнамаларды үйлестіру табыстың маңызды факторы болып табылады.

«ТМД Парламентаралық Ассамблеясы ауқымды жұмыстар атқарып жатқаны бізге белгілі. Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде қауіпсіздік мәселелерін реттейтін үлгі заңнаманың сапалы базасын құру мүмкін болды. Бұл жұмыстар тиімді парламентаралық ынтымақтастықтың айқын мысалы болып табылады», – деді Сенат Төрағасы.

Осы мәселеге ортақ көзқарасты қалыптастыру үшін күш-жігерді біріктіруді мақсат еткен конференцияда терроризмге қарсы іс-қимылдағы халықаралық институттардың рөлі, экстремистік идеяларды таратуда желілік технологияларды пайдалануды болдырмау, лаңкестерді қудалау және терроризмді қаржыландырудың жолын кесу мақсатында заңнаманы жетілдіру мәселелері талқыланды.