Трамп Керчь бұғазындағы оқиғаға қатысты Ресейді сынға алды
2018 ж. 29 қараша
2971
0
АҚШ президенті Дональд Трамп Аргентинада Владимир Путинмен кездеспеуім мүмкін деп мәлімдеді. Бұған Ресейдің Украинаға кезекті мәрте көрсеткен агрессорлық саясаты себеп болған. Осыған дейін Ақ үйдің баспасөз хатшысы Сара Сандерс Трамп пен Путин апта соңында Буэнос-Айрес қаласында өтетін G-20 саммиті аясында кездесетінін айтқан. Саяси маңызды жиында екі ел басшысы Украина мен Сүриядағы жағдай, ядролық қару мәселелерін талқылауды жоспарлаған.
Бұл туралы qazaqtimes.com хабарлады.Сонымен қатар, Трамп Аргентинада Путиннен басқа Германия канцлері Ангела Меркельмен, Жапония премьер-министрі Синдзо Абэмен және Қытай төрағасы Ши Жинпиңмен кездесуді жоспарлап отыр. Дональд Трамп «Washington Post» газетіне берген сұхбатында Керчь бұғазындағы оқиға туралы Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің толық есебін күтетінін мәлімдеді. Өз сөзінде ол: «Мүмкін, мен бұл кездесуді өткізбеймін. Маған Ресей агрессиясы мүлде ұнамайды», – деді.
Ресейдің Керчь бұғазындағы Украинамен қақтығысы Сенаттың қарулы күштер жөніндегі комиссиясының отырысында талқыға түсті. АҚШ сенаторы Джин Шахин бұл оқиғаны Ресей жүргізген соғыс деп атады, ал Мэйзи Хироно Америка тарапы Ресейдің арандатушылық әрекеттеріне қатысты жаңа санкциялар енгізу керектігін ескертті. Қорғаныс министрінің саясат мәселелері жөніндегі бұрынғы орынбасары Эрик Эдельман.
Комиссия отырысында Қорғаныс министрінің саясат мәселелері жөніндегі бұрынғы орынбасары Эрик Эдельман Ресей АҚШ пен басқа да одақтастарға қарсы саяси соғысты күнделікті режимде жүргізіп келе жатқанын мәлімдеді. BBC-ге сұхбат берген Эдельман Ресеймен қатар Қытай да адам құқықтарын таптауды алға қойып, әлемге ештеңе болмағандай кейіп танытатынын айтты. Оның сөзінше, егер Ресей Керчь бұғазында көпір салу арқылы Украинаға басқыншылық жасап, халықаралық кеме қатынасын тоқтатса, сол сияқты ҚХР Оңтүстік Қытай теңізінде жасанды аралдар салып, оларды әскери нысандарға айналдырып келеді.
«Бұл дегеніміз екі елдің әлемге қарсы бірлескен әрекеті», – деп атап өтті Эдельман.
Сол себепті АҚШ Ресейге тосқауыл болу үшін әскери іс-қимыл мен артиллерияны, сондай-ақ әскердегі кибертехнологияларды дамытуы қажет. Жалпы Мәскеу мен Киев текетіресіне қатысты БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында АҚШ-тың тұрақты өкілі Никки Хейли Ресейдің кезекті агрессиялық әрекетін қауіпті эскалация және халықаралық құқықтың бұзылуы деп баға берді.
Ал мемлекеттік хатшы Майк Помпео: «АҚШ Ресейдің агрессивті әрекеттерін айыптайды. Украинаға кемелерді қайтарып, ұсталған экипаж мүшелерін босатуды, Украинаның егемендігі мен оның аумақтық тұтастығын құрметтеуді Ресейден талап етеміз», – деп мәлімдеді.
Болған іске қатысты Владимир Путин, әзірше, жақ ашқан жоқ. Ал оның баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресей президенті Украинамен арада болған жанжал туралы Аргентинада өтетін «Үлкен жиырмалықтың» саммитінде мәлімдейтінін айтты. Әлемнің экономикасы қуатты жиырма елі басшыларының саммиті 30 қараша мен 1 желтоқсан аралығында өтеді.