Мұхтар Тайжан Қытай мәселесі бойынша қазақ билігінің аса маңызды хатын жариялады (фото)
2018 ж. 26 қыркүйек
5486
1
Экономист Мұхтар Тайжан 2018 жылдың 20 тамызында Қытайдың Қазақстанға экспансиясы туралы қол жинап, Елбасына хат жолдаған еді. ҚР Ұлттық экономикалық министрлігі аталмыш хатқа ресми жауап берді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Хатта Қытайдағы 2 миллионға жуық қазақтың тағдыры мен Қазақстан-Қытай арасындағы қаржылық мәселелері көтерілді.
ҚР ҰЭМ мәліметінше, ҚР Сыртқы істер министрлігі шетелдегі Қазақстан азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін тиісті шараларды жүзеге асырып отырады. Ал Қытайдағы этникалық қазақтардың мәселелеріне қатысты Қазақстан және Қытай дипломаттары арнайы консультациялар өткізіп, тиісті шешім қабылдайды. Мұндай жағдайда екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынас ескеріледі.
«Екі мемлекет арасында жоғары деңгейде қол қойылған саяси құжаттар: 2013 жылғы 7 қыркүйектегі ҚР мен ҚХР-дың жан-жақты стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдету туралы Бірлескен декларациясы және Шанхай қаласында 2014 жылғы 19 мамырдағы ҚР мен ҚХР арасындағы Бірлескен декларациясына сәйкес, тараптар егемендікке, қауіпсіздікке және аумақтық тұтастыққа зиян келтіретін қандай да бір одақтар мен блоктарға қатыспайтынын, екінші тараптың егемендігіне және қауіпсіздігіне зиян келтіретін үшінші елдермен шарт жасаспайтынын, өз аумағында қандай да бір екінші тараптың егемендігіне, қауіпсіздігіне және аумақтық тұтастығына зиян келтіруге бағытталған ұйымдар мен топтардың қызметіне жол бермейтінін растайды», - деп жауап берді ҰЭМ.
Сонымен қатар, ҰЭМ мәліметіне сәйкес, Қытай Халық Республикасы Қазақстан Республикасының мемлекеттік егемендігін және аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету бойынша басшылығын қолдайды және Қытай мен Қазақстан мемлекет ішіндегі істерге араласпайды.
Сонымен қатар министрлік екі ел арасындағы қаржылық келісім-шарттар бойынша жауап берді.
Ондағы талқыланған мәселе «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ-ның өндіруші активтеріне қытай компанияларының қатысы мен Қазақстан-Қытай газ құбыры болды.
«2006 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ «Петро Қазақстан Инк» компаниясындағы акциялардың 33 пайызын сатып алды, акциялардың қалған 67 пайызы «CNPC» компаниясына тиесілі. «Қаражанбасмұнай» АҚ акционерлері: «ҚМГ» БӨ» АҚ (50 пайыз) және СИТИК (50 пайыз) 50 пайыз қатысу үлесі 150 млн АҚШ доллары сомасына, сонымен қатар 782 млн АҚШ доллары сомасына қабылданған міндеттемелер есебіне сатып алынды», - делінген министрліктің жауабында.
Ал Қазақстан-Қытай газ құбыры бойынша мынаны хабарлады:
«2008 жылдың ақпанында «Азиялық Газ Құбыры» ЖШС құрылды. 2010 жылдың желтоқсанында «Бейнеу-Шымкент Газ құбыры» ЖШС құрылды. АГҚ Қазақстан – Қытай магистральдық газ құбырын салу жобасын іске асыру мақсатында Қытай Даму Банкі мен Қытай Банкінің қатысуымен синдикатталған қарыз тартты, қазіргі уақытта берешек 6,1 млрд АҚШ долларын құрайды. Бейнеу-Шымкент газ құбырын салуды қаржыландыру Қытай Даму банкінен қарыз алу есебінен жүзеге асырылды, ағымдағы берешек 945 млн АҚШ доллар», - делінген ведомствода.
Егер қарыздар өтелмеген жағдайда, газ құбырлары кепілмен жабылады. Хаттың толық мазмұнын төмендегі фотолардан көре аласыз.