АҚШ орыс дипломаттарын түгелдей елден қуып шығармақшы

АҚШ Ұлыбританияда уланған бұрынғы ГРУ офицері Сергей Скрипальдың шуына жауап ретінде 60 ресейлік дипломатты еліне қайтарып, Сиэттлдегі Ресейдің Бас консульдығын жабу туралы шешім қабылдады деп жазады Азаттық.

Ақ үйдің мәлімдеуінше, президент Дональд Трамп ондаған ресейлік барлау офицерін АҚШ-тан шығарып, Сиэттлдағы сүңгуір қайықтар базасы мен Boeing компаниясының штаб-пәтеріне жақын орналасқан ресейлік консульдықты жабу туралы тапсырма берген.

Мәлімдемеде "бұл - НАТО-дағы және әлемдегі басқа да одақтастарымен бірге Ресейдің әскери саладағы химиялық қаруды Ұлыбритания территориясында қолданғанына жауап" деп көрсетілген.

Бұған дейін Германия бұрынғы ГРУ офицері Сергей Скрипальдың улануына Мәскеудің қатысы бар деген күдікпен ресейлік төрт дипломатты еліне қайтару туралы шешім қабылдағаны хабарланған.

Чехия, Польша, Дания, Франция, Латвия, Литва, Голландия да елден Ресей дипломаттарын шығармақ. Еуропалық кеңес президенті Дональд Туск 14 мемлекет ресейлік дипломаттарды елден шығаратынын, шаралар мұнымен шектелмейтінін айтты. Еуропа одағына кірмейтін Украина ресейлік 13 дипломатты елден шығармақ.