Үкімет отырысында сөз сөйлеген депутаттың пікірінше, Абу-Даби Плазадағы қақтығыстың өршуіне Астанаға келген ауыл жастары себепші екен. Сондықтан да қалаға келетін ауыл жастарының санын төмендету керек деді халық қалаулысы. Депутаттың бұл пікірі желі белсенділерінің шамына тиді. Мәселен, белгілі саясаттанушы Айдос Сарым мұндай пікір айтқан депутаттың жалақысын азайту керек шығар деген ойымен бөлісіп, «Осындайларды депутат қылған бізге де обал жоқ» деп жазды саясаттанушы желі парақшасында. Ал астаналық журналист Серғали Балажан "Міне біздің депутаттардың түрі осындай» деп ашынды.
Владимир Божконың бұл ұсынысы өзге де желі қолданушыларына жақпады. Тіпті бірі елдің ашуын туғызатын ойын жеткізген халық қалаулысын мандатынан айыру керек деп те ұсыныс айтты.
«Қазақты, ауыл қазағын қалаға жолатпау саясаты деген барып тұрған сорақылық, мұны іске асыратын болса, билік жасырын істейді. Мына арада ашық айтылып қалған екен, енді сергектік керек, мұны болғызбауымыз қажет. Қазақтан қызғанған Қазақстан қаласы, әсіресе Астанасының көсегесі көгермейді, әлгі депутат сөзін қайтып алсын. Алмайды екен, депутаттығын доғарсын», «Нағыз қорқақтың, сатқынның аузынан шығатын сөз. Сонда шетелдіктерді қаптата берейік дегісі келіп тұр ғой, ол найсап. Ондай қара жұмысты қаланың балалары істемейді, тек ауылдың қара қазағы төзеді, ал олардың жағдайына көңіл бөлмей, әрі адами, ұлттық ар-намысын жерге таптап, қорлай беру ендігі жолда осындай наразылыққа жол аша береді... Сондықтан ар-намысты ұлтыңның қадірін біл, билік! Сосын сатқынның сөзін сөйлеген, өз халқынан қорыққан, жас қазақты қалаға жолатпау жөнінде сөз салған жалған депутаттардың мандатын алып, депутаттықтан айыру керек!» «Не деген топастық соларға да миллиондаған жалақы төлеп отырмыз-ау», «Ауылда жұмыс жоқ, жастарда басқа амал бар ма? Қалаға келуден басқа» деп ашынды желідегілер.
Божконың бұл пікіріне қарсы шыққандар саны минут санап артып, желіде қызу талқыланып жатыр.