Назарбаев өзінің кінәсі туралы айтты
2017 ж. 05 қыркүйек
7667
15
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев дүйсенбіде Астанада парламент палаталарының бірлескен отырысында қабылданатын заңдарды түсіндіру жұмыстарына күшейтуді тапсырып, билік тармағының бастамаларын "әлсіз" деп атады. Бұл туралы azattyq.org хабарлады.
"Бүгін парламент күрделі жағдайда жұмысын бастайды, яғни палаталарға да, үкіметке де қосымша өкілеттіліктер, демек, жауапкершілік жүктеліп отыр. Біздің бақытсыздығымыз, ол мүмкін менің де кінәм шығар, билік тармақтарының бастамалары өте әлсіздігінде екенін ашық айтайын. Конституция, заң бойынша барлығы жазылған. Әр министр өзіне тиістісіне жауап береді және жауапкершілік арқалайды" деді Назарбаев.
Президенттің сөзінше, "билік ерекше маңызды заңдарды қабылдағанда қоғаммен кеңеспейді және ондай заңдар не үшін қабылданып жатқанын түсіндірмейді" және мұның соңы қоғамдық тәртіптің бұзылуына әкеліп соқтырады. "Сондықтан депутаттар да, үкімет мүшелері мен облыс әкімдері де түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлу керек. Қазақстандықтардың заңнамадағы барлық жаңалықтар мен біздің шешімдеріміз туралы хабардар болып отыруға хақы бар" деді Назарбаев.
Таяуда үкіметте тағайындалған жаңа вице-премьерлер туралы пікір білдірген президент мұның "үкімет позициясын нығайту" екенін айтты.
Нұрсұлтан Назарбаев 29 тамызда Ерболат Досаев пен Асқар Жұмағалиевті премьер-министрдің орынбасарлары етіп тағайындаған. Бұрын үкімет құрамында министр болған Досаев пен Жұмағалиев те вице-премьерлікке тағайындалар алдында "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры құрылымына кіретін ұлттық компанияларда жұмыс істеген.