Президент жер дауынан кейін қызметінен кеткен Досаевты үкіметке не үшін қайтарғанын айтты
2017 ж. 04 қыркүйек
3002
12
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев алтыншы сайланған парламенттің үшінші сессиясының ашылуында жақында болған тағайындаулардың мәнін түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Жаңғыру сағатында есеп жылдарға емес, минуттарға жүріп жатыр. Қазақстан осы барлық бағыттарда үлгеруі тиіс. Осыған байланысты үкіметті нығайту қажет болды. Премьер-министрдің екі жаңа орынбасары тағайындалды. Біздің алға қойып отырған мақсатымыз – "Сандық Қазақстанның" маңызы зор. Барлық елдер осы мәселемен айналысып жатыр. Бұл — болашақ, бұл — еңбек өнімділігі, бұл — жаңа технологиялар, осы жұмыстармен нақты бір адам айналысып, күнде бізге есеп беруі тиіс. Бұл қызметке Асқар Жұмағалиевты тағайындадым, ол IT-технологиялар саласының маманы, өзін бұған дейінгі лауазымдарда жақсы менеджер ретінде көрсете білді. Оған осы сала тапсырылады", — деді Назарбаев парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Өткен жылы шыққан жер дауынан өз еркімен қызметінен кеткен бұрынғы ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев Мемлекет басшысынан мақтау сөз естіді.
"Макроэкономикалық бағытты күшейту Ерболат Досаевқа тапсырылады. Былтырғы жағдайдан кейін ол нағыз джентльмен ретінде өз еркімен қызметінен кетті, бірақ бұл оның кінәсі емес. Оның білімі мен тәжірибесі экономика, қаржы, макроэкономика, сонымен қатар бюджеттің жартысы жұмсалатын әлеуметтік блоктағы мәселелерді шешуге мүмкіндік береді және бұл өз-өзін ақтайтын шешім деп ойлаймын", — деген Президент алға қойылған маңызды мақсаттар орындалатынына сенім білдірді.