«Саяси элитаның сатқын болғанын мойындайтын уақыт келді» — тарихшы
2017 ж. 14 шілде
14574
22
Қазақ жеріне келген ақ патша билігі де, сол секілді Совет үкіметі де легитимді емес-тін. Қазақ тарихындағы осы ақиқат әлі күнге құжат түрінде айқындалмай келеді.
Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы Мәмбет Қойгелді kaz.365info.kz медиа-порталына берген сұқбатында мәлім етті. Оның пікірінше, қазақ жеріне алғаш аяқ басқан кездегі совет үкіметінің легитимді еместігін ашық мойындап, тіпті бізге оны арнайы құжатпен растау керек.
Совет өкіметі Қазақстанға заңсыз келді
— Қазақстанда патшалық билік легитимді болған жоқ. Оны күшпен алып, ысырып тастаған Совет билігі де легитимді болған жоқ.
Ол кезде жалғыз легитимді билік болды. Ол – 1917 жылы желтоқсанда Орынборда құрылған Алашорда үкіметі. Міне, сол заңды билік болатын. Қай тұрғыдан алсақ та ол сол кездегі жалғыз заңды билік болатын.
Алашорда қазақ қоғамында орта ғасырдан қалыптасқан саяси дәстүр ретінде шақырылған ІІ-ші жалпықазақ съезінде құрылды. Ол съезді ешкім заңсыз деп айта алмайды. Оны тек Совет тарихнамасы, идеологиясы заңсыз, бұзық секілді көрсетті. Ал, шын мәнінде, заң тұрғысынан, тарих тұрғысынан барлығын зерттеп, нақты бағасын берсек, ол сол кездегі заңды үкімет болатын.
Қазақ жерінде ұлттың игі жақсылары, үлкендері, дуалы ауыздары бас қосатын құрылтай жиналыс бүкіл ұлттың атынан шешім қабылдайды. Ол саяси немесе басқа шешім бола ма, оны қазақ қоғамы мойындайды, соны орындайды. Сондықтан І-ші, одан соң ІІ-ші жалпықазақ съезі де осы дәстүр бойынша шақырылды. Осы құрылтай съезі жабық түрде Алашорда үкіметін сайлады. Жабық түрде оның төрағасын сайлады. Ал Алаш партиясы шешімін бүкіл қазақ халқы мойындады.
Ал Совет өкіметін қазақ қоғамы шақырған жоқ, совет өкіметіне қазақ қоғамы ашық түгілі жабық түрде де дауыс берген жоқ. Референдум, сайлау өтті ме? Жоқ. Сондықтан зерттеуші ретінде, менің түсінігім бойынша, Совет үкіметі легитимді емес.
Біз осыны ашық түрде мойындайтын, тіпті болмаса арнайы құжатпен оны растайтын уақыт жетті деп білемін, — дейді ол.
Геноцид екені даусыз, неменеге бүгежектейміз?
Сондай-ақ тарихшы 1992 жылғы Жоғарғы кеңес қабылдаған қаулыны жаңғырту керек деп санайды.
— 1992 жылы басында Жоғарғы кеңестің советтік реформаларға байланысты қаулысы ресми газеттерге жарияланды. Мен сол комиссияның құрамында болғанмын.
Комиссияның қорытындысы бойынша Қазақстанда жүргізілген эксперименттің салдарынан қазақ халқының қырғынға ұшырауын геноцид деп бағалаған. Мен осы бағаны дұрыс деп санаймын.
… Көрші елдердегі тарихшылар былай дейді: „Мұндай жағдайлар барлық империялық құрылымдарда болған. Жаңа, мықты, индустриалды қоғам құру үшін осындай ауыр жолдан, осындай қырғыннан барлық мемлекеттер өткен-мыс„. Шындығында, бұл жәй сөз емес. Бұл ниеті түзу адамдар айтатын сөз емес. Ешқандай қырғынды ақтауға болмайды. Қазақ халқына келер болсақ, бұл жәй қателік емес. Бұл большевиктік үкіметтің мақсатты түрде жүргізген саясатының салдары.
Голощекинмен Смағұл Сәдуақасов бастаған саяси топ жұлысты
Сол үлкен қырғынды жасаған Голощекинді орнынан алып тастау үшін күрескен қазақ зиялыларынан тұратын саяси топ болыпты. Олар „Уберитье этого Голощекина„ деп ашықтан-ашық айтыпты.
— Мысалы, 1927-28 жылдары Смағұл Сәдуақасов бастаған топ Голощекинді биліктен кетіруге тырысты. Ашаршылыққа дейін кетіруге тырысқан. Коллективизация, конфискацияның қарсаңында.
Жағыпар Сұлтанбеков, Ыдырыс Мұстанбаев. Олар Троцкимен, Зеновьев, Каменовпен тікелей байланысқа шығып отырды. „Голощекинді алып тастаңдар, осыған көмектесіңіздер „ — деді. Ал Троцкидің не дегенін білесіз бе? Мәселе Голощекинде емес, мәселе Сталинде деді. Өйткені Троцкилердің негізгі жауы Сталин болатын. Олар Сталинге қарсы бірге шығайық деді. Біздің зиялыларымыз оған келіскен жоқ, — дейді Мәмбет Қойгелді.
Өзбек, қырғызға қарағанда қазақтың саяси элитасы ұлтын сатқыш болып шықты
Дегенмен сол кезде Голощекин жанында болған басқарушы қазақтың саяси тобы өте мансапшыл, билікқұмар болып шықты. „Қазақтың ерекше қырылуына солардың да тікелей қатысы бар, оны мойындауымыз керек„ — дейді тарихшы.
— Біз көп жағдайда жылап-еңіреп барлық кінәні басқаға жапқанды жақсы көреміз. Мәскеуге, Сталиннің билігіне аударамыз. Қазақ халқының қырып-жойылуына қазақ билігін басқарушы саяси элита да белгілі бір деңгейде кінәлі. Мәселен, қазақ халқының 49 процентінің көзі жойылып кетті. Бір ұлттың жартысына жуығы қырылып қалды. Неге өзбек, қырғыз емес, қазақ осылай көп қырғынға ұшырады? Оларда да сондай саясат жүрді, олар да қырылды, бірақ қазақ ерекше көп қырылды.
Негізінен, постсоветтік елдер ішінде Ресейдің, Украинаның, содан соң Қазақстанның халқы көп қырылды. Неге? Біздің ұлттық басқарушы элитаның кемшілігінен, әрине. Біз оны мойындауымыз керек. Біз Мәскеу тапсырма берсе, оны асыра орындауға тырысамыз. Осы — біздің халқымыздың үлкен трагедиясы. Мысалы, Өзбекстанды алалық.
Мәскеу тапсырма береді, өзбектер басында „иә, иә„ деп құп көрген ыңғай танытады да артын сұйылтып жібереді. Мейілінше, ұлтқа қарсы дүниеден айналып өтудің жолын қарастыратын еді.
Ал бізде олай болмады, — дейді Мәмбет Қойгелді.