РЕСЕЙ мен ПУТИН туралы ел НЕ ДЕЙДІ?
2017 ж. 06 шілде
6023
10
Ресей баспасөзі бірнеше болжам айтып келеді: біріншісі - Путин психикалық, менталдық науқас адам екен. Сол болжамды алдымен Германия канцлері Меркель айтыпты. Ресей баспасөзінде Путин туралы кең тараған екінші көзқарас: Путин 1990-шы жылдары дәуірлеген Тамбов-Петербург қылмыстық тобының өкілі дейді. Ал біздің топшылауымыз өзгеше. Путин Ресейде көптарапты, тамырланған империалық көзқарастағы саяси қайраткер. Империя күйреуіне қарамастан, Ресей басқа елдерде сепаратизм мен жаугершілікті жалғастырғысы келді. Ресейдің әдеті, алдымен сепаратизмді қолдаудан бастайды екен де, кейін гибридтік соғысқа жалғастырады.
1992 жылдың жазында Ельциннің кезінде-ақ Ресей генерал А. Лебедь басқаратын 14-ші армияның қолдауымен Молдовадан Приднестровьені сепараттық жолмен бөліп алды. Шындығын айтсақ, Приднестровье Молдовадан сепаратистік жолмен тартып алынды. Молдавандардың туыс елі Румыния бауырларына әскери көмек көрсетпеді. Сол тұста Румыния әлі тым кедей мемлекет еді. Европалық одақ сол жылы енді аяғына тұрып келе жатқан. Германия мен Шығыс Европа мемлекеттері КСРОдан бейбіт жолмен азат болғанына Ресейге борышты сезінді. Сонымен, Молдованың территориялық тұтастығы үшін Европалық одақтың басшылары да , НАТОның басшылары да Ресейдің көңілін қалдырғысы келмеді. Молдованың мүддесі құрбан болды. Амалсыздан Молдова Республикасы Ресеймен келісімшарт жасасып, 1992 жылдан одан ары қақтығыстарға бармайтындай болып келісті. Бірақ бұл Ресей сепаратистерінің үлкен жеңісі еді.
Молдовадағы ұлттық азшылықтар- гагауздар арасында Ресей іріткі, сепаратистік акцияларын жүргізді. Бірақ бұл халықаралық құқықты бұзушылық болды. Молдова БҰҰ мүшесі ретінде Ресейден жәбір көрді. Ресей бұл сепаратизмнің демеушісі және ұйымдастырушысы болды. Себебі, Ресей тарапынан еріктілердің қатысуымен жүрген бұл қақтығыстарға тікелей қарулы күштер қатысты. Гибридтік соғыстың алғашқы нәтижесі еді. Ресей үйреншікті өтірігіне басып, бұған біздің қатысымыз жоқ деп жалтарды. Сепаратизмді қолдау конституцияға қайшы әрекеттер еді. Европалық одақ пен НАТО бейтараптық көрсетті. (http: //www.moldovenii.md/ru /section/569)
Кейін бұл сценарий бірнеше рет басқа елдерде сепаратизмді қоздырып, территорияларды бөліп алуға пайдаланылды. Келесі қақтығыс 1992-1993 жылдары Ресей әскери еріктілері және шешендер қосындылары көмегімен Абхазияда ұйымдастырылды. Осы жолы сепаратистер Абхазиядан Грузия әскері мен грузин жұртшылығын айдап шықты. Аз санды абхаздар мен шешен содырларына және Ресей әскерилеріне көп санды грузин ұлт өкілдері мен грузин әскерлері қарсылық көрсете алмады. Гибридтік соғыстың екінші нәтижесі Ресей үшін тағы да табысты болды. Халықаралық құқық пен конституция жерге тапталды.
Енді Ресей барлық посткеңестік мемлекеттерді өзінің боданы деп есептейтін болды. Батысты елеңдеткен оқиға Грузияға 2008 жылы жасалған агрессия болды. Ресейдің бұл әскери әрекеті туралы былай жазылды: Ресей Грузияға қарсы әскери операция жасады. Грузия әскерніңі Оңтүстік Осетияның сепаратизміне қарсы әрекетін сылтау етіп, Ресей өз әскерін Грузияға кіргізді. Сонымен 2008 жылдың тамыз айында "Бескүндік соғыс болды". Бұл Ресейдің шет елдегі алғашқы әскери операциясы еді. Грузия күл талқан болып жеңілді. Ресей Грузияның Солтүстік Осетиясын тартып алды.(Источник: http://www.kavkaz-uzel.eu/articles/210899/)
2014 жылдың наурызында Путин бастаған Ресей Украинаның Қырым жартыаралын аннексиялады. Қырымда заңсыз референдум өткізілді , бірақ бұл әрекеттер заңсыз деп табылды. Ресей онымен тоқтамай Шығыс Украинаның Луганск пен Донецк облыстарына бейресми түрде әскерін кіргізді.
Сонымен, Ресей Президенті Ельцинның тұсында 1992 жылы Приднестровьені, 1992-1993 жылдары Абхазияны, ал 2008 жылы Ресей Президенті Медведев тұсында Оңтүстік Осетияны басып алды. Ресейдің агрессивтік әрекетері мен басқыншылық соғыстарына Путин де өз үлесін қосты.
Қырымның аннексиясы , яғни заңсыз иемденуі бір жақты тек Ресей тарапынан өтті. Сонымен бірге Қырыммен бірге Севастополь қаласы да Ресей құрамына кірді. Қырымды қосу «бүкілхалықтық референдум» арқылы жүрді. Батыс қауымдастығы бұл актіні заңды деп мойындамады. Украина Қырым мен Севастопольді Ресейдің басып алған жерлері деп таниды. БҰҰ және Батыс қауымдастығы Ресей тарапынан жасалған заңсыз әрекеттер деп таниды. (https://ru.wikinews.org/wiki/2014)
Енді тұжырымдар жасайық:
1.Ресей сыртқы саясаты Ельцин-Медведев -Путин кезеңінде империалистік бағытта жүрді. Көрші мемлекеттерді бағындырып, территорияларын тартып алу саясаты жүргізілді. Күйреген КСРО орнына жаңадан Ресей империясын құру жоспарланды. Оған куә:
1.a) Приднестровьені 1992 жылы сепаратистәк жолмен иемдену;
b) 1992-1993 жылдары Ресей әскери еріктілері және шешендер қосындылары көмегімен Абхазия Грузиядан бөліп алып өзіне бағындырды;
c) 2008 жылы Ресей Президенті Медведев тұсында Оңтүстік Осетияны басып алды;
d) 2014 жылдың наурызында Қырымды аннексиялады және Украинаның Луганск пен Донецк облыстарына бейресми түрде әскерін кіргізді;
e) Қазақстан бұл күрделі кезеңде территориялық тұтастығын сақтап келеді. Осы тұста ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатын мақтап қояр жөніміз бар. Бұл Қазақ авторитаризмінің бір жемісі деп білемін.
2. Путин Ресей халқы арасында көп қолдау тапқан элита басшысы. Кезінде Путиннің саяси рейтингі 85-90 пайызға дейін жетіп, соңғы уақытта 61-65%- ке дейін төмендегені белгілі. Путин саясатының Ресей халқы арасында қолдау табуы төмендегені айқын, бірақ әлі де Путин орыс жұртшылығы арасында абыройлы Президент деуге болады. Путиннін тұсында Ресейдің Ішкі Жиынтық Өнімі 2000-2007 жылға дейін еселеп жедел өсті. Бұл жағдай Ресей Президенті Ельцин мен Гайдардың тоқсаныншы жылдары жасаған нарықшыл реформаларының және мұнай бағасының шарықтау әсері еді. Сонымен Ресейде нарықтық институттар экономикалық жедел өсуге негіз болып, Путиннің абыройын өсірді.
3. Ресей экономикасы 2008-2017 жылдары стагнацияға түсті, ілгерілеуді тоқтатты. Ал соңғы жылдары нағыз экономикалық дағдарыс басталды: 2014-2017 жылдары тұрмыс деңгейі 16% төмендеді. Ресейдің Ішкі Жиынтық Өнімі әлемдегі басқа елдермен салыстырсақ, 12 орынға түсті. Ресейдің басшысы Путин экономикалық, саяси, құқықтық реформалар жасағысы жоқ. Батыс елдерінің санкциялары (ағымдағы кредиттер және жаңа технологияларды бермеу ) мен Ресей капиталының Европалық одақ пен АҚШқа қашуы Ресей экономикасының дамуын қатты тежеп отыр.
4. Ресейде әлеуметтік және саяси наразылық байқалады. Ресей халқы коррупцияның кең тарағанына және әділетсіздіктің өршуіне наразылық білдіріп шерулер жасауда. Бүгінгі таңда Путиннің басты қарсыласы - Алексей Навальный. Алексей Навальный алдағы Президенттік сайлауда Путиннен озып, Ресейдің келесі Президенті болмақ.
5. Әлемде ең ықпалды Үлкен Жеті мемлекет ұжымы Қырымды аннексиялаған үшін Ресейді өз қатарынан шығарып тастады. 2014 жылдың наурызынан бері Ресей бұл ұжымда жоқ. (http://www.19rus.info/index.php/mir-v-pautine/item/61143-rossiya-mozhet-vernutsya-v-sostav-bolshoj-vosmerki-g8) Сонымен, Ұлы державалар Ресейді басқыншы мемлекет деп танып , игі жақсылардың қатарынан шығарып тастады. Соңғы үш жылда Ресей "изгой –мемлекет" деп аталып келеді. Путинмен ұлы державаларының басшыларының сәлемі түзу емес. Әрине, бұл қорлық, Ресейге, оның намысқой халқына да қорлық. Әлемдік баспасөзде Путинді Гитлермен теңеу көп кездесетін болды.
6.Ресей 2007 жылдан бастап Батыс елдеріне қырғи-қабақ соғыс жәриялап , жаппай милитаризация, қару жарақ өндіру жолына түсті.( Азимбай ГАЛИ Новая мировая "холодная война" 13 октября 2013. openrussia.org). Бірінші Қырғи қабақ соғыс 1946-1991жылдарда өтіп, КСРО күйрегеннен кейін аяқталған. Екінші Қырғи қабақ соғыс 2007 - ...? жылдарда өтіп, Ресейдің кезекті ыдырауымен аяқталмақ.
Бізге енді не керек?
Ресей мен Батыстың текетіресі ең драмалық кезеңіне жеткенге ұқсайды. Ықтимал сценарийлерді берейін:
а) Ресей Украинаға Қырым мен Шығыс Украинадағы екі облыстарды қайтарып, Батыс елдері қаһарынан құтылады;
b) Ресей Украинаға Қырым қайтармай тек Шығыс Украинадағы екі облыстарды қайтарып Батыс елдері қаһарынан құтылады;
c) Ресей Украинаға Қырым мен Шығыс Украинадағы екі облыстарды қайтармай бізге түсініксіз жағдайда Батыс елдері қаһарынан құтылады;
d) Ресей Украинаға Қырым мен Шығыс Украинадағы екі облыстарды қайтарса да, Батыс елдері қаһарынан құтылмайды, толық дағдарысқа ұшырап, ыдырап, дефашизация режиміне түседі.
Бізге ең соңғы сценарий қолайлы.
ЕвразЭС не болады?
ЕвразЭСті тек экономикалық одақ ретінде қалдырып, Европалық Одақ пен АҚШ, Жапония, Корея мен Қытаймен қатынастарды диверсификациялау. ОДКБ ға әскер бермеу, Ресейдің ешбір әскери авантюрасына кірмеу.
Бізге Европалық Одақ пен НАТОға кірген жөн, бірақ бұл үшін демократизация сатыларынан өту керек.
Әзімбай Ғали, саясаттанушы, тарих ғылымының докторы
qazaquni.kz