Джон Керри: Америка Астанада өтетін Сирияға қатысты келіссөздерді қолдайды
2017 ж. 22 қаңтар
1834
0
Америка Құрама Штаттарының мемлекеттік хатшысы Джон Керри Вашингтон Астанада өтетін сириялық дау-жанжалды реттеуге қатысты келіссөздерді қолдайтынын және осы кездесуден оң нәтиже күтетінін мәлім етті, деп жазады ТАСС агенттігіне сілтеме жасап bnews.kz порталы.
Керри аталмыш келіссөздерге қатысты Ресей және Түркия Республикасының сыртқы істер министрлері — Сергей Лавров және Мевлют Чавушоглумен сөйлескенін айтты. Сондай-ақ, АҚШ мемлекеттік хатшысы Вашингтон Астанадағы кездесу Сирияға қатысты мәселені реттеу процесіне оң ықпал етеді деп күтетінін мәлімдеді.
«Америка Астанадағы кездесуді қолдайды. АҚШ келіссөздерді ұйымдастыру мәселесінде Ресей Федерациясымен, Түркиямен және Иранмен бәсекелеспейді», — деді мемлекеттік хатшы.
Джон Керри Америка бұл жағдайды реттейтін жалғыз жол — дипломатиялық әдіс деп есептейтінін тағы да ескертті. Саясаткер Сириядағы гуманитарлық дағдарысты Екінші әлемдік соғыстан кейінгі ең күрделі мәселе деп атады.