ЖАСАУЛЫ ҚЫЗҒА ДА ЖЕҢГЕТАЙ КЕРЕК
2016 ж. 14 желтоқсан
2082
1
Үкіметтің кезекті отырысында тағы да мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы сөз болды. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев үкімет отырыстарында жиі талқылап, қаншама заңды өзгертсек те бұл бағыттағы жұмыстардың жоспарлаудан әрі аспай жатқанын баса айты.
«Айтады ғой, қалыңдық ұзатуға дайын, бірақ алатын жігіт жоқ деп. Тура соның кебін киіп отырмыз» – деді Бақытжан Сағынтаев түйінді мәселені жиналған лауазымдыларға ресми емес, қазақтың қарапайым жалпақ тілімен түсіндірмек болып. Қысқаша айтқанда, бағалы бағдарламалар бар, қаржы-қаражат та жетерлік, бірақ нақты жұмыс жоқ. Сол сияқты сатылымға қойылған кәсіпорындар да түпкілікті іскер иелерін таппай жатыр.
Бас уәзірдің «бас ауруын» толықтай түсінуге болады. Әзілге сүйеп айтса да астарында ащы шындық жатқаны белгілі. Түйсікке тура тиетіндей-ақ сөз, тауып айтқан екен. «Отырған қыз орнын табады» деп қашанғы қарап тұрмақшы жайбасарларға. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға септігін тигізсе қандай да әзіл, қандай да теңеу жарасымды болар еді. Өкінішке орай, астарлы әзіл ғана емес, сүйектен өтер ұрыс-сөгістің өзі әсер етпей жатыр ғой біздің шенеуніктерге. Жергілікті жерлерде мемлекет тарапынан бөлінген миллиардтаған қаржы толықтай игерілмей, тамаша жобалар белгіленген уақытында іске қосылмай жатқаны да дәп осыдан.
Бұл жерде Сағынтаевтың сөз саптауын пайдаланып, тура өзінің мәнерімен айтсақ, қымбат қалыңдық, жасауы жарасқан бойжеткен-бағдарламаларымызға дұрыс «жеңгетай» бола алмай жүрген жергілікті басшылар мен салалық министрліктерді алдымен қылмыстық іс қозғап, жауапкершілікке тарту керек шығар. Біздің лауазымдылардың өздеріне тапсырылған іске деген жауапкершілігін арттыратын тиісті қатаң заңдар қабылдау қажет. Өйткені бағдарламаны біреулер еріккеннен ұсынған жоқ. Солардың бәрі халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталғаны белгілі. Оның орындалуын миллиондаған қарапайым тұрғындарымыз тағатсыздана күтіп, шенеуніктерге үміт артып отыр емес пе? Елбасының өзі осы бағдарламаларға үлкен мән беріп, оның маңызды екенін үнемі ескертумен келеді. Күні кеше ғана бірқатар өңірлерде өндірістік жаңа нысандарды іске қосу барысында осы мәселеге тағы да баса назар аударғанына куә болдық. Қазақстандық бағдарламалар ғана емес, Президентіміздің өзі дамыған елдерге арнайы іссапарлармен барып келісіп келген, өндірісімізге серпін беретін, елімізге мол пайда әкелетін шетелдік инвесторларды бір министрліктен екіншісіне жіберіп сенделтіп қоятындарды қатаң сынға алды. Өз аяғымен келіп тұрған кәсіпкерлерді кері тебу кең етек алғанын ашық айтты. Қайда барса да тұйыққа тірелген инвесторлар шаршаған соң, ат басын кері бұрып, ақыры өз еліне кетуге мәжбүр. Өзіміздің отандық кәсіпкерлердің де көрген күні осы. Сөйтіп экономикамызды дамытуға арналған зор мүмкіндіктерді өзіміз пайдаланбай келеміз деді Нұрсұлтан Назарбаев. Егер осындай жағдай қайталанатын болса, енді инвесторлар емес, соған жауапты лауазымды қызметкерлер орнынан кететінін қатаң ескертті Елбасы.
Олай болса мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына бөгет жасап жүргендер Үкімет тарапынан неге жазаланбайды? Бұл жыр ширек ғасыр бойы айтылып келеді. Оларға әзіл емес, анекдот айтып, ән салып, би билеп берсек те бәрібір ештеңе тындырмайды. Көзге шыққан сүйелдей болғандарды бір орыннан екінші орынға ауыстырудың ешқандай нәтиже бермейтінін түсінетін уақыт жетті емес пе? Мемлекеттік қызметтің маңайына жоламайтындай, мүлдем аластау керек қой ондайларды. Жоғары деңгейдегі жобаларға халықтың қыруар қаржысы жұмсалады. Оның әрбір тиынын үнемдеп, мақсатты жұмсауға түрлі салалар мен аймақтар бойынша жауап беруге тікелей міндетті лауазымды тұлғалар бар. Бар болғанда қандай, жетіп артылады. Бірақ содан пайда жоқ. Пайдасы болмаса оларды не үшін ұстап отырмыз? Уақыт оздырып, тақ тоздырып отырғандардың орнына қолынан іс келетін, халықтың сенімін ақтап, жүгіріп жүріп жұмыс істейтін қызметкерлерді ауыстыру қиын болып па? Мемлекеттік қызметке кездейсоқ, мансап үшін келгендерден нақты бір нәтиже күтудің қажеті жоқ, маңызды істі білікті мамандар ғана атқара алады. Бас уәзірімізше айтсақ, жақсы жұмыс істейтін «жеңгетайлар» болса «қалыңдығымыздың» да бағы ашылып, өзінің өмірлік орнын табар еді ғой...
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz