Үкімет қаулысының заңдық күші жоқ па?
2016 ж. 01 қараша
1878
0
Павлодар қаласының орталығында, Ленин көшесінің бойында патша заманынан қалған ғимараттар қаптап тұр! Жергілікті патшашыл-кеңесшіл топ ескі құрылыстарды ғаламның жеті ғажайыбына жетеқабыл керемет дүниелер секілді әспеттеп, үстінен құс ұшырғысы келмейді. Мұндай әрекеттердің астарында «Павлодар – ежелгі орыс қаласы, көне ғимараттардың әрбір кірпішін көздің қарашығындай сақтау керек» деген ой бұғып жатқан тәрізденеді.
Тарихы «ана көпес салдырған, мына көпес тұрғызған» болып баяндалатын құрылыстардың бірі – патша заманында «Россия» деген атаумен қонақ үй қызметін атқарған ғимарат. Кеңестік кезеңде мұнда уездік атқару комитеті, еңбек биржасы, балалар ауруханасы, жатақхана орналасыпты. 1990 жылдардың соңына қарай ғимарат құрылысы әбден тозып, апатты жағдайға түсуіне байланысты қолданыстан шығарылған. Ақыры, 2012 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 1485 Қаулысы бойынша ешкім керек қылмай қараусыз қалған ғимарат пен бірқатар ескі нысандардың «жергілікті тарих және мәдениет ескерткіші» деген мәртебесі жойылып, мемлекеттік тізімнен алынып тасталған.
Бұдан соң қандайда бір құндылығы жоқ құрылыс қирандысының орны тазартылып, заманауи жаңа үлгідегі нысандар тұрғызу мақсатына жаратылуы керек еді. Бірақ 2014 жылы тәуелсіз орыстілді басылымдар кенеттен дабыл қағып, бюджет есебінен «Россия» қонақ үйін қалпына келтіру жөнінде талапхат ұйымдастырды! Тіпті, біреулер Қажымұқан палуанның есімін пайдаланып, қонақ үйдің тарихи мән-маңызын көтеруді ойластырды. Әрине, ондайлар қазақтардың айрықша құрметті қонақтарды күншілік жерден тосып алып, кезектесіп үйлеріне шақырып күтетінін білмейді ғой. Білсе, «Патша заманында Керекуге келген атақты қазақ палуаны Қажымұқан Мұңайтпасов «Россия» қонақ үйінде жатыпты...» деген анекдотқа ұқсас өте күлкілі сөзді ойдан құрастырмас еді. Әйтсе де, жергілікті билік белсенді топтың оқыс қимылынан абдырап қалған секілденді.
Облыстың бұрынғы әкімі Қанат Бозымбаевтың орынбасары Арын Орсариев (қазір ПМУ-дың ректоры) «География үйінің» директоры Александр Вервекинді және сонымен мүдделес басқаларды оңаша қабылдады. («Бухгольц жолдарымен» экспедициясы биыл Керекуге келгенде тағы да осы Вервекин белсенділігімен көзге түскен еді. Әйтеуір, көп ұзамай «Әлгілердің талап-тілегі ескерілмепті, бұрынғы қонақ үйдің орны жеке меншікке сатылады екен» деген хабарды құлағымыз шалып, көңіліміз орныққан. Оның үстіне, Ресейде ғана емес, бүкіл Европа бойынша ең үлкен қонақ үй саналған, Мәскеудің қақ ортасындағы «Россия» қонақ үйінің жұмысы 2004 жылы жергілікті биліктің Қаулысына сәйкес тоқтатылғаны, іле құрылыс материалдары бұзылып алынып, орны босатылғаны есімізде ғой. Демек, Керекудегі «Россияның» қирандысынан қайта қонақ үй тұрғызу жөнінде сөз қозғаудың өзі ақылға сиымсыз деп түсінгенбіз. Сөйтіп жүргенімізде, жергілікті "Обозрение недели" басылымы мен «pavon.kz» - Павлодар онлайн порталында жағдайдың мүлде өзгеше бағытта өрбігені жазылды. Байыптасақ, әлгі жерді сатып алған кәсіпкер жаңа ғимарат құрылысын жүргізгенінде бұрынғы «Россия» қонақ үйінің тарихи сәулетін сақтауға міндетті көрінеді және оны 5 жыл бойы тек қонақ үй ретінде ғана пайдалануға тиісті екен...
Ал құжат жүзінде бұл нысан «жатақхана ғимараты» деп көрсетілген, тек жақша ішіне (бұрынғы мәдениет ескерткіші – «Россия» қонақ үйі, ХХ ғасырдың басы) деген ескертпе берілген. Сөйте тұра, тендер ережесіне «Россия» қонақ үйінің сәулетіне және пайдалану мақсатына қатысты қатаң талаптар енгізілген (!).
Бұдан мынадай сұрақтар туындайды: Үкіметтің бұрынғы «Россия» қонақ үйіне байланысты қабылдаған № 1485 Қаулысының заңдық күші жоқ па? Әлде тендерді ұйымдастырған облыс қаржы басқармасының Үкімет Қаулысын елемей, өз жанынан ереже құрастырып, жатақхана ғимаратының қирандысын «Россия» қонақ үйі есебінде сатылымға шығаруға заңдық және морольдық құқы бар ма? Жалпы айтқанда, мемлекеттік органдардың патша заманынан қалған қираған ғимараттарды қайта қалпына келтірудің амалын ойластырып, орнын аса ірі көлемдегі өз қаржысына сатып алған тұлғаның кәсіпкерлік қызметіне қандай да бір шектеу қоюы дұрыс па? Сондай-ақ, патшалық-кеңестік құрылыстардың тағдырына соншалық алаңдап, Керекудің келешекте астаналық жаңа сәулет үлгілерімен өсіп өркендеуіне, көркеюіне саусақ арасынан қараған жоғары лауазымды шенеуніктерге қандайда бір жауапкершілік жүктелмей ме?
Біздің бұл сауалдарымызды Қазақстан Республикасы Үкіметі қаперге алып, тиісті қорытынды шығарады деген ойдамыз.
Арман ҚАНИ,
Павлодар қаласы
qazaquni.kz