М. Тайжан: Шынымен құқықтық мемлекет болсақ, жер комиссиясының жұмысын парламент атқаруы керек еді

19 тамыз күні Алматыда саясаткер, үкімет жанындағы Жер реформасы жөніндегі комиссия құқықтық тобының жетекшісі Мұхтар Тайжан жұртшылықпен кездесті деп хабарлайды Qamshy.kz.

Кездесуге келгендерге саясаткер комиссия жұмысының қалай өткені, мораторийді ұзартудан басқа қандай нақты ұсыныстар әзірленгені туралы айтып берді.

«Біріншіден, комиссияның құрылуы, «Жер кодексінің» кейбір нормаларына мамыр айында мораторий жариялануы – халықтың табанды наразылығының нәтижесі. Елдің бірнеше өңірінде, әр уақытта болған наразылық шараларының маңызы, олардың басы-қасында жүрген қыз-жігіттердің еңбегі зор бұл жерде. Соның арқасында билік те шалағайлығын түсініп, мораторий жариялауға мәжбүр болды», - деген ол жерді жеке меншікке сату мен шетелге жалға беруге қатысты мораторийдан бөлек, комиссия әзірлеген он ұсынысты санамалап берді.

Комиссия жер заңнамаларындағы бірқатар шикіліктерді анықтады

«Комиссия жер заңнамаларындағы бірқатар шикіліктерді анықтады. Бұлардың дені осы комиссия жұмысы барысында қабылданды. Латифундистерге қарсы шектеулер, шекаралық аймақтағы жерлердің, жайылымдық жерлердің тек мемлекет меншігінде болатыны, ешкімге сатылмайтыны, жалға берілмейтіні енді заңмен қорғалатын болады. Ендігі уақытта әкімдер өз бетімен жерді жалға беру туралы келісімшарт жасай алмайды. Оның ортақ үлгісі болады. Одан кейін, жер бірден 49 жылға жалға берілмейді. Жер алушының бизнес-жоспары, инвестициялық әлеуетіне қарай, 5, 7 жылдан кезең кезеңмен жалға алу мерзімі ұзартылады», - деген Тайжан комиссияның осындай келісімге келуі, ортақ шешім қабылдауы қазақ халқының қанында бар бейбітшілік сүйгіштік, сөзге тоқтау қасиеттерінің арқасы екенін айтады.

Саясаткерге кездесуге келген жұртшылық та көкейлеріндегі сауалдарын қойып, күдіктерімен бөлісті. Алматыдағы «Көкжайлау» тау үстіртін қорғау жөніндегі белсенділер де саясаткерден билік басындағылардың назарын осы мәселеге аударуды сұрады. Әлеуметтік желіде, кейбір ақпарат құралдарында комиссия шешімінің заңдылығына, жүзеге асу мүмкіндігіне қатысты күдіктер, саясаткердің жеке басына қатысты айтылып жүрген кейбір айыптаулар да назардан тыс қалмады.

Әлі де көп мәселе заңмен емес, «жазылмаған ережелер» бойынша шешіледі

«Әрине, Қазақстанды қазір толықтай құқықтық мемлекет дей алмаймыз. Әлі де көп мәселе заңмен емес, өкінішке қарай, «жазылмаған ережелер», «түсініктер» бойынша шешіледі. Оны мойындауымыз керек. Егер бізде шынымен құқықтық мемлекет болса, кешегі жер комиссиясының жұмысын парламент атқаруы керек болатын. Олай болмады. Сондықтан, түрлі күдіктің болуы орынды. Ал, комиссия шешіміне келсек, ол ұсыныстар жақында парламентке жолданады. Алдағы апталардың бірінде комиссия мүшелері ұсыныстарымызды парламентке таныстыратын боламыз. Яғни, комиссия әзірлеген 10 ұсыныстың заңға енетін күні алыс емес. Ал, жерді шетелге жалға беру, ел азаматтарына сатуға мораторийді президент ұзартты. Парламент президентке қарсы шығады деп ойламаймын», - дейді Тайжан.

Мұхтар Тайжан: Жер мәселесі мораториймен бітпейдіОның ойынша, жер мәселесі бір мораториймен бітпейді. Бес жыл ішінде жер заңнамасын жетілдіруге, ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуге, латифундиямен күресуге бағытталған қыруар жұмыстар атқарылуы керек. Кездесуде қойылған сұрақтардың бірі «Мұхтарға билік қызмет ұсыныпты, кресло бермек екен. Сол рас па?» деген де сұрақ болды.

Мен көптің бірі, қолбала болып жүруді қаламаймын

«Түрлі мақсатпен, түрлі адамдар маған қатысты небір әңгімелер айтып жүр. Бағасын ел біледі. Мен комиссияның әр отырысы арасындағы жұмыстарды ашық айтып жүрдім. Отырыстарда сөйлеген сөздерімнің видеоларын да көрдіңіздер. Олай ойлауға негіз жоқ. Билікке, қызметке не үшін баруға болады? Егер ол жерде елдегі экономикалық саясатты өзгертуге, елдің жағдайын жақсартуға нақты мүмкіндік беретін болса, өз білім, тәжірибеңді жүзеге асыра алсаң, жүйе ашық болса, қуана-қуана баруға болады. Ал, мына қазіргі жағдайда ол мүмкін емес. Мен көптің бірі, қолбала болып жүруді қаламаймын. Жалпы, адамды «агент», «биліктің адамы», тағы бірдеңе деп айыптау біздің оппозицияның ауруы десе де болады. Егер біреу «агент» болса, оның біреуден ақша алуы керек, ол сәйкесінше видеоға түсіріліп, жазылуы керек. Яғни, ондай адамды әшкерелеу, айыпты нақты дәлелдеу оңай. Ал, маған қатысты айтылып жүрген айыптаулар құр сөз күйінде ғана қалып отыр. Ешбір дәлелі жоқ, ақылға қонымсыз айыптаулар деп санаймын», - деді мемлекетті қызметке қатысты ойын білдіріп.

Кездесуде сондай-ақ, елдегі экономикалық ахуал, Еуразиялық Одақ кеңістігіндегі жағдай, оның елімізге тигізіп жатқан зардаптары, білім реформасы, үш тілде оқыту идеясына қатысты да пікір алмасулар болды.

Естеріңізге салсақ, өткен сенбіде үкімет жанындағы Жер реформасы комиссиясы жерді шетелге жалға беру мен ел азаматтарына жекеменшікке сатуға қатысты заң нормаларына 2021 жылдың соңына дейін мораторийді созу туралы шешім қабылдаған болатын.

Одан бөлек комиссия жерге қатысты заңнамаларды жетілдіруге, латифундияға тосқауыл қоюға, жайылым жерлер мен жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілетін жерлерге қатысты нақты он ұсыныс әзірлеген болатын.