Н.Назарбаев: Жер сату туралы арандатушылар әшкереленіп, заң бойынша жазалануы тиіс
2016 ж. 26 сәуір
10003
30
Қазақстанда жерді шетелдіктерге жалға беру мәселесін "спекуляцияға айналдырған арандатушылар" әшкереленіп, жазалануы тиіс деп мәлімдеді Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Жергілікті агенттіктердің хабарлауынша, бұл туралы ол Қазақстан халқы ассамблеясының 24-сессиясында айтты.
"Соңғы уақытта Қазақстанда жер шетелдіктерге сатыла бастайды деген жалған ақпаратқа қатысты жер мәселесіне назар аудару күшейді. Мұның шындыққа сай келмейтіні ендігі бірнеше рет түсіндірілді, тіпті өзім де айттым. Тағы да айтамын: ауыл шаруашылық жерлерін шетелдіктерге сату деген мәселе жоқ және ол талқыланбайды. Бұл мәселеде спекуляцияға негіз жоқ. Арандатушылар әшкереленіп, заң бойынша жазалануы тиіс" деді Назарбаев.
Президенттің сөзінше, қазір жерді жалға алған фермер шетелден инвестор тартса және оған өз акциясын берсе онда жер шетелдікке жалға өтеді. Назарбаев жерді 10 жылға жалға алған адам, әсіресе шетелдік инвестор бұл уақытта салған ақшасын "қайтара алмайтындықтан" жалға беру мерзімі 25 жылға ұзартылғанын айтты.
Ресей, Біріккен Араб Әмірліктері мен Еуропада 49-99 жыл мерзімдерге жалға берілетінін айтқан Назарбаев жерге қатысты "шулап жатқандардың" "ауыл шаруашылығы туралы, жердің жалпы қайда екенінен хабары жоқ" екенін мәлімдеді.
Дерек көзі: azattyq.org