Мәжілістің жаңа Төрағасы тағайындалды
2016 ж. 25 наурыз
4834
14
ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы лауазымына Бақтықожа Ізмұхамбетов ұсынылды. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов жалпы отырыс барысында Мәжіліс Төрағасы мемлекеттік тілді еркін меңгерген болуы керек екенін атап өтті.
«Төраға Мәжіліс депутаттарының арасынан палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы сайланады. Мәжіліс Төрағасының қызметіне кандидатураларды палатаның депутаттары ұсынады»,-деді Қ. Тұрғанқұлов.
Осы ретте ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Әбдіров Мәжіліс Төрағалығына Бақтықожа Ізмұхамбетовті ұсынды. «Бақтықожа Салахитдинұлы тәжірибесі мол, әртүрлі салада қызмет атқарған тұлға. Еңбек жолын 1971 жылы өндірістен бастап, мұнай-газ саласында жиырма жылдан астам еңбек етті. Сонымен қатар мемлекеттік органдарда ұзақ жылдар қызмет атқарды»,-деді Н. Әбдіров.
Қазақстан Республикасының Энергетика және минералды ресурстар министрлігін басқарды, бірқатар облыстардың әкімі болды. Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжiлiсі Төрағасының орынбасары лауазымын атқарды. Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері.
«Осыған байланысты депутат Ізмұхамбетовтің кандидатурасы лайықты, себебі Бақтықожа Салахитдинұлы Үкімет жұмысының қыр-сырын, өңірдің ерекшеліктерін және Парламенттегі қызметті жақсы біледі»,-деді Н. Әбдіров.
Жалпы отырыс барысында талқылау барысында депутаттар ұсынылған кандидатты қолдады. Енді, дауыс беру жүріп жатыр.
Дерек көзі: ҚазАқпарат