РЕСЕЙ СИРИЯДАН НЕГЕ КЕТТІ?
2016 ж. 20 наурыз
4470
1
Ресей Президенті Владимир Путин Сирия территориясында жүрген орыстың негізгі әскерін кері қайтуға бұйрық берді. Бұл туралы ресейлік «Интерфакс» агенттігі хабарлады. Осы орайда Путин: «Біз алға қойған мақсатымызға жеттік. Лаңкестердің басым бөлігі талқандалды. Сирияның негізгі аймақтары Башар Асадқа қарсы топтан азат етілді. Сондықтан, бұл маңда үлкен әскери күшті ұстап тұру шарт емес. Тек теңізшілер мен әуе күштері ұшып-қонатын Хмеймим әуежайында аз ғана әскер қалмақшы. Бірақ ол нысандар әуеден де, құрлықтан да қорғалатын болады» деп мәлімдеді.
«РФ Қарулы күштерінің алдына қойған міндеттер толығымен атқарылды. Берілген тапсырманың аяқталуына байланысты РФ Қорғаныс министрі Сергей Шойгу мырзаға 15-наурыздан бастап Сирия жеріндегі Ресей әскерін елге қайтару жұмыстарына кірісуге бұйрық етемін» деді Путин РФ Қорғаныс және СІМ министрлерімен өткен кездесу барысында.
Соған қарамастан, Путин Тартустағы және Хмеймимдегі әскери базалары бұрынғы режімде жұмыс істей беретіндігін айтты.
«Мен РФ Сыртқы істер министріне мынадай тапсырма беремін. Ендігі жерде Сирия жанжалдарына қатысты РФ-ның негізгі ұстанатын позициясы – мәселені тек бейбіт жолмен шешу. Бұл өзге де жанжалдасып жатқан елдер үшін үлгі болуы тиіс» дейді Ресей Президенті.
Ал мемлекет басшысының хатшысы Дмитрий Песков Ресей Президенті мұндай мәлімдеме жасамас бұрын, Сирия Президенті Башар Асадпен ақылдасқанын айтты. Ресей Президенті журналистермен кездескен кезінде, Сирия территориясынан Ресей әскерінің шығарылуы – елдегі жанжалдарды бейбіт жолмен шешуге жол ашатынын жеткізген.
Президент Путинмен кездесуге дайындалып келген Сергей Шойгу РФ Қарулы күштерінің Сириядағы әскери операцияларын қорытындылап, баяндама жасаған. Шойгудың айтуынша, Ресей әскери операциялар жүргізе бастаған қыркүйек айынан бастап, Ресей аумағынан Сирияға өтіп кеткен мыңға жуық жиһадшының, соның ішінде олардың он жеті командирінің көзі жойылғанын жеткізді. РФ Қорғаныс министрлігінің басқаруымен, Әуе әскери күштері Сирия аумағындағы мұнай өндіретін 209 нысанды және мұнай өнімдерін тасымалдаумен айналысатын екі мыңнан астам белгіленген нысанды жойған. Ресей әскери ұшақтары дұшпан топтарына тоғыз мың мәрте соққы берді. Жүздеген нысандарды жойды. Әсіресе, соңғы бір айда Ресей әскери ұшақтарының қолдауымен Сирияның Үкімет әскерлері жеңістен жеңіске жетті. Тіпті ел басшысы Башар Асад «Сирияны толықтай азат етпей тоқтамаймыз» деп мәлімдеп үлгерді. Бір қызығы,Үкімет әскері Ресей, Иран және ливандық «Хезболла» тобының демеуімен үлкен жеңістерге жете бастаған тұста, алпауыт елдердің араласуымен бейбіт келісім жасалды. Ол 27-ақпанда жүзеге асты. Көптеген содырлардың шағын топтары қаруын тастап, бейбіт келісімге келді. Содан бері Сирияда біршама тыныштық орнаған. Бірақ бұл бейбіт келісім «Ислам мемлекеті» және «Нұсра майдан» топтарына қатысы жоқ. Оларға қарсы күрес әлі де жалғасуда.
Мәскеу қолдаған Башар Асадтың қарсыластары әлі толық күйреген жоқ. Әзірге бұған ешқандай сарапшы нақты жауап айта алмауда. Тек «Сирияда жасалған бейбіт келісімге сай Ресей әскерін амалсыз шығаруға мәжбүр болды» деседі. Дегенмен, «Ресей мен АҚШ өзара келісім жасады. Ол қандай келісім, әзірге жұмбақ» деседі базбір сарапшылар.
Бір айта кететін жайт, Сирияда соғыс бес жылдан бері жүріп жатыр. Оның негізінде Башар Асадты биліктен тайдыру мақсаты жатқаны белгілі. Башарға қарсы оппозиция мен түрлі наразы топтар қолдарына қару алып, билікпен күресіп келеді. Бұған өз алдына халифат құруды көксеген «Ислам мемлекеті» тобы қосылғаны белгілі. Бұл топтар Сирияның жартысынан көп жерін басып алған. Тек Башар Асадтың сұрауымен өткен жылдың 30-қыркүйегінде Ресей ұшақтары содырларды бомбалауды қолға алды. Бұған Сирияның одақтасы Иран мен ливандық «Хезболла» тобы қосылды. Ресей Сириядағы соғысқа жетпіске тарта ұшақ пен тікұшақ топтастырған. Көптеген танк, құрыштан құйған көлік, артиллерияны қосты. Тіпті, стратегиялық Ту-160, Ту-95 және Ту-22М3 секілді бомбалаушы ұшақтар, әскери кемелер қатысты. Сириядағы базасын қорғау үшін С-400 зениттік-зымырандық кешен жеткізілді.
Саналуан болжам бар
Қазақстан Парламенті сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаев Сириядан Ресей әскерінің шығарылуын қолдады. «Кремльдің Сириядағы әскери операцияны тоқтатып, авиацияны шығару туралы шешімі нақты бітім мен бейбіт келіссөзге жақсы жағдай туындатады» делінген Тоқаевтың Twitter-дегі парақшасында.
Ал Халықаралық журналист Константин Эггерт «Путин тығырыққа тірелген соң Сирия жерінен әскерін алып қашып барады», деп топшылайды. Ресейлік «Открытая Россия» басылымына сұхбат берген халықаралық бұл журналист Ресейдің қазіргі экономикалық және геосаяси жағдайы қандай да бір әскери операцияларға қатысуға мүмкіндік бермей отыр деді. «Путин мырзаның Сирия жерінен өз әскерін алып кетуі әуелі Ресейдің қазіргі жағдайынан хабар береді. Ресей экономикасының әлсіреуінен ол екі бірдей жанжалға бірден араласа алмайды. Не Украинамен арадағы мәселені реттеу керек, немесе Сирияда қалу керек еді. Екіншіден, бұл – демонстарция. Ашық айтылмағанымен, Ресейге Еуроодақ пен АҚШ қысымы әсер етіп жатқанының көрінісі. Біз жеңілдік. Соны мойындауымыз керек» дейді ол.
Сондай-ақ, ресейлік тағы бір журналист, саясатанушы Александр Сотник «Newsader» басылымына берген сұхбатында, «Путин бір мемлекеттен әскерін алып шықса, екіншісіне кіргізеді деген сөз» деген болжам айтты. «Шойгу Путинмен кездескенде «берілген тапсырма тиянақты түрде орындалды» деді. Демек, бұл жаттығу болған. Жаттығулар қорытындысына «бапкер» дән риза. Рас, Путин Асадқа көмектескен жоқ. Алайда «диктатор» қоршауда қалуы мүмкін немесе әлдеқашан Мәскеу маңынан сатып алып қойған сарайында жатуы да ғажап емес. Асад – Путиннің досы. Ол ешқашан жолдасын Каддафи мен Хусейн секілді жау қолына тастап кетпес еді. Яғни, біз білмейтін дүниелер аз емес. Оның үстіне Кремль қос бірдей жанжалға араласуға ешқандай мүмкіндігі жоқ болып отыр. Сирия алыста және мінез-құлқы бізге жат. Ал Украина жанжалы әлі күнге өз маңызын жоғалтқан емес. Демек, Путиннің ендігі нысаны қайтадан Украина болуы мүмкін» дейді журналист.
Ресейлік саясаткер Пионтковский Путиннің мәлімдемесінен кейін оның әлемдік саясаттағы беделі түскенін айтты. Әзірбайжандық «minval.az» сайтының хабарлауынша, ресейлік саясаткер Пионтковский Ресей Президентінің Батыс қысымына шыдас бермегенін жеткізген.
«Жақсы, Шойгудың баяндамасында нақты деректер айтылды. Бұл әшейін баяндама. Бірақ, біз Путин әскерінің не мақсатпен Сирияға кіргізілгенін жақсы білеміз ғой. Асадқа көмектесу үшін, оппозицияны тықсырту үшін кіргізілді. Әсіресе Ресей Қарулы күштерінің 90 пайыз шабуылы ИШИМ нысандарына емес, елдегі оппазициялық күштердің қақ төбесіне түсіп жатты.
Оған қоса, мәлімдеме жасаған үшеу (Путин, Шойгу және Лавров) өте қатты абыржығандары көрініп тұр. Демек, Путиннің қауқары Батыс пен АҚШ-қа жетпейтінінің дәлелі бұл» дейді саясаткер.
Сейілбек АСАН
"Қазақ үні" газеті