АЛМАҚТЫҢ ДА САЛМАҒЫ БАР
2015 ж. 27 желтоқсан
2853
0
ҮКІМЕТТІҢ ЖЕҢ ІШІНЕ ЖАСЫРҒАН ҚАНДАЙ КӨЗІРІ БАР ЕКЕН?
Дағдарыс дендеген құбылмалы нарыққа қарсы Үкімет әзірге жұртқа белгісіз жаңа бір нақты шара қолданбақшы. Мұнай бағасы 30-35 АҚШ валютасына жеткенде қолданылатын бюджет сценарийі келер аптада үкімет сағатында қаралмақшы екен. Бұл туралы Мәжілісте министр Ерболат Досаев мәлімдеді.
Мәжілістің биылғы соңғы отырысы әдеттегідей заң жобаларын талқылаумен өткенімен, мерекелік көңіл-күй басым болды. Осыны ұтымды пайдаланған Ұлттық экономика министрлігінің басшысы Ерболат Досаев елдегі әлеуметтік-экономикалық жобаларды іске асыру үшін халықаралық қаржы ұйымдарынан тағы да қарыз алуды ұсынды. Жаңа жыл алдындағы жақсы көңіл-күйді бұзғысы келмеді ме, депутаттар қашанда қол жайып келетін, жақында ғана кәсіпкерлікке адамдарымызды үйрету үшін қаржыны қарызға алайық деген шенеуніктің бұл жолы да меселін қайтармай, Азия даму банкінен 1 миллиард АҚШ валютасын алуға рұқсат берді. «Бұл қаржы бюджет дефицитін қаржыландыру үшін керек. 2016 жылға, өздеріңіз білесіздер, біраз әлеуметтік, экономикалық жоспарлар, жобалар бюджетте қарастырылған. Соларды қаржыландыру үшін осы Азиялық банктен алып жатқан қаражатты қолданатын боламыз» деген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев та министрді қолтығынан демеп жіберді. «Біз екі-үш вариант жаңа сценарий қарап жатырмыз. Бүгінгі күні мұнайдың бағасы 35-30 долларға дейін төмен түскен жағдайдағы сол жұмыстарымызды бітіріп, ертең үкіметте біздің экономикалық-саяси кеңес өткіземіз. Соның ішінде Ұлттық банк төрағасы, Қаржы министрі болып өздеріміздің пікірлерімізбен бөлісіп, жаңа жылға дайындаламыз. Ал жаңа жылдан кейін өзгерістер болса, сіздерге келіп бәрін айтып береміз»-деді Досаев оп-оңай олжаға кенелген соң керемет бір құпия жоспардың ұшын ғана көрсетіп. Ал теңгенің 90 пайызға құнсызданып, әлемдегі ең әлсіз валютаға айналғанына аса қынжыла қоймаған министр оның себебін қуат көздерінің, оның ішінде, мұнай бағасының түсуіне апарып тіреді. Бұл министр емес, қалтасында дипломы жоқ қой бағып жүрген қатардағы қарапайым адамға да түсінікті жағдай, депутаттар үшін тіпті де жаңалық емес. Дегенмен, депутаттарымыз Досаев айтқан Үкімет дайындап жатқан жаңа жобаға үлкен үміт артқан секілді. Олардың тағы да қандай жаңалық ашатыны әзірге белгісіз. Әрине, дағдарысқа қарсы дауа тапса Үкіметімізді үкілеп, министрлердің аяқтарын жерге тигізбей аялауға халқы қашан да дайын. Бірақ, онсыз да сыртқы қарызымыз басымыздан асатынын министрлердің ұмытпағаны жөн-ау. Қазақша айтқанда, алмақтың да салмағы бар. Ертең оны қайткен күнде де қайтаруымыз керек қой. Осы жерде Елбасымыздың өткенде Үкіметтің кеңейтілген отырысында қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа «Сендер мемлекет қаржысына келгенде шеттеріңнен жомартсыңдар» дегені еріксіз еске түседі. Расында, өз қалтасындағы ақшаны біздің шенеуніктер оңды-солды шашар ма еді? Ойланбастан шектен тыс қомақты қаржыны қарызға алар ма еді? Әй, қайдам, өйткені ол халықтың емес, өзінің жеке қалтасы ғой...
Зейнолла Абажанов
"Қазақ үетні" газеті