Астана Ресей зымырандарының қалдығын Маңғыстау облысына құлатуға рұқсат етті
2015 ж. 16 қазан
2499
11
Астана Мәскеуге әскери сынақ алаңынан ұшырылған зымырандарының қалдығын құлатуға рұқсат берді. Яғни, Орынбор облысы аумағынан ұшырылған зымырандар енді Маңғыстауға құлайтын болады, - деп хабарлайды КТК арнасы.
Жерді жалға алғаны үшін Ресей 125 миллион теңге бермекші. Мұндай келісімге бүгін, 14 қазанда Ақордада қол қойылды. Нұрсұлтан Назарбаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Ресей президентімен Каспийдің солтүстігіндегі ең ірі мұнай кенішін бірге игеруге уағдаласты.
Кездейсоқтық па әйтеуір біртүсті галстук таққан Назарбаев пен Путиннің ойлары да бірден жерден шығып жатты.
Биылдыққа Назарбаев пен Путин 12 рет кездесіп, 11 мәрте телефонмен тілдескен екен. Ең көп жолықса да, Ресей президенті араға 4 жыл салып елімізге мемлекеттік сапармен келіп отыр. Мұны ерекше оқиғаға теңеген Назарбаев, Ресеймен достық қазақтардың ұлттық мүддесіне сай келеді деп ағынан жарылды.
Сондай-ақ, Назарбаев пен Путин Каспий теңізінің Солтүстік бөлігіндегі «Орталық» деп аталатын ең ірі кеніштен бірлесіп мұнай мен газ игеру жөніндегі хаттамаға да қол қойды.
Ресми келіссөздер аяқталған соң, Ресей президентінің құрметіне Ақордада дастархан жайылды. Орыс делегациясы елбасының сарайында түстеніп, ал Назарбаев пен Путин қос елдің достығы үшін бокал көтерді.
Ақордадағы кездесулер енді Бурабай баурайында жалғасады. Ертең, 16 қазанда табиғат аясына ТМД мемлекет басшылары түгел жиналып, саммитке қатысады. Осы жерде жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы да өтпек.