Бүгінде Ресейдің Сириядағы «Ислам мемлекеті» (ИМ) содырларына жасаған (әлемдік БАҚ Башар Асадты қолдау үшін жасалған шабуыл деп баға беруде) әуе шабуылы әлемді дүр сілкіндіріп, геосаясаттағы басты тақырыптардың біріне айналып отыр.
Тіпті, әлем саясаткерлері мен әскери мамандар көршіміздің әскери әлеуетін сөз етіп, Ресейдің ендігі қадамына болжам жасай бастады. Ол, ол ма, ресми Мәскеудің бұл шабуылына «Ислам мемлекеті» содырларының қарымта қайтаруы мүмкін екені де айтылып қалды. Геосаясаттағы бұл жағдай бізге, біздің елге қатыссыз секілді көрінер. Бірақ, Ресейдің бірқанша әскери базалары біздің елдің аумағында бар екенін естен шығармауымыз қажет секілді. Cебебі, ИМ кез-келген уақытта сол әскери базаларға шабуыл жасауы әбден мүмкін.
Қазақстан Орталық Азиядағы – алып ел. Содан болар, Одақ кезінде біздің елде әлемдік деңгейдегі қорғанысты қамтамассыз ететін, аса маңызды түрлі әскери нысандар бой көтерді. Тәуелсіздік алған тұста, сол бір тегеурінді әскери базаларды игеру, сақтап қалу қиын болды. Оның бәрін бірдей пайдалану бейбітшілікті қалайтын қазақ еліне ауырлық туғызды. Сондықтан да, 7 бірдей әскери нысанды арнайы келісімшарт негізінде Ресей Федерациясына жалға бердік. Бүгінде 11 млн. гектар аумақты алып жатқан сол жеті база Ресей Қорғаныс Министрлігінің иелігінде.
Олардың біріншісі Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің №5-ші мемлекеттік сынақ полигоны. Яғни, Қызылорда облысы аумағында орналасқан, ұшу трассасы Арал теңізінен Камчатка түбегіне дейін созылып жатқан Байқоңыр ғарыш айлағы. Байқоңыр ғарыш алаңы 1991 жылы Қазақстан иелігіне өтіп, 1994 жылы Ресей Федерациясына 20 жылға берілді. Мамандар Байқоңыр кешенінен ел аумағына жылына 30-35 мың тонна улы заттар тарайтынын, ракеталардан түскен қалдықтар Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарына зиян келтіретінін айтады. Қазір бұл айлақтан «Союз», «Протон» секілді ракеталар ғарышқа ұшырылып келеді. 2004 жылы жалға беру мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылды. Екінші нысан РФ Қорғаныс министрлігінің В.Чкалов атындағы мемлекеттік №929-шы ұшу-сынақ орталығы. Бұл орталықтың штабы Астрахан облысының Ахтубинск қаласында орналасқан. Сол орталықтың 85-ші, 171-ші және 231-ші сынақ алаңдары Батыс Қазақстан және Атырау облысының территорияларында орын тепкен. Бұл нысанда Ресейдің жаңа қару жарақтары сыналып, ВВС пен ВМФ авиациясының ұшқыштары әскери дайындықтан өтеді. Үшінші, РФ Қорғаныс министрлігінің №4-ші мемлекеттік әртүрлі сынақ полигоны. 1949 жылы құрылған бұл полигон аумағы Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының батыс аймақтары (Нарын құмы) мен Ресей Федерациясының Астрахан, Волгоград облысының шығыс бөліктерін қамтиды. Бұл айлақта ұшақтар мен ракеталар ядролық жарылыс заттарын тасымалдау әдістерін сынақтан өткізеді. Полигон аумағы 6,5 млн. гектар жерді алып жатыр. Оның 1,5 гектары Қазақстан территориясында орналасқан. Осыған дейін бұл аймақта жер бетінде және әуеде түрлі қару-жарақ сынақтан өткізілген. 24 мың ракета жарылып, 177 соғыс техникаларының түрлері сыналған, 619 СС-20 ракеталары жойылған. Сарапшылар осының салдарынан ауаға 30 мың тоннаға жуық аса зиянды улы заттар таралғанын айтады. Төртіншісі, РФ Қорғаныс министрлігінің №10-шы мемлекеттік әртүрлі сынақ полигоны. Яғни, біздің тілмен айтсақ, Сары-Шаған сынақ алаңы. Алып полигон Қарағанды, Жамбыл, Ақтөбе және Қызылорда облыстарының жерлеріне шекаралас орналасқан. Сынақ алаңы оңтүстүктен солтүстікке қарай 250 шақырымға, батыстан шығысқа қарай 600 шақырымға созылып жатыр. Бұл сынақ алаңында негізінен әуе күштеріне қарсы сынақтар жүргізіледі. Бұл орайда Ресей аумағындағы «Капустин Яр» полигонынан жіберілген зымырандар 11 мың шақырым бойы бірнеше облысымыздың үстінен ұшып келіп, осы «Сарышағанға» келіп түсетінін айта кету керек. Бесіншісі, №5580-ші сынақ жұмыстарын қамтамассыз ету базасы. (РФ Қорғаныс министрлігінің бұрынғы №11 Ембі мемлекеттік сынақ полигоны). Бұл сынақ алаңы Ақтөбе облысы аумағында орналасқан. Алтыншысы, Ресейдің Әуе күштерінің Ғарыш әскеріне қарасты №3-ші зымыран-ғарыш қорғанысы армиясының радиотехникалық желісі. Бұл нысан Балқаш көлінің бойындағы Приозерск қаласында орын тепкен. Жетіншісі, Қостанай қаласындағы Ресей Әуе қорғаныс күштері транспорттық авиациясының жеке полкі. Осыдан-ақ, байқап отырсыздар, Ресейдің әскери нысандары Қызылорда, Батыс Қазақстан, Атырау, Орталық Қазақстан, Жамбыл, Ақтөбе, Қостанай секілді еліміздің ірі 8 облысы аумағында бар деген сөз. Бұл мемлекет үшін - үлкен қауіп. Болашақта мұндай қауіп болмау үшін еліміздегі өзге елдің әскери нысандары көшіріліп, полигондары жабылуы қажет. Әйтпесе, «екі түйе сүйкенгенде ортадағы шыбын өліп» кетуі мүмкін.
Қанат Бірлікұлы
Abai kz