ДЕПУТАТТАР ҮКІМЕТТЕН ҚАУІПТЕНЕ БАСТАДЫ
Мәжілісмендер үкіметте өңкей ірі бизнесмендер отыр деп мәлімдеді. Депутаттар «Сол кәсіпкер әрі шенеуніктер қазынаның қаржысына салынған инфрақұрылымдарды жаппай жекенің қолына сатып жібермек» деп қауіптенеді.
Халық қалаулылары, әсіресе, арнайы экономикалық аймақтар үшін алаңдаулы. Өйткені жаңа заң жобасында ондағы инфрақұрылымды, яғни қоймалар, жол, жарықпен қамту, байланыс, коммуналдық шаруашылықты жеке компанияның жарғылық қорына беру туралы жазылыпты. Бұған мәжілісмендер түбегейлі қарсы. Ал еліміздегі 9 арнайы экономикалық аймақтағы инфрақұрылымды салу үшін мемлекеттен 238 миллиард теңге бөлінген екен. Депутаттар дәл осы мемлекеттің ақшасына салынған нысандарды біреулер төмен бағаға саудалап, иемденіп алмақ деп шырылдап отыр.
– Ол нысандарды қарыз ретінде беру керек. 238 млрд. қарыз болса, ол ойланады. Жарғылық капиталда болса, өзімнің меншігім, кімге сатқысы келсе, соған сата салады. Олар келісе салады, үкіметте жүргендердің бәрі бизнесте болған азаматтар. Оның бәрін білеміз. Бұл жерде мемлекеттік мәселе тұр. Хоргос тұр, Астана экономикалық аймағындағы үлкен қаржылар тұр, - деді Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов.
Депутаттардың алаңдайтын жөні бар. Шынын айтсақ, билікке барғандардың басым көпшілігі бизнестен келгендер. Ақша табудың жолын жақсы білетіндер. Заң бойынша мемлекеттік қызметкерлердің бизнеспен айналысуға құқығы болмаса да олардың бір де біреуі билікке келерде бар байлығын қазынаға санап өткізген жоқ. Олар қолындағы бизнес атаулыны туған-туысқандарының атына аударып, өздері ақ жағалы, адал мемлекеттік қызметкер болып шыға келгендер. Сондықтан да кейбір әкімдер өз атында тым болмаса баспанасы да жоқ бейшара кейіпке түскен, амалсыздан әйелінің үйінде тұруға мәжбүр. Екіншіден, қызметке сол бизнестерін қызғышша қорғап, одан әрі жол ашып, дамыту үшін жүргендер десек қателеспейміз. Ал ондай мүмкіндіктер билікте жетіп артылады. Бір ғана атақты жекешелендіру кезеңін алайықшы. Сол кезде билік басында болғандар зауыт-фабрикалар сияқты ірі нысандарды тиынға сатып алып, кейін мыңдаған есе қымбатқа сатып байып алды. Зауыттың өндірістік бағытын сақтап, өнімін арттырамын деген алғашқы уәделері айдалада қалды. Қазір сол зауыт-фабрикалар сауда-саттық орындарына айналды. Ондай мысалдарды мыңдап келтіруге болады. Депутаттардың бұл жолғы пікірі орынды. Біздегі бизнес пен биліктің кіндігі бір жерге байланғанын олар жақсы біледі. Ашығын айтсақ, халық қалаулыларының да басым бөлігі сол бизнес пен биліктен келгендер емес пе? Сондықтан, депутаттардың бұл пікірімен келісуге болады...
"Қазақ үні" газеті