Қырымбек Көшербаев Ресейден Байқоңырдағы қазақ мектептерін қайтарып алды
2015 ж. 01 қыркүйек
3572
3
Талай жылдан бері талқыға түсіп келген Байқоңырдағы мектептердің проблемасы оң шешімін тапты. «Жұлдызды қаладағы» 6 қазақ мектебі еліміздің білім беру стандартына көшті, - деп хабарлайды облыс басшысының баспасөз қызметі NUR.KZ интернет-порталына.
Естеріңізде болса, өткен жылы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев Орталық коммуникация қызметінде берген брифингінде осы мәселені өткір көтеріп, қоғамда үлкен талқылауға түскен болатын.
“Қазақтың балалары қазақ мектебінде кітап бетін ашады да менің президентім Путин дейді. Олардың болашағы қалай қалыптасады? Олардан қандай патриот, қандай азамат шығады? Екінші бір проблемасы бар. Олар біздің ҰБТ-ға қатыса алмайды. Соның кесірінен Қазақстанның Жоғарғы оқу орындарына түсе алмайды. Олардың заңды құқықтарына шектеу. Біз бұл мәселені шешуіміз керек”, – деген болатын.
Әкім уәдесінде тұрды. Бүгіннен бастап Байқоңырдағы 6 қазақ мектебі өзіміздің білім беру стандартымен жұмыс істейді. Биыл оқу жылында аталмыш мектептің бірінші сыныбына 642 байқоңырлық бүлдіршін барды.
№277 К.Тоқмұхамедов атындағы мектепті өткен «Алғашқы қоңырау» салтанатты шарасына облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, елбасының атынан бірінші сынып оқушыларына «Менің Отаным – Қазақстан» кітабын табыс етті.
“Биылғы оқу жылы баршамызға үлкен қуанышпен басталып отыр. Өйткені Ресейдің оқу стандартына өтіп кеткен қазақ мектептерін өзімізге қайтарып алдық. Бүгіннен бастап осындағы 6 қазақ мектебі отандық білім беру жүйесімен жұмыс істейді. Бұл Тәуелсіз еліміз үшін және осындағы қаракөз балаларымыздың болашағы үшін маңызды”,- деді Қ.Көшербаев.
Ата-аналардың да қуанышында шек жоқ. Түйткілді проблеманы шешіп берген ел басшылығына алғыстарын айтып жатты.
2015 жылға аталған 6 білім беру нысандарының шығындарына республикалық бюджеттен 982,1 млн. теңге қаржы бөлінді. Мұндағы мектептерге қажетті 90442 дана оқулық толығымен жеткізілген. Бір сөзбен айтқанда, барлық керек-жарағы түгелденді.