Ресейге қарсы санкция алты айға ұзартылды
2015 ж. 23 маусым
1861
0
Еуропа Одағы елдері сыртқы істер министрлері Ресейге Украинадағы жанжалға киліккені үшін салынған экономикалық санкцияларды алты айға 2016 жылғы қаңтардың соңына дейін ұзартуды мақұлдады.
Ресейге санкциялар 2014 жылдың шілде айында Украинадан Қырым түбегін аннексиялап, Украина шығысындағы ресейшіл сепаратистерді заңсыз қолдағаны үшін бір жыл мерзімге салынған.
Наурызда Еуропа Одағы елдері үкіметтерінің басшылары санкциялардың әрекет ету мерзімі ақпан айында Минскіде Украина мен ресейшіл сепаратистер арасында жасалған қақтығысты тоқтату туралы келісімнің орындалуына байланысты анықталады деп шешкен.
Еуропа Одағының өкілі Twitter-де «Еуро Одақ Минск келісімін толық орындату мақстында Ресейге қарсы экономикалық санкцияларды 2016 жылғы қаңтардың соңына дейін ұзартты» деп хабарлады.
Санкциялар Ресейдің энергетика, қаржы және әскери саласына қарсы салынған.
Минск келісімінің біраз талабы әуелде белгілі бір уақытқа орындалғанымен, кейін украин үкіметі әскері мен сепаратистер бір-бірін келісімді бұзып, оқ атты деп айыптап, осы айдың басында екі жақ арасында ұрыс күшейген.
БҰҰ мәліметінше, Украина шығысында қақтығыс басталған 2014 жылдың сәуірінен бері 6 мың 400-ден астам адам қаза тапқан.
Источник: Азаттық