Путин билігі тұсындағы қастандық құрбандары
2015 ж. 05 наурыз
2073
0
Борис Немцов Ресейді Владимир Путин басқарған кезде кісі қолынан қаза тапқан қайраткерлердің қара тізімін толықтырды.
Қастандықпен өлтірілген ресейлік журналист Анна Политковскаяны еске алу акциясында тұрған құқыққорғаушылар. Мәскеу, 7 қазан 2010 жыл.
Ақпанның 27-сі күні Борис Немцовты Кремль маңындағы көпірде атып өлтіріп кетті. Оппозиционер Владимир Путин билігі кезінде қастандық құрбаны болғандардың қаралы тізіміне қосылды. Бұл тізім Путин алғаш билік басына келген кезден бұрын басталатынын айта кетейік.
Саясаткерлер, кәсіпкерлер мен басқа да танымал адамдарды өлтіріп кету Путин билігіне дейін де болған. Бірақ бір айырмасы – 1990 жылдары қаскөйлер қолынан көз жұмғандардың ажалы туралы түрлі жорамалдар айтылса, Путин тұсында режимді сынағандар оққа ұшып жатыр.
Путиннің билігі кезінде қастандықпен өлтірілген тұлғалардың негізгісін атап өтейік.
ВАЛЕНТИН ЦВЕТКОВ
2002 жылғы қазаның 18-і. Қиыр Шығыстағы Магадан облысының губернаторы Валентин Цветковты Кремльден бірнеше квартал қашықтықта мерген атып кетті. Постсоветтік Ресейде алғашқы губернатор болып, күмәнді құрметке ие болған Цветков Тынық мұхиты аймағындағы алтын мен мұнай өнеркәсібіне қатысты қылмыспен күреспек болған еді.
СЕРГЕЙ ЮШЕНКОВ
2003 жылы сәуірдің 17-і күні ресейлік танымал саясаткер, Кремльге қарсы «Либеральная Россия» партиясының жетекшісі Сергей Юшенковты Мәскеудегі үйінің алдында атып кетті.
Ол кезде Юшенков «либерал заңгерлер 1999 жылғы тұрғын үйдегі жарылысқа Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФҚҚ) қатысы бар-жоғын тексерсін» деп талап еткен еді.
300-ге жуық адам қаза тапқан сол жарылысқа билік шешен бүлікшілері айыпты деп, Шешенстанда екінші соғыс ашуға желеу етті. Сондай-ақ Путиннің Кремльді тазалауына көмектесті.
ЮРИЙ ЩЕКОЧИХИН
2003 жылғы маусымның 3-і. Либерал заңгер және журналист Юрий Щекочихин құпия сырқатқа шалдығып, тым қысқа уақытта қайтыс болды. Билік оның ажалы аллергиялық реакциядан болды десе, басқалар 1999 жылғы жарылыс пен басқа да жағдайларды өз алдына зерттемек болғаны үшін өмірмен қоштасты деп санайды.
НИКОЛАЙ ГИРЕНКО
2004 жылы маусымның 21-і күні нәсілшілдік пен ксенофобия жөніндегі ресейлік маман Николай Гиренконы Санк-Петербургтегі пәтерінің есігінен атып кетті.
ПОЛ ХЛЕБНИКОВ
2004 жылғы шілденің 9-ында Ресейдегі Forbes журналының америкалық редакторы Пол Хлебниковты Мәскеудегі кеңсесінен шыққан сәтте атып кетті.
Пол Хлебников сыбайлас жемқорлық туралы жазып жүрген, ал Forbes Ресейдің ең бай адамдарының тізімін жариялаған.
2013 жылы Хлебниковты атты деп айыпталған шешен кәсіпкер-боксшы Казбек Дукузовты Америка «Магнитский заңы» бойынша қара тізімге енгізген.
АННА ПОЛИТКОВСКАЯ
2006 жылы қазанның 7-і күні Ресейдің танымал журналисі және Шешенстандағы мәскеушіл күштердің құқық бұзушылық істерін тізіп жазған Анна Политковскаяны өз үйінің алдында атып кетті. 2014 жылдың маусымында оның қазасына айыпты деп танылған екі ер адам өмір бойы бас бостандығынан айрылды, тағы үш адам ұзақ мерзімге сотталды.
Бірақ оның отбасы журналисті өлтіруге тапсырыс бергендер жазаланған кезде ғана әділдік орнайды деп санайды. Политковскаяның Путиннің туған күні өлтірілуі «президентке сыйлық жасаған» тәрізді көрінді.
АЛЕКСАНДР ЛИТВИНЕНКО
2006 жылғы қарашаның 23-і. Совет қауіпсіздік қызметінің офицері болған, кейін Кремль сыншысына айналған Александр Литвиненко Лондон ауруханасында көз жұмды. Дәрігерлер оның радиоактивті зат – полонийден уланғанын анықтаған.
2000 жылы «Федералдық қауіпсіздік қызметі маған олигарх Борис Березовскийді өлтіруді тапсырды» деп көпшілік алдында мәлімдеген Литвиненко Ұлыбританияға барып бас сауғалады. Кейін ол 1999 жылғы жарылысқа Федералдық қауіпсіздік қызметін айыптаған кітаптың қосалқы авторы болды. Қайтыс болар алдында Литвиненко өзін өлтіруге Путин тапсырыс берді деп мәлімдеген.
Ұлыбритания билігінің дерегі бойынша, қазасынан бірнеше апта бұрын Литвиненко Лондон қонақүйінде ресейлік екі азаматпен бірге шай ішкен, сол шайға у қосылған. Ол екі ресейлік – Андрей Луговой мен Дмитрий Ковтунді экстрадициялаудан Мәскеу бас тартқан еді. 2015 жылдың қаңтарында жария болған Литвиненко ісіне қатысты дерек бойынша, марқұмның жесіріне қорғаушысы «көптеген адамдардың басын қатерге тігіп, үлкен қалада ядролық терроризм жасалған» деген екен.
СТАНИСЛАВ МАРКЕЛОВ ПЕН АНАСТАСИЯ БАБУРОВА
2009 жылы қаңтардың 19-ы күні ресейлік танымал адам құқын қорғаушы Станислав Маркеловты тапа-тал түсте Мәскеудің орталығында атып кетті.
Маркеловтан сұхбат алмақ болып қасында келе жатқан «Новая газета» басылымының жас тілшісі Анастасия Бабурова да жарақат алып, ауруханада көз жұмды.
Маркелов жас шешен қызын өлтірді деп айыпталған ресейлік әскеридің түрмеден мерзімінен бұрын босатылғанына қарсылық білдірген еді. 2011 жылдың сәуірінде әсіреұлтшыл Никита Тихонов пен оның құрбысы Евгения Хасис адвокатты өлтірген деп айыпталып, сотталды.
НАТАЛЬЯ ЭСТЕМИРОВА
2009 жылы шілденің 16-ы күні Шешенстан астанасы Грозныйда жоғалып кеткен Наталья Эстемированың өлі денесі табылды. Құқық қорғаушы белсенділерден құралған «Мемориал» тобының өкілі Шешенстандағы әйелдер құқының бұзылуын зерттеген еді.
«Мемориал» бұл іске жергілікті құқық органдарының қатысы болуы мүмкін дейді. Топ жетекшісі Олег Орлов «Эстемированы өлтірген – Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров» деп мәлімдеді. Осы пікіріне қатысты оның үстінен іс қозғалды, бірақ кейін ол ақталды.
СЕРГЕЙ МАГНИТСКИЙ
Адвокат Сергей Магнитский ресейлік шенеуніктердің салықтан жалтарып, 230 миллион долларды қымқырғанын мәлімдеді. Оның өзіне осындай айып тағылып, 2009 жылы қарашаның 16-сы күні адвокат түрмеде қайтыс болды.
Ұйқы безі сырқатына шалдыққан Магнитскийге уақытша қамау абақтысында тиісті медициналық көмек көрсетілмеген.
Ал Кремльдің адам құқығын қорғау кеңесі оны түрмеде өлімші етіп ұрып-соққан дейді. 2012 жылы АҚШ-та «Магнитский заңы» қабылданды, ол бойынша адам құқығын бұзды деп айыпталған ресейліктерге виза бермейді және жеке шоттарын бұғаттайды. 2013 жылы Мәскеу соты марқұм Сергей Магнитскийді салық төлеуден жалтарғаны үшін айыпты деп таныды.
МИХАИЛ БЕКЕТОВ
Ауқымды сыбайлас жемқорлық туралы жазып жүрген журналист Михаил Бекетов 2013 жылы сәуірдің 8-і күні дүниеден өтті. Бес жыл бұрын оны туған қаласы Химкиде біреулер аяусыз соққыға жыққан еді. Миына ауыр зақым келген Бекетов содан оңалмады. Ол Химки орманы арқылы өтетін Мәскеу – Санкт-Петербург тас жолын салуға қатысты жемқорлықты әшкерелеп мақалалар жазған. Жақтастары оның ажалын сол іспен байланыстырады.
Азаттық тілшілері мен Кэтлин Мурдың мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.
Азаттық радиосы