Меркель Брюссельде өткізген баспасөз жиынында Еуропа елдерінің басшылары Еуропа комиссиясынан Минск келісімі бұзылған жағдайда салынатын санкцияларды даярлап қоюды сұрағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі санкциялар бітім шарттары орындалған жағдайда ғана жойылады.
Франция президенті Франсуа Олланд та осыған ұқсас ескерту жасады. Ол қақтығысты тоқтату келісімінің шарттары бұлжымай орындалса салынған санкцияларды біртіндеп жеңілдету процесі басталатынын айтты.
Олландтың сөзінше, әзірге Мәскеудің тапсырысымен Францияда жасалған "Мистраль" тікұшақ тасығышын Ресейге беруге себеп жоқ.
Еуропа Одағы өткен жылы Қырымды аннексиялаумен және Шығыс Украинадағы қақтығысқа қатысы бар ресейлік шенеуніктер мен сепаратистер жетекшілерінің активтерін бұғаулап, Еуропаға баруына тыйым салған.
Бұған қоса ресейлік компаниялардың Еуропа қаржы қорларына шығуына шектеу қойылған.