Дос Көшім: “Беті ашылған” Ресей жан-жағындағыларды “жей” бастады
2014 ж. 16 сәуір
3604
6
Украина және Ресей арасындағы текетіресті қарым-қатынас күннен күнге шиеленісуде. Орыс аналитиктерінің пікірінше, Украина –Ресей конфликтісі шарықтау шегіне жетті. Мұның бірінші себебі, осы уақытқа дейін Украина мен Ресей тығыз байланысты болып келді. Сондықтан, алдағы уақытта барлық салада байланыстың үзілуі екі елге кедергілер келтіруі мүмкін. Екіншіден, Ресей тарапы тағы да “Украинаның оңтүстік және шығыс аймақтарындағы орыстарды қорғау” деген сылтаумен, Украинаның территориясына “қол сұғуы” ғажап емес. Үшіншіден, Украина АҚШ -қа арқа сүйеп отыр. Төртінші, бесінші… Алайда, қазіргі ішкі жағдайы тұрақсыз болып отырған Украинаның Ресеймен күресуге мүмкіндігі бар ма? Бұл қақтығыстың соңы неге апаруы мүмкін?Және Ресейдің “№1″-ші одақтасы - Қазақстанға, яғни біздің елге қандай әсері болмақ?
Осы және өзге де мәселелер хақында белгілі саясаттанушы, «Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы Дос Көшімнің пікірін білген едік…
Украина мен Ресей арасындағы қарым қатынастың әлсіреуі 2004 жылдардан басталды. Саясаттану ғылымында «агент влияния» деген түсінік бар. Янукович Ресей мен Украина арасында сол «агент влиянияның» рөлін ойнады. Янукович арқылы Ресей өз саясатын жүргізуге талпынды. Бұл Янукови чтың билікке келуімен басталған Ресей жоспары деп ойлаймын. Ал, қазір бұл мәселе өзінің шарықтау шегіне жеткен секілді. Ресей Қырымды алатын кезде оның билігі де, халқы да, оппозициясы, зиялы қауымы – бәрінің бірге қолдап, бір тудың астына біріге қалғаны қауіпті секілді. Бұл болмаған жағдай. Ресейдің Қырымды жаулап алуды ерте бастауының тағы бір дәлелі, Украинадағы тәртіпсіздікті жасағандардың бәрі «Свобода» партиясының өкілдері. Бұлар «әсіре ұлтшылдар» деген атақ таққан бұрынннан бар, бірақ халықтан қолдау таппаған партия. Янукович келген соң, бірден қолдауға ие болып, өсе бастады, «секіріп» шықты. Бұл партия ертерек және әдейі дайындалды. Демек, Ресейдің «арнайы органы» ретінде қалыптасып, кейін «бұзақы» деп көрсету үшін арнайы жасақтады. Бұл да сценарийдің бір бағыты, бұрыннан жоспарланған мәселе. Біз «Ресей -Украин территориясын басып алды» деп шулап жатырмыз. Бірақ қуанарлық бір жайт бар. Бұл Украинаның енді Кеден Одағына, Еуразиялық Одаққа кірмейтіндігі. Демек, Украина кірмесе, Ресейдің ойы, империяшыл пиғылы жүзеге аспайды. Кішігірім елдермен ғана шектеліп қалатын болды. Ал, Украина кірер болса, ол кәдімгідей державалық сипат алатын еді. Сондықтан, Украина елінің, жерінің бір бөлігін құрбан ете отырып, бізді де құтқарып қалуға себін тигізді деп ойлаймын. Сондықтан, бұл бір жағынан үлкен жеңіс. Жеңіске бәрібір бірнәрсе беру керек. Мені алаңдататын мәселе – Ресейдің «қаймақтарының» бәрі: зиялы қауымы, өнер адамдары, оппозициясы түгелдей бір күннің ішінде державалық бағытқа кеткені. Тек Макаревич секілділердің айтқаны ғана болмаса, басқалары іштей қолдамайтындар болса да, көпшіліктен көрінбей қалды. Дегенмен, Ресей 99% бір жаққа шыққаны бізді шынымен тіксінтіп тастады. Ең соңғысы, дәл осы сценарий Қазақстанда бастала бастады. Қазір «Ұлт тағдырының» облыстардағы филиалдары бізге хабарлап жатыр. Облыстардың бәрінде осы бағыт басталды. Бұрыннан бері Ресей тарапынан олардың идеологиясын насихаттауға ақша бөлінетін. Қазір мұның жаңа бағыты пайда болды. Бұл бұрын кеңес үкіметін аңсайтын егде адамдармен жұмыс істейтін болса, қазір жастарды үгіттей бастады. Мұндай насихатты «Наша газета», «Мы русские, мы словяны» сайттарынан ашық көруге болады. Өскемен, Қарағандыда да мұндай кездесулер болды. Қысқасы, біздің орыстілді облыстарда қозғалыс бар. Демек, белсенді түрде бізге жоспар дайындалуы мүмкін, бұл Ресей саясатының бір көрінісі. Өкінішке орай, бізде оған қарсы тұратын күш жоқ. Меніңше, Украин халқы Қазақстан халқының оларға қандай баға берітінін білуі керек. Біздің жазған мақалаларымызды, үндеулерімізді Украина баспасөзіне жіберуіміз қажет. Осындай мәселелерді мүмкіншілігіміз болса, Украинаға қарапайым халқымыздың «Біз сіздермен біргеміз» деген секілді ойын жеткізу керек. Ресей-Украина мәселесі ғаламдық деңгейде болғаннан кейін халықаралық ұйымдардың, АҚШ-тың, Еуроодақтың келесі қадамдарына тікелей әсер ететін болады. Олардың Ресейге қарсы іс-әрекеттеріне, санкцияларына менің қарным ашып отыр. 33 адамды Америкаға бармайтындай етіп, олардың активтерін жауып тастауы баланың ойыны секілді болып көрінеді. Себебі, дәл мынадай жағдайда батыс одан гөрі қатқыл іс-әрекеттерге баруы керек еді. Түсінемін, соңғы кездегі экономикалық дағдарысқа байланысты шығынға барғысы келмейді. Өйткені, бәрібір қарама-қарсы олардың да жоғалтары бар. Бірақ, салыстырып қарасақ, дүниежүзілік жалпы тауар жөнінен Ресей 1,5% болса, АҚШ пен Еуропада 51 %. Сондықтан, олар 2-3% төмендесе де, бірақ бәрібір сол қадамға баруы керек еді. Сол кезде ғана Ресейді «жазалаған» болар еді. Екінші мәселе, КСРО құрамында болған мемлекеттердің бәрі екі ұдай күйде қалды. Олар да ашып айтуы керек, Украинамен араздыққа барып отырғанда, басқа елдер де секеммен қарап, шындығын ашып айтып, сондай конфликтке баруға тырысуы керек. Себебі, Ресей жан-жағынжағылардың бәрімен соғыса алатын деңгейде емес. Күтіп отыра берсе, ол ақырындап «жей» бермекші. Бір рет “беттері ашылған” соң, неге болса да барады. Ал, қазіргі кезде қауіп күтіп отырғандар (оның ішінде біз де бармыз), өздерінің ойын ашық айтатын болса, өздерінің содан алған сабақтарына байланысты ішкі жағдайды дұрыстауға, қалыптастыруға жағдай жасауы керек. Сондықтан, мәселе екі нәрсеге байланысты шешімін табады: Ресейдің көршілері – посткеңестік елдер және батыстың өте қатаң түрдегі көзқарасы. Егер ондай нәрсе болмаса, Ресей біраз нәрсені бүлдіреді. Ресейдің бюджеті Нью-Йорктің бюджетімен тең. Әлем Ресейді үлкен ел, держава секілді қарайды. Ал, шын мәнінде қирап бара жатыр. Менің ойымша, Путинге осы іс-әрекеттер керек. Себебі, ақшаны сол жаққа аударып жатырмыз деген секілді сылтау табуы мүмкін. Егер Батыс нақты шаралар жасайтын болса, Ресейді экономикалық тұрғыда тізерлетуге толық күштері бар. Бірақ, неге екенін қайдам, батыс ол қадамдарға барып отырған жоқ. Тағы бір көңіл бөлерлік жайт, Қытай позициясы. Қытай бұл мәселеге қатысты тұрақсыздық көрсетті. Олардың абайлап қадам жасауына өздерінің ішкі мәселелері: Тибет, ұйғыр мәселелері бар. Алғашында Ресейді жақтаса, кейінірек халықаралық нормалар сақталуы керек деп бұра тартты. Қытайға АҚШ-қа жалғыз қарсы тұрғаннан гөрі Ресеймен бірлесу керек. Бірақ Ресейдің құрдымға кетіп бара жатқанын көргеннен кейін, оған тым жақындай беруге де жүрексінеді. Украина жағдайы бізге ықпал етуі мүмкін. Себебі, осында айтылған барлық мәселелер, критерийлер Қазақстанға тікелей қатысты. Біздегі қиыншылығы – бізде орыстардың өптігі, екіншіден біздегі диаспораның бәрі орыстілді және орыстың жағына шығатыны. Қысқасы, 4 млн. Орыс, 2 млн. Диаспора, қысқасы 6 млн. Сондықтан, біздегі жағдай екі есе қиын.Жазып алған,"Қамшы" порталы