СЫРТҚЫ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ СЫРТТЫҢ МҮДДЕСІН ҒАНА ОЙЛАЙ МА?!.

ydyrysov Қазақстан "Қырымды жаулаған" Ресей Федерациясының шешіміне түсіністікпен қарайды екен...  Сенбесеңіз, еліміздің Сыртқы істер министрлігінің  Қырымға байланысты мәлімдемесін оқып көріңіз.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Қырым Автономиялық Республикасындағы референдумына қатысты мәлімдемесі

2014 жылы 16 наурызда Қырым Автономиялық Республикасында референдум өткізілуіне байланысты Қазақстан БҰҰ Жарғысына сәйкес халықаралық құқықтың іргелі қағидаттарына өзінің берік ұстанымын тағы да атап өтеді. Қазақстанда Қырымда өткен референдумды осы Автономиялық Республика халқының өз қалауын еркін білдіруі ретінде қабылдады және қалыптасқан жағдайда Ресей Федерациясының шешіміне түсіністікпен қарайды.Біз Украинаның дағдарыстан бейбіт түрде шығуын және оны БҰҰ және басқа да беделді халықаралық ұйымдардың қолдауымен келіссөздер арқылы еңсеруін қалаймыз.

    Сонда қалай, Ресейдің Қырымды жаулап алуын мойындамай, "заңсыздық" деп мәлімдеген әлемдегі барлық алдыңғы қатарлы алпауыт мемлекеттер ақымақ та, біз ғана "ақылды", "көреген", "саясаткер" елміз бе?  ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТІ  ТАЛАЙ ҒАСЫРДАН КЕЛЕ ЖАТҚАН ДАМЫҒАН ЕЛДЕРДІҢ РЕСЕЙДІҢ БАСҚЫНШЫЛЫҒЫН МОЙЫНДАМАУЫ ҚАТЕЛІК БОЛЫП, БІЗДІКІ ҒАНА ДҰРЫС БОЛҒАНЫ МА, ҚАЛАЙ?.. Айтқан жерден аулақ, "Өгізге туған күн бұзауға да туып", ертең олар біздің орысы көп өңірімізге "референдум өткіземіз" десе де, "түсіністікпен қараймыз ба?!."  Жоқ, ең болмаса, үндемей-ақ қоя салсақ, біреу бізді буындыра ма?..  Қарапайым сөзбен қазақшалап айтқанда, бұл өзіміздің ұлттық мүддемізді қорғау емес... Ресейдің тәуелсіз Украинаның құрамындағы Қырымды жаулап алған басқыншылық мүддесіне иілу ғой... Сонда Сыртқы істер министрлігі сырттың мүддесін ғана ойлай ма? Жеке тұлғаға көп нәрсе байланысты екенін еске алсақ, бір ауыз қазақша білмейтін қазақтың Сыртқы істер министрі (мұндай масқара әлемде тек Қазақстанда ғана болады...)  Ерлан Ыдырысовтан бұдан артықты күтудің де қажеті жоқ қой деймін...  Оның  кезінде "миымды ауыстырмасаңдар, қазақ тілін үйрене алмаймын" - деп парламентте мәлімдеп, өз қара басының қамы үшін, елшілік туралы заңнан  "елшілік қызметкерлерінің мемлекеттік тілді білуі міндетті "деген бапты алғызып тастап, елімізге зор зиянын тигізгені белгілі... "ЖОҚ, БҰЛ ШЫНДЫҚ ЕМЕС, МЕН БҰҒАН КЕЛІСПЕЙМІН"- ДЕП, ӨЗ ЕРКІМЕН ОТСТАВКІГЕ КЕТКЕН   ЛАУАЗЫМДЫ ТҰЛҒА БІЗДЕ БОЛҒАН ЕМЕС...  Ал біз көзсіз еліктеп, сөзсіз бас ұратын Ресейдегі  орыстың  көрнекті  жазушысы Константин Паустовскийге сүйенсек,  "АНА ТІЛІН БІЛМЕЙТІНДЕР ОТАНҒА ҚАУІПТІ!.." Қазыбек ИСА www.qazaquni.kz