Ресейдің бірнеше мемлекетке бөлінуі мүмкін бе?
2014 ж. 26 ақпан
4009
3
Кеңестер Одағы ыдырағалы бері Ресей өзінің ықпалындағы біраз елден айрылып қалды. Әлемдік сарапшылар Украинадағы бірнеше айға созылған Майданды соның тағы бір дәлелі ретінде таласа жазуда. Десе де, Украинаның тағдыры қыл үстінде тұр. Кейбір саясаткерлер «бұл Майданның соңы Украинаны екіге бөліп тынуы мүмкін» деседі. Сондай-ақ, бұған кереғар пікірлер де жоқ емес. Ол пікірлердің дені украин халқының серпілуі Ресей ішіндегі аз ұлттардың һәм ықпалындағы өзге де мемлекеттердің ұлттық рухының оянуына түрткі болғанын айтысады. Бұл айтылған ой қаншалықты орынды? «Алаш айнасы» сарапқа салып көрген болатын.
Ресей жер көлемі жағынан әлемде бірінші орын алатын – алып держава. Халық саны бойынша 142 млн. тұрғыны бар көршіміз Қытай, Үндістан, АҚШ, Индонезия, Бразилия, Пәкістан, Бангладеш және Нигериядан кейінгі 9-орын алады. Бүгінде бұл федерация құрамына 21 республика кіреді. Осы 21 республиканың барлығы дерлік ұлттық мемлекеттік құрылым саналады. Осыған дейін аталған 21 республиканың бәрі болмаса да, тең жарымы тәуелсіздік алуға талпынатыны жазылып келген болатын. Сарапшылар Украинадағы жағдайдан кейін сол үрдіс жеделдеуі мүмкін екенін тілге тиек етеді. Неге?
Дәурен Бабамұрат, «Болашақ» республикалық қозғалысының лидері:
– Бұған дейін Ресей біртұтас Грузияны бөлгенін білеміз. Егер көрші Ресей сол саясатты тағы да ұстанып, Қырымға әскер кіргізіп, Украинаны екіге бөлуге тырысса, әлем алпауыттары қарап отырмайды деп ойлаймын. Олар астыртын ұйымдары арқылы Ресейдің автономиялы республикаларына қозғау сала алады. Мысалы, әлемдік қауымдастық әлемдік нарықтағы мұнайдың бағасы күрт төмендете салады делік. Ресейде әлеуметтік жағдай ушығады да, әр республика өзінің дербес ел болу мәселесін қойып, тәуелсіздікке талпынады. Олардың біразы онсыз да тәуелсіздігін жариялау жолында күресіп келеді. Мысалы, әлеуметтік ахуалы тұрақты Татарстан: «Біз неге бүкіл Ресейді немесе басқа республикаларды бағуға тиіспіз. Біз референдум өткізу арқылы бөлінеміз» демесіне кім кепіл? Ресей – федеративті ел. Демек, заң бойынша кез-келген республика мұндай талап қоя алады. Егер де, тура осындай бастама көтерілсе, әлемдік қауымдастық қолдап, аз ұлттарға мүмкіндігінше болысады. Тіпті, Ресейдің Грузияға, Украинаға жасаған саясатын бетіне басу арқылы Ресейді бөліп, әлсіретуге барын салары хақ.
Шынын айту керек, ТМД елдері тәуелсіздік алғанға дейін Ресей негізінен Орталық Азиядағы және басқа да бұрынғы социалистік елдерді жұмса жұдырығында, ашса алақанында ұстады. 1991 жылы КСРО ыдырап, тәуелсіздік алған елдер әлемдік саясатта өз бетінше дербес қимылдай бастады. Осыны тиімді пайдаланған АҚШ пен Қытай секілді алпауыт елдер ықпал аймағын кеңітіп, ресми Мәскеудің бәсекелесіне айналды. Мамандар осы бәсеке түбінде сырты былай қойып, қазіргі Ресейдің шаңырағын шайқалтатынына сенімді.
Сарапшылар: «Ресейдің ыдырауына негізінен үш мәселе себеп болуы мүмкін. Оның екеуі табиғи үрдіс арқылы келсе, бірі сыртқы күштердің ықпалымен жүзеге асады» дейді. Бірінші табиғи себеп: соңғы онжылдықта Ханты-Манси, Ямал-Ненец, Таймыр сияқты автономиялық округтерінде, Саха секілді бірнеше ұлттық республикаларда туу көрсеткіші өте жоғары, өлім-жітім аз. Ал, негізінен орыс ұлтының өкілдері шоғырланған елді-мекендер мен жалпы орталық Ресейде туу көрсеткіші төмен. Бұл Ресейдегі аз ұлттардың көбеюіне, орыстардың санының кемуіне ықпал етеді.
Екінші себеп, Ресей федерациясында мұсылмандар санының күрт өсіп бара жатуы. Бұл түркі халықтарының тәуелсіздікке жетуіне мол мүмкіндік туғазады. Қазір ресми дерек бойынша Ресей халқының 15 пайызы мұсылмандар. Алдағы 20 жылда олардың елдегі үлес салмағы 25-30 пайызды құрауы мүмкін.
Айдос Сарым, саясаттанушы:
– Алпауыт империялардың аяқ-асты қирап кетуі әбден мүмкін екенін тарихтан білеміз. Ресей империясының құлдырау, тарау тенденциясы әлі аяқталған жоқ. Ол алдағы 10 жылда ма, жоқ әлде 20 жылда ма, әйтеуір бір келеді деп ойлаймын. Мәселен, 1970-1980 жылдарда Кеңестер Одағы ыдырайды деген болжамдар болған. Оған ешкім сенбеген-ді. Дәл қазіргі жағдайда да сондай болжамдар айтылып жүр. Егер де Ресей Украинаға немесе аз ұлттарға қатысты озбыр саясатын өзгертпесе, бұл болжамдарды жақындата түсетіні анық. Мысалы, қазір Ресейдің 15 пайызы мұсылмандар. Кейбір дерек көздері туу һәм өсу көрсеткішіне сүйеніп, алдағы жиырма жылда олардың саны 25-30 пайызға жететінін айтады. Осының өзі Ресейдің саясатын күрт өзгертуі мүмкін. Менің ойымша, қазір Ресейдегі түркі тілдес елдердің арасында Татарстан тәуелсіздік алуға дайын тұр. Бұл елдің экономикасы, мәдениеті, руханияты, жалпы егемендікке қажетті барлық құндылықтары жеткілікті деңгейде дамыған. Бұл орайда айта кететіні, қазақ зиялылары түбіміз бір башқұрт, қарашай, татар, ноғай, балқар, саха секілді елдердің ұлт-азаттық қозғалыстарын қолдауға толық құқы бар. Бұл өз туыстарымызға деген жанашырлықты білдіреді.
Үшінші себеп, сыртқы күштердің ықпалы екенін айтқан болатынбыз. Мәселен, біраз уақыт бұрын АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының сарапшылары 2015 жылға қарай Ресей 6 немесе 8 мемлекетке ыдырап кететінін айтқан еді.
Орталық барлау басқармасының болжамына сүйенсек, біріншіден Ресейдегі қазіргі таңдағы қалыптасқан экономикалық жағдайды төмендеп барады. Екіншіден, алып державаның ғылыми, техникалық және адам тұрғысынан алғандағы әлеуеті тым әлсіз. Үшіншіден, ішкі қайшылықтары үдей түсуде. Төртіншіден, қазба байлықтары мол һәм Ресейдің 1/3 бөлігін алып жатқан бір ғана Сібірдің өзінде мемлекет халқының бес-ақ пайызы тұрады. Ұлбыританияның бұрынғы премьер-министрі Маргарет Тэтчер: «Сібір сияқты алып аймақтың Ресей сияқты бір ғана мемлекетке қарағаны – әділетсіздік» – дегені тағы бар.
«Алаш айнасының» анықтамасы
Қазір Ресей Федерациясында 21 республика бар. Осы 21 республи-ка Ресей аумағының 28,6 пайызын алып жатыр, мұнда, жалпы, елдегі халықтың 16,9 пайызы мекендейді. Бұл республикалар ұлттық-мемлекеттік құрылым болып табылады, яғни Ресей құрамында бола тұра, белгілі бір халықтың (халықтардың) мемлекеттілігін көрсетеді. Олар: Адыгея, Алтай, Башқұртстан, Бурятия, Дағыстан, Ингушетия, Кабарда-Балқар, Қалмақстан, Қарашай-Черкесия, Карелия, Коми, Марий Эл, Мордовия, Саха, Солтүстік Осетия, Татарстан, Тыва, Удмурт, Хакасия, Шешенстан, Шуаш республикалары.
Әрине, орыс ұлтшылдары мұны көрмей отыр дей алмаймыз. Мәселен, ресми Мәскеудің көп ұзамай мемлекеттік басқару жүйесінде үлкен реформа жасағысы келетіні айтылуда. Егер де ол реформа басталса, көрші елдегі федеративтік басқару жүйесі құрдымға кетіп, ұлттық аймақтар, ұлттық республикалар жойылып, АҚШ-тағыдай аумақтық штаттар пайда болады деген сөз. Мұндай жағдайда қазірдің өзінде-ақ, өз шекараларын анықтап, ұлттық мүдделерін Кремльдің алдына мәселе етіп қоя бастаған Татарстан, Башқұртстан және Қап тауында жатқан бірқатар республикалар қарап жатпасы белгілі.
«Алаш айнасының» түйіні
Көрші елдің шаңырағының шайқалып, шайқалмауы тәуелсіз қазақ еліне әсер етпейді. Бұған мүдделі де емеспіз. Өкініштісі сол, Ресейдің ішкі «ауруы» осылайша асқынып тұрған кезде Лимонов, Жироновский секілді «сойқан» саясаткерлер екі ел арасын арандату үшін ойына келгенін айтып, қазақ ұлтының намысын таптауда. Ал, ресми тұлға саналатын Мемлекеттік Дума аппараты жетекшісінің орынбасары Юрий Шувалов Қазақстан мен Ресей арасындағы жақсы қарым-қатынастың сақталуын жақтаймын деуден әріге бара алмай отыр. Тіпті, ол қазақ елінің біртұтастығына қауіп төндіретін пікірлерді даттаған да, жақтаған да жоқ. Бұл ненің белгісі? Бәлкім, АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының сарапшылары айтқан 2015 жылға қарай Ресей 6 немесе 8 мемлекетке ыдырап кетеді деген пікірінің шындыққа айнала бастағанының көрінісі шығар...
"Алаш айнасы"