Жириновскийдің қазақ жеріне келуіне тыйым салынсын!
2014 ж. 25 ақпан
3116
12
ҚР Сыртқы істер министрлігі РЛДП фракциясының көшбасшысы Владимир Жириновскийдің мәлімдемесіне қатысты түсініктеме берді.
2014 жылғы 23 ақпан күні Мәскеуде Ресей Либерал-демократиялық партиясы (РЛДП) фракциясының төрағасы, Ресей Федерациясы Мемлекеттік кеңесінің мүшесі Владимир Жириновский митингіде сөз сөйлеген кезінде Орталық Азия мемлекеттерін, соның ішінде Қазақстанды Ресей Федерациясының құрамына кіргізуге шақырған болатын. "Жириновский мырза - ресми тұлға, РФ Мемлекеттік Думасының депутаты, ірі саяси партияның басшысы. Оның үстіне, бұл саясаткер біздің елімізге қатысты жол берілмейтін мәлімдемелерді бірінші рет айтып отырған жоқ", - делінген мәлімдемеде. Осындай жоғары мемлекеттік лауазымдарға ие адам өзінің көпшілік алдында жасайтын мәлімдемелеріне үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. "Біз осыған дейін бірнеше рет мәлімдегендей, Қазақстанның егемендігіне, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына қол сұғуға жол берілмейді және мұндай әрекеттер Қазақстанның мемлекеттік органдары тарапынан шешімді түрде жауап алатын болады", - деп атап өтті ҚР СІМ. Осыған орай, ҚР сыртқы саясат ведомствосы РФ Сыртқы істер министрлігі атына ресми нота әзірледі. Онда қазақстандық тарап "Қазақстан мен Ресей арасында қалыптасқан одақтастық рух пен стратегиялық әріптестік қарым-қатынасына Жириновскийдің сөздері қаншалықты сәйкес келетініне ресми баға беруі" сұралды. Қазіргі таңда ҚР Сыртқы істер министрлігі Жириновскийге қатысты дипломатиялық сипаттағы арнайы шараларды қолдану мүмкіндігін қарастыруда.Қазақпарат